Барлық өңірде кірістер жоспары асыра орындалды – Қаржы министрлігі

11 Тамыз 2020, 10:22
862
Бөлісу:
Барлық өңірде кірістер жоспары асыра орындалды – Қаржы министрлігі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев бүгінгі Үкімет отырысы барысында осы жылдың жеті айының қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджеттің атқарылу көрсеткіштерінің қалыптасу деңгейіне тоқталды.

Мемлекеттік бюджетке 4 трлн 468 млрд теңге сомаға кірістер түсті немесе жоспар 94,7%-ке атқарылды. Республикалық бюджетке кірістер 2 трлн 714 млрд теңге сомасында түсті немесе жоспар 83,3%-ке атқарылды. Кірістер бойынша жоспардың атқарылмауы 544 млрд теңгені құрады. Негізгі атқарылмау сомалары қосылған құн салығы және корпоративтік табыс салығына тиесілі болды, - деді ол.
Министр корпоративтік табыс салығының атқарылмауына бірнеше фактор әсер еткенін жеткізді.
Негізгі экспорттық позициялар бойынша бағаның орта есеппен 16,1%-ке құлдырауы, бұл тау-кен секторындағы ірі салық төлеушілерден түсетін түсімдердің 42,6%-ке азаюына әкеп соқты. Сондай-ақ, 830 ірі салық төлеуші бойынша мәлімделген аванстық төлемдер сомасының өткен жылдың 7 айымен салыстырғанда 39,4%-ке төмендеуі, екінші деңгейдегі банктерден түсетін түсімдердің 34,4%-ке азаюы да тиісті факторлар қатарында, - деді ол.
Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, қосылған құн салығы бойынша  жоспардың негізгі атқарылмау себептерінің бірі - 2019 жылдан едәуір ауыспалы дебеттік қалдықтың болуына байланысты өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда қосылған құн салығын қайтарудың 84,4%-ке өсуі.
Сонымен қатар, «Электрондық шот-фактуралар» АЖ деректері бойынша сату бойынша айналымдардың 12,4%-ке азаюы да себеп болып отыр. Негізгі төмендеу тау-кен өнеркәсібі саласына тиесілі, онда айналымдар 2019 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 34,4%-ке немесе 3,5 трлн теңгеге   төмендеген. Карантин режимі енгізілуіне байланысты іскерлік белсенділіктің төмендеуі шамамен 19,3 мың салық төлеуші төлемдерін 36%-ке төмендетті. Қазақстан Республикасының үшінші елдермен тауар айналымы 9,1%-ке, оның ішінде маусым айында 23,6%-ке төмендеуі және Қытай Халық Республикасынан тауарлар импорттайтын көлік құралдарының саны 16,7%-ке төмендеуі де негізгі себептердің бірі, - деді министр.
Министрдің айтуынша, барлық өңірде кірістер жоспары асыра орындалды. Жергілікті бюджеттердің меншікті кірістері 120%-ке атқарылды және 1 трлн 754 млрд теңгені құрады.Жоспар 294 млрд теңгеге асыра орындалды.
Өзгелердің жаңалығы