Бас жаңалықтар
Баспана мәселесін бюджет қаржысы есебінен шешу мүмкін емес – Нұрлан Нұркенов
21 Ақпан 2019, 18:39 411

Баспана мәселесін бюджет қаржысы есебінен шешу мүмкін емес – Нұрлан Нұркенов

Астана, BAQ.KZ. «Астаналықтардың баспана мәселесін бюджет қаржысына, коммуналдық тұрғын үй қорының есебінен шешу мүмкін емес деп кесіп айтуға болады». Астана қаласы әкімінің халықпен есептік кездесуі барысында азаматтарды қабылдаған қала басшысының орынбасары Нұрлан Нұркенов осылай деді.


«Астанада коммуналдық тұрғын үй қорында баспана кезегінде 45 мыңнан астам адам тұр. Соның 20 мыңнан астамы – түрлі әлеуметтік аз қамтылған топтар», - деді ол. 

Оның айтуынша, елордада тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша жалға берілетін және кредиттік тұрғын үй бағыттары бар. Мәселен, жалға берілетін тұрғын үй бойынша өткен 2018 жылы 180 пәтер пайдалануға берілсе, 2019 жылы  700-ден астам пәтер өз иесін табады. Кредиттік тұрғын үй бағыты бойынша 2018 жылы 481 пәтер үлестірілген болса,  2019  жылы 900-ден астам пәтер пайдалануға берілмек.  

«Демек биыл 1600-ден астам отбасы баспаналы болады.  Егер осы қарқынмен кезек жылжыса, бүгінгі күні кезекте тұрған 45 мыңыншы тұрғын кемі 25 жылдан кейін баспаналы болады. Тұрғын үй кезегіндегілердің тізімі 45 мыңмен тоқтамайтынын тағы қосыңыз. Осылайша астаналықтардың баспана мәселесін бюджет қаржысына, коммуналдық тұрғын үй қорының есебінен шешу мүмкін емес деп кесіп айтуға болады», - деді Нұркенов.

Енді не істемек керек?! Мәселені шешудің қандай жолдары бар, - деген азаматтар сауалына:

«Әкімдік көптің көкейінде жүрген баспана мәселесін шешу механизмдерін қарастырып жатыр. Соның ішінде кезекте тұрған тұрғындардың әлеуметтік осал топтарына белгілі уақыттан кейін сатып алу құқығымен пәтерлерді жалға беру мүмкіндігі ұсынылатын болады. Осы арқылы отбасы тапқан ақшасын пәтер иесінің қалтасына емес, өз меншігіне өтетін баспана үшін құюға мүмкіндік алады», - деді Астана әкімінің орынбасары. 

Бұған қоса, әкімдік тұрғын үй сертификаттарының санын 100-ден 2 мыңға ұлғайтқанын тағы бір қайталап өтті. Тұрғын үй сертификаттары аталған топтарға тұрғын үй алу үшін 1 млн теңге көлемінде алғашқы субсидиялық жарна ретінде бөлінеді. Сертификат несиеге баспана алу үшін алдын ала төлем қаржысы ретінде қайтарымсыз негізде беріледі.

2018 жылы медицина қызметкерлеріне, мұғалімдер пен полицейлерге «7-20-25» бағдарламасы бойынша 1 млн теңгелік 100 тұрғын үй сертификаты үлестірілген болатын. 

Айта кетейік, Нұрлан Нұркенов осы жылғы 15 ақпанда Астана әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалған болатын. Ол елорданың денсаулық сақтау, ішкі саясат, жастар саясаты мен ақпарат, мәдениет және спорт саласына қатысты мәселелерге жауап береді.

Сізден жаңалық