Бас жаңалықтар
Баспана жалдау ақысын субсидиялау мөлшері қанша?
Сұхбат
17 Қыркүйек 2021, 14:50 239

Баспана жалдау ақысын субсидиялау мөлшері қанша?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елімізде Тұрғын үй қорын басқаратын Тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторы құрылды. Бұл бағыттар бойынша қандай жұмыс атқарылып жатқаны жөнінде Құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық істер комитетінің басқарма басшысы Әзімбек Нәлібаевпен сұқбаттастық.

- Тұрғын үй саясатының жаңа тәсілдері бойынша баспананы жалдау ақысын субсидиялау және оның мөлшерін белгілеу көзделген бе?

- Жалдау ақысын субсидиялау тетігін іске асыру үшін «Отбасы банк» өкілеттіктерін күшейту ұсынылады. Бұл тетікте жалға берілетін тұрғын үй пулдарын қалыптастыру арқылы жалға алушылармен келісімшарттар жасай отырып, Тұрғын үй қорын басқаратын Тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторы іске қосылады. Жеке Тұрғын үй қоры бойынша 1 шаршы метрге жалдау ақысының бір бөлігін субсидиялау ұсынылады. Мәселен, Алматы қаласы үшін 0,55 АЕК-ке дейін, ал Нұр-Сұлтан қаласы мен оның маңындағы аудандар үшін 0,5 АЕК мөлшерінде жалға алу ақысын субсидиялау жоспарланған.

- Елімізде баспана алуға ниетті қанша адам кезекте тұр? Табыс деңгейі төмен қандай адамдар тұрғын үймен бірінші қамтамасыз етіледі?

- Тұрғын үй алуға кезекте тұрған азаматтардың саны жыл сайын орта есеппен 50 мыңға артып келеді және бүгінде 562 мың адамды құрайды. Тұрғын үйді жалға алуды субсидиялау тетігі арқылы отбасы мүшелерінің әрқайсысының табысы күнкөріс деңгейінен төмен 185 мың адам, негізінен көп балалы отбасылар, жетім балалар, мүгедек балалары бар отбасылар және халықтың әлеуметтік осал топтары тұрғын үймен қамтамасыз етілуі тиіс.

- Бағдарлама аясында алдағы жылдарға қандай жоспарларыңыз бар?

- Алдағы 5 жылда табысы төменгі күнкөріс деңгейінен төмен кезекте тұрған 185 мың адам қолдауға ие болады. Тетікті іске асыру үшін жыл сайын «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша көзделген ағымдағы бюджетті ЖАО-ның жалға берілетін тұрғын үй құрылысына 100 млрд теңгеден астам сомада қайта бағыттау ұсынылып отыр. Бұл қысқа мерзімде кезекке тұру көлемін ұлғайтып, жыл сайын жеке құрылыс салушылармен 37 мың пәтер салуға мүмкіндік береді. Алдағы 5 жылда жыл сайын жалпы сомасы 520 млрд теңгені құрайтын жеке инвестициялар тартылатын болады.

- Тұрғын үй саясатына жаңа тәсілдерді енгізу мақсатында заңнамаға қандай өзгерістер енгізілуі мүмкін?

- Бұл механизмді іске асыру «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы заңының жобасы шеңберінде көзделген. 20 тамыз күні аталған заң жобасы Үкіметке енгізілген болатын. Биыл 2 тамызда заң жобасы мемлекеттік органдардың ескертулері мен ұсыныстарын ескере отырып, қайта келісуге жіберілді. Барлық мақұлдау рәсімінен өткеннен кейін заң жобасы белгіленген тәртіппен Парламентке енгізілетін болады. Заң осы жылдың соңына дейін қабылданады деп жоспарланған.

- Сұқбатыңыз үшін рақмет!




Фото: ашық дереккөз
Загрузка...