Баспанаға мұқтаж 610 түркістандық отбасы қоныс тойын тойлайды

8 Желтоқсан 2021, 20:02
829
Бөлісу:
Баспанаға мұқтаж 610 түркістандық отбасы қоныс тойын тойлайды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан қаласындағы әкімшілік-іскерлік орталығы аумағындағы 14 көпқабатты тұрғын үйдің 763 пәтері «Отбасы банк» АҚ арқылы және көпқабатты 3 тұрғын үйдің 151 пәтері «7-20-25» бағдарламасы арқылы кредиттік жүйемен сатылымға қойылды. 

Түркістан қаласындағы көпқабатты үйлердің құрылысы мен аумағын абаттандыру жұмыстары туралы Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен апталық мәжілісте талқыланды.

Желтоқсан айының соңына дейін 610 пәтер Түркістан қаласының тұрғын үйге мұқтаж отбасылар тізіміне тіркелген көпбалалы және әлеуметтік әлсіз топтағы отбасыларға кезек ретімен баспана беру жоспарлануда. Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбековтың баяндауынша, Түркістан қаласы әкімшілік-іскерлік орталығында бюджет есебінен 7, 9 және 12 қабатты 67 тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен бірге жаңа үйлердің аулалары абаттандырылып, балалар алаңқайлары салынуда.

Отырыста «Ауыл – ел бесігі» жобасының іске асырылу барысы баяндалды. Ауыл халқының тұрмысын көтеру үшін қолға алынған «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Түркістан облысының 86 ауылдық елді мекенінде 316 жоба іске асырылуда. Ол үшін Ұлттық қордан, республикалық және облыстық бюджеттерден жалпы 16,3 млрд теңге бөлінген. Жобаларды іске асыру барысында 2 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. Түркістан облысының стратегия және экономикалық даму басқармасының басшысы Қанат Қайыпбектің айтуынша, биыл 291 нысанды пайдалануға тапсыру жоспарланса, 25 нысан келер жылға өтпелі. Бүгінгі таңда 230 нысанның жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді.

Жыл басынан бері 8 мектептің қосымша құрылысы жүргізіліп, 10 мектеп күрделі жөндеуден өтуде. Бір дәрігерлік амбулатория салынып, 4 денсаулық сақтау нысаны күрделі жөндеуден өтті. Екі спорт нысаны, 2 мәдениет нысаны, 15 табиғи газбен қамтамасыз ету нысанының құрылысы жүргізіліп жатыр. Сонымен бірге 13 электр қуатымен жабдықтау нысандары салынып, 261 ішкі көше орташа жөндеуден өтті. «Ауыл – ел бесігі» жобасының іске асырылу барысы тұрақты бақылауға алынған.

Өзгелердің жаңалығы