Баспана алудың оңай әрі тиімді жолдары бар ма?

27 Тамыз 2020, 11:29
4933
Бөлісу:
Баспана алудың оңай әрі тиімді жолдары бар ма?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Баспана алу күн тәртібіндегі маңызды мәселелер қатарынан түспей тұр. Тұрғын үй құрылысы қалай жүріп жатыр? Тұрғындар қандай бағдарламалар арқылы баспанаға қол жеткізе алады? Биыл қанша тұрғын үй пайдалануға беріледі? Осы және өзге сұрақтарға жауапты материалдан таба аласыз.

Пандемия әсер етпеген саланың бірі - тұрғын үй құрылысы. 

Статистика деректеріне сәйкес, биылғы 1 тамызда қаржыландырудың барлық көзі бойынша тұрғын үй құрылысына 915 млрд теңге инвестиция құйылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 127,7%-ға жоғары. 

Жалпы алаңы 7,0 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл 2019 жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 107,5%-ды құрады. 

Тұрғын үй көлемінің жоғарылауы өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 15 өңірде байқалады.   

Жалпы республика бойынша барлық қаржыландыру көзінен осы жылдың 7 айында республика бойынша 61 308 бірлік тұрғын үй, оның ішінде 22 641 жеке тұрғын үй пайдалануға берілген. Оның ішінде «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында мемлекет қаражаты есебінен 5982 бірлік жалға және кредиттік тұрғын үй берілді.

Биыл 15 млн шаршы метр тұрғын үй немесе 150 мың тұрғынжай, оның ішінде мемлекеттік инвестициясы есебінен «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде 2,0 млн шаршы метр немесе 39,0 мың тұрғынжай тұрғын үй салу жоспарланған. 

7 айда Атырау (-35,1%) мен Түркістан (-18,1%) облыстарында тұрғын үй салу төмендеген, жеке және көпқабатты тұрғын үйлерді пайдалануға беру көлемі азайған. 

Ұзынсонар кезек 

Республика бойынша 532 781 адам кезекте тұр. Кезекте тұрған азаматтар «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде тұрғын үйлерді кезектілік тәртібімен коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғын үй ретінде сатып алу құқығынсыз жалға алу арқылы немесе «5-20-25», «Бақытты отбасы», «5-10-20» бағдарламалары аясында кредиттік тұрғын үйлерді, жеке құрылыс салушылардан бастапқы тұрғын үй және қайталама нарықтан тұрғын үй сатып алуға мүмкіндігі бар. 

«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында тұрғын үй алудың бірнеше тетігі іске қосылып жатыр.   

Бағдарлама аясында кезекте тұрғандардың табысына байланысты тұрғын үй қолжетімділігінің градациялық жүйесі енгізілді. Осыған орай, табысына байланысты талаптар да енгізілді.Отбасының әр мүшесіне шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейі бірге дейінгі табыстары бар халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарындағы кезекте тұрғандарға кезектілік тәртібімен сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй беріледі, - дейді индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі. 

  Жастарға жалға беру 

Жұмыс істейтін жастарға да мемлекеттік қолдау көрсету мақсатында сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй беру көзделген. Жұмыс істейтін жастарға жалға берілетін тұрғын үй мемлекеттік жастар саясаты саласындағы уәкілетті орган - ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің 2019 жылғы 29 тамыздағы № 318 бұйрығымен бекітілген жұмыс істеп жүрген жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай беру қағидаларына сәйкес беріледі. 

Аталған бағыт бойынша тұрғын үй алу үшін жұмыс істейтін жастар  жиырма тоғыз жасқа толмаған, жалпы орта білім беретін мектептердің, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының оқу бағдарламаларын меңгерген және еңбек қызметін жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының азаматтары болуы шарт.   

Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында тұрғылықты жері бойынша кемінде соңғы 2 жыл тұрақты тіркелгенін растауы; авариялық жағдайдағы, құлау қаупі бар тұрғын үйлерді қоспағанда, өтініш берушінің, жұбайының, кәмелетке толмаған балаларының меншік құқығында өтініш берердің алдында 2 жыл бойы тұрғын үйдің, сатып алу құқығымен жалға берілген тұрғын үйдің болмағанын растауы керек. Сондай-ақ, қағидаларда айқындалған мөлшерде төлем қабілеттілігін растауы қажет. 

«Бақытты отбасы» 

«Бақытты отбасы» бағдарламасы отбасының әр мүшесіне шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейі 2-ге дейінгі табысы бар «көпбалалы, толық емес және мүгедек балалары бар отбасылар» санатындағы кезекте тұрғандарға қол жетімді. 

Бағдарламаға қатысуға қойылатын негізгі талаптар:  

  - Қазақстан Республикасының азаматтығы;
  - соңғы 6 айда еңбек және (немесе) кәсіпкерлік қызметтен түсетін, отбасының әрбір мүшесіне шаққанда тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда бекітілген ең төменгі күнкөріс деңгейінің екі еселенген шамасынан аспайтын табысының болуы;
  - неке бұзылған сәттен бастап 3 жылдық мерзімнің өтуі (толық емес отбасылар үшін);
  - төлем қабілеттілігін растау;
  - ЖАО-ның «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес көзделген санаттарға қатысушылар бойынша тұрғын үйге мұқтаж адамның есепке қойылуын және тұрғын үйге мұқтаж адамның мәртебесін растауы. 

  «7-20-25» 

«7-20-25» бағдарламасы қазіргі уақытта займ бойынша 7% төмен пайыздық мөлшерлемемен ең тиімді ипотекалық бағдарлама ретінде саналады, бастапқы жарна тұрғын үй құнының 20% құрайды (Астана, Алматы, Ақтау, Атырау, Шымкент қалалары үшін тұрғын үйдің максималды құны — 25 млн теңге), займды өтеу мерзімі 25 жылға дейін ұзартылды.

«7-20-25» қолжетімді несие шарттарымен әрбір қазақстандық үшін тұрғын үй жағдайларын жақсартудың жаңа мүмкіндіктерін ұсынады. 

Қазақстанда тұңғыш рет тек құрылыс салушыдан бастапқы нарықтан баспана алуға болатын тұрғын үй бағдарламасы қабылданды, оны бағдарлама қатысушысы өзі таңдайды. 

Қарыз алушыдан қарызды ұсынғаны және қызмет көрсетілгені үшін комиссия алынбайды. Сондай-ақ, кепіл мүлкін және қарыз алушының өмірін сақтандыру міндетті емес, сақтандыру қажет болған жағдайда барлық шығындарды несие берген банк көтереді. Бұған дейін әрекет етіп тұрған ипотекалық өнімдердің бірде-бірінде осындай несиелеу шарттары болған жоқ.

«7-20-25» бағдарламасы бойынша несие алу үшін жеке тұлға бірнеше талаптарға сай болуы керек, олар:
- Қазақстан азаматтығы;
- меншік құқығында ҚР аумағында тұрғын үйінің болмауы;
-кәсіпкерлік немесе еңбек қызметінен тұрақты расталған кірістің болуы;
-ипотекалық несиелерінің болмауы.

«5-20-25» және «5-10-20» 

Отбасының әр мүшесіне шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейі 3,1-ге дейінгі табыстары бар кезекте тұрғандар «5-20-25» және «5-10-20» бағдарламалары бойынша кредиттік және жеке құрылыс салушылардың тұрғын үйлеріне үміттене алады (әскери қызметкерлер, бюджет саласындағы» қызметкерлер және мемлекеттік қызметшілер). 

 Қатысушыларға қойылатын негізгі талаптар:  

  - Қазақстан Республикасының азаматтығы;
  - соңғы 6 айда еңбек және (немесе) кәсіпкерлік қызметтен түсетін, отбасының әрбір мүшесіне шаққанда тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда бекітілген ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 еселенген шамасына дейінгі табысының болуы;
  - ЖАО-ның "Тұрғын үй қатынастары туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес тұрғын үйге мұқтаж азаматтың мәртебесі мен тұрғын үйге мұқтаж Қазақстан Республикасы азаматтарының есепке қойылғанын растауы;
  - төлем қабілеттілігін растауы қажет. 

Мемлекеттік бағдарламалар арқылы баспанаға ие болу үшін бастапқы жарнаға қаражатыңыз болуы шарт. Тиімді депозиттерді екінші дәрежелі банктер мен «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» ашуға болады. Алайда кезекте әлі күнге дейін 532 мыңнан астам адам тұр.


Өзгелердің жаңалығы