«Баспана хит» пен «7-20-25» бағдарламасын қаржыландыру тоқтатылады

19 Мамыр 2021, 18:37
1439
Бөлісу:
«Баспана хит» пен «7-20-25» бағдарламасын қаржыландыру тоқтатылады

 

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жеңілдікпен кредиттеу, ҚЗЭ, «Баспана хит» бағдарламаларын қаржыландыру 2021 жылы, ал «7-20-25» бағдарламасын қаржыландыру 2022 жылы аяқталады деп жоспарлануда.

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова Алматыда өтіп жатқан «Cfo Idea exchange & networking» саммитіне қатысты. Өзінің баяндамасына қаржы реттеушісінің басшысы қаржы нарығын дамытудың негізгі міндеттері мен оны дамытудың негізгі бағыттары жайында айтып берді.

Әбілқасымованың айтуынша, агенттіктің, Үкіметтің және Ұлттық банктің пандемия кезеңіндегі әрекеттері күйзелістердің экономикаға және қаржы жүйесіне әсерін жеңілдету мақсатында дағдарысқа қарсы шаралар кешенін іске асыруға шоғырландырылды. Дағдарысқа қарсы шаралардың жалпы топтамасы еліміздің ІЖӨ-нің 9%-н құрады, оның 4,3 трлн теңгесі республикалық бюджет қаражатының есебінен және 2,1 трлн теңгесі Ұлттық банк қаражатының есебінен бөлінді.

Пандемия мен карантиннің кезекті толқынын ескере отырып Мемлекет басшысы дағдарысқа қарсы жекелеген шаралардың мерзімін ұзартуды тапсырды. 2021 жылғы 1 сәуір – 1 шілде аралығындағы кезеңге экономиканың зардап шеккен секторларындағы ШОБ субъектілері үшін кредиттер бойынша төлем мерзімін кейінге қалдыру мүмкіндігі берілді. Енді микро- және шағын бизнес субъектілері үшін төлем мерзімін кейінге қалдыру мүмкіндігі олардың қаржылық жағдайы бағаланғаннан кейін автоматты түрде беріледі. Экономиканың зардап шеккен секторларындағы ШОБ барлық кредиттері бойынша пайыздық мөлшерлемелерді жылдық 6%-ға дейін субсидиялау да 1 шілдеге дейін ұзартылды және зардап шеккен салалардың тізімі ұлғайтылды. Ол үшін бюджеттен қосымша 18,4 млрд теңге бөлінді, - деді Мәдина Әбілқасымова.

Қаржы реттеушісі басшысының айтуынша, қабылданған шаралардың арқасында дағдарыс салдары қаржы секторына теріс әсер еткен жоқ. Жағымсыз болжамдарға қарамастан, кредиттік портфель оң серпін көрсетті. Экономикаға кредиттер 2020 жылы 5,5%-ға 14,6 трлн теңгеге дейін өсті. 

Дағдарыстың экономикаға әсерінің азайғанын ескерсек, мемлекеттің нарықтық қағидаттарға орын беріп, кредиттеу бағдарламаларынан біртіндеп шығуын қамтамасыз ету маңызды. Осыған байланысты ағымдағы жылдың басында қол қойылған Үкімет, Ұлттық банк және агенттік арасындағы 2021-2023 жылдарға арналған макроэкономикалық саясат шараларын үйлестіру туралы келісім шеңберінде Ұлттық банктің 2023 жылдан бастап мемлекеттік бағдарламаларды қаржыландырудан шығуы көзделген. Жеңілдікпен кредиттеу, ҚЗЭ, «Баспана хит» бағдарламаларын қаржыландыру 2021 жылы, ал «7-20-25» бағдарламасын қаржыландыру 2022 жылы аяқталады деп жоспарлануда, - деді Әбілқасымова. 


 

Өзгелердің жаңалығы