ШҚО-да оңтүстіктен көшіп барған 60 отбасы баспаналы болды

1 Қаңтар 2019, 15:07
3338
Бөлісу:
ШҚО-да оңтүстіктен көшіп барған 60 отбасы баспаналы болды
Фото: elucabista.com

ШҚО, baq.kz. Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Шемонайха қаласында салтанатты жағдайда 60 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл туралы "Дидар" газеті жазды.

Жаңа пәтер кілттеріне «Нәтижелі жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында аудан орталығына еліміздің оңтүстік өңірлерінен көшіп келген 60 отбасы ие болды. 

«Элхон строй» ЖШС салған нысанның жалпы құны 675 миллион теңге болыпты. Бес қабатты тұрғын үйдегі пәтерлер кең әрі жарық. Мәселен, бір бөлмелі пәтердің аумағы 45,6 шаршы метрді құраса, екі бөлмелінікі – 58,36, үш бөлмелінікі – 73 шаршы метр. Үйлер сантехника, электр плиталары және жиһазбен жабдықталған. Әрқайсысында кең балкон немесе лоджия бар. Подъездердің кіреберісінде мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған пандустар да салынған.

Салтанатты іс-шараға қатысқан облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Елена Старенкова еліміздің өзге өңірлерінен қоныс аударған отандастарымызды баспанамен қамту мемлекетіміздің әлеуметтік саясатының негізгі бағыттарының бірі екенін атап өтті.

"Шығыс Қазақстанға таяуда ғана көшіп келген отандастарымызға айтарымыз, біздің өлкенің климаты қатал болғанымен, жеріміз шұрайлы, халқымыз шырайлы. Жаңа қоныстарыңыз құтты-берекелі болсын!" - деді басқарма басшысы.

«Элхон строй» серіктестігі құрылыс учаскесінің басшысы Айдар Жұмақанов тұрғындарға үйлері сапалы әрі заманауи технологияларды пайдалана отырып салынғанын жеткізді. Ол сондай-ақ, тұрғындардың бірі Хаятолла Бекеновке салтанатты жағдайда үйдің естелік кілтін тапсырды.

Бұдан кейін Елена Старенкова мен аудан әкімінің міндетін атқарушы Дмитрий Горьковой Алтынбек Әбділманов, Әзизбек Пірімқұлов, Ақбар Ешметов, Гүлзира Құрымбаева, Ғалия Байжігітова сияқты тұрғындарға пәтер кілттерін берді.

Ал аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру бөлімінің басшысы Наталья Банникова пәтер кілттеріне ие болған отбасылардың мүшелері бүгінде Шемонайха ауданының денсаулық сақтау, білім, құрылыс және мәдениет салаларында еңбек етіп келе жатқанын мәлім етті. Айта кетейік, жаңадан қоныстанған отбасылар бес жылдан кейін пәтерлерін сатып алу мүмкіндігіне ие болмақ.

Естеріңізде болса, бұған дейін ШҚО-лық кәсіпкер жас мамандарға баспана салып бергені туралы жазған болатынбыз.

 

Өзгелердің жаңалығы