Баспана бағасы қымбаттауы мүмкін – сарапшылар

10 Қаңтар 2019, 10:29
1491
Бөлісу:
Баспана бағасы қымбаттауы мүмкін – сарапшылар

Астана, baq.kz. Құрылыс саласындағы мамандарыдң болжамынша Қазақстанда баспана бағасы алдағы 2 жыл ішінде қымбаттауы мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Қымбатшылыққа әкелетін негізгі себептердің бірі - АҚШ долларының өсуі. Жерасты көлік тұрағы сынды барлық жайлылығы қарастырылған тұрғын үй кешендерінің құрылысы алдағы уақытта азаймақ. Өйткені бүгінде қарапайым халық арасында бағасы қолжетімді баспанаға сұраныс артып отыр. «Бұдан былай «7-20-25» бағдарламасы арқылы салынатын эконом-класс пәтерлерді сату әлдеқайда жеңіл болмақ», - дейді мамандар. Қызығы сол, болашақта қолжетімді баспананың өзі көпшілік үшін қолжетімсіз болуы мүмкін. 
«Барлық материал Ресейден, таяу шет мемлекеттерден әкелінсе де, баға өсе бермек. Өйткені бүгінде бәрі АҚШ доллары бағамына тәуелді. Арматура, кірпіш, бетон мен травертин сияқты материалдарды көбіне сырттан жеткіземіз. Сондықтан қажет заттардың қымбат болуы - нарық заңдылығы», - дейді Азамат Қарлығашев, «Қазақстан құрылысшылар одағы» РЗТБ атқарушы директоры. 
Маманның айтуынша, баспана бағасы 2020 жылға дейін 10% қымбаттауы мүмкін. Бірақ бәрі де тағы сол АҚШ доллары бағамына байланысты. Дегенмен, жылдың бірінші тоқсанында жылжымайтын мүлік нарығы уақытша тұралауы ықтимал. Мұны сарапшылар мерекелерден кейінгі сұраныстың сәл бәсеңдеуімен байланыстырып отыр. Қымбат шаршы метр тізімінің көш басында бұрынғысынша елорда келеді. Статистика комитетінің дерегінше, өткен жылы орташа өсім деңгейі 5% асқан. Ал екінші деңгейлі нарықтағы көрсеткіш 7,5% жетті. 
«Қаланың ішінде 7 милллионға ала алмайсыз. 10 миллионға алуға болады. Сол жағалауда болса, бірінші әрлеу болады. Ал оң жағалауда 9-10 миллионға да алуға болады, бірақ 30-33 шаршы метр болады кішкентай пәтерлер. Ең минималды алсақ, 200 теңге 1 шаршы метр болады. Ал орташа алсақ, 300-330 мың теңге 1 шаршы метр», - дейді сарапшы Ерлан Шыңғожынов. 
Сарапшы Айнұр Молдахметованың айтуынша, Астана қаласының Алматы ауданында шаршы метр құны шамамен - 300 мың теңге. Сарыарқада - 280 мың, ал елорданың сол жағалауы саналатын Есіл ауданында 330 мың теңге. Соңғысында бір бөлмелі пәтер бұрын 12 млн теңге тұрса, бүгінде шағын баспана қосымша 1,5 млн теңгеге қымбаттағанын айтады.  
Осылайша, әр отбасы арманындағы қолжетімді баспанасын сатып алу үшін бюджетінде кем дегенде 13-14 млн теңгесі болуы керек. Аталған сома бұрын жарияланған ресми бағадан шамамен екі есе жоғары. 
Айта кеткен жөн, өткен жылы жаңа ипотекалық бағдарламаға 4000 мыңға жуық азамат қатысты. Қатысушылар санын ұлғайту мақсатында әкімдіктер бюджеттік мекеме қызметкерлеріне 1 млн теңгеден тұрғын үй сертификаттарын табыстау шарасын жалғастырып келеді.
Өзгелердің жаңалығы