Енді бас дәрігердің инфекциялық бақылау жөніндегі орынбасары болады

8 Маусым 2020, 16:22
2025
Бөлісу:
Енді бас дәрігердің инфекциялық бақылау жөніндегі орынбасары болады

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Камалжан Надыров брифинг барысында айтты.

Істің ағымдағы жағдайын есепке ала отырып, медициналық ұйымдардың ішінде инфекциялық бақылауды күшейту үшін, жақын арада қаланың барлық стационарында бас дәрігердің инфекциялық бақылау жөніндегі орынбасары лауазымы енгізіледі. Бұл госпитальдық эпидемиологтардың мәртебесін көтеруге, білікті мамандарды тартуға және сол арқылы стационарларда тиісті инфекциялық бақылауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. МСАК ұйымдарында инфекционистерге, сондай-ақ, қауіпсіздіктің тиісті деңгейін қамтамасыз ету үшін айрықша өкілеттіктер берілетін болады, - деді ол. 

Сөз арасында ол қала әкімі медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру бойынша бірқатар нақты міндет қойғанын жеткізді. 

Осыған байланысты Басқарма 2025 жылға дейін қаланың денсаулық сақтау жүйесін дамытудың кешенді жоспарын әзірледі. Жақын арада аталған жоспар сараптамалық қауымдастықпен талқыланады. Бұл жоспарда алдағы қаланың денсаулық сақтау жүйесін дамытудың 5 жылға арналған нақты бағыты айқындалады. Атап айтқанда, қаланың кадрлық әлеуетін талдау және одан әрі дамыту, біліктілікті арттыру, жаңа технологияларды енгізу мәселелері бойынша жұмыстар жүргізіледі, - деді Надыров.

Сондай-ақ, ол медициналық қызметтерді алу кезінде халықтың қанағаттану деңгейін арттыру үшін жұртшылықпен коммуникацияны жақсарту жөнінде мақсатты жұмыстар жүргізілетінін айтты. 

Ол үшін ҚДБ-да 30 00 103 нөмірі бар call-орталық жұмыс істеуде, сондай-ақ Басқармада қоғамдық қабылдау бөлмесі жұмыс істейді. Басқармада және әрбір медициналық ұйымда Facebook, Instagram және Тwitter әлеуметтік желілерінде өздерінің жеке парақшалары бар, - деді ол.

Сондай-ақ, ол медициналық мекемеде жайсыз жағдай орын алып, тиісті қызмет ала алмасаңыз шағымыңызды 8 777 8888 103 WhatsApp нөміріне хабарлама жіберу арқылы жүгінуге болатынын айтты.

Енді Алматы қаласының әрбір тұрғыны мен қонағы қаланың денсаулық сақтау жүйесіндегі жағдайды жақсарту бойынша шағымымен немесе ұсынысымен жүгіне алады. Барлық хабарлама қаралып, назарға алынады. Сондай-ақ, аталған нөмірге Алматы қаласының аумағында болып жатқан бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің нұсқамаларын бұзу фактілерінің фото және бейне хаттарын жіберуге болады, - деді Басқарма басшысы.
Бұған дейін Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Камалжан Надыров карантин кезінде жедел жәрдем көмегін шақыру екі есе төмендегенін айтты.
Өзгелердің жаңалығы