Бақыт Сұлтанов көпбалалы аналармен кездесті

16 Мамыр 2019, 19:04
1576
Бөлісу:
Бақыт Сұлтанов көпбалалы аналармен кездесті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін қалалық әкімдікте Бақыт Сұлтановтың көпбалалы аналармен кездесуі өтіп жатыр. Кездесуде халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына әлеуметтік қолдау көрсету және оларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелері талқыланды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Қала әкімімен қатар кездесуге Денсаулық сақтау, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің өкілдері қатысты. Елорда әкімімен кездесуге 70-ке жуық қала тұрғыны келді, олардың әрқайсысы толғандырған сұрақтарын ортаға салды.

Көпбалалы аналардың айтуынша, бірінші кезекте оларды тегін тұрғын үй беру, атаулы әлеуметтік көмек беру, жұмысқа орналастыру мәселелері қызықтырады.

Қала әкімінің мәліметінше, соңғы уақытта бейінді басқармалар азаматтарды әлеуметтік қолдау бойынша үлкен жұмыс жүргізді. Нәтижесінде көмекке аса мұқтаж отбасылардың деректер базасы құрылып, нақты қажеттіліктер мен проблемалар анықталды. Әрбір отбасын қолдау жөніндегі жеке шаралар жоспары әзірленді.

Бақыт Сұлтанов көпбалалы аналармен кездесті

Әкімнің айтуынша, елордада тұрғын үй кезегінде халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына жататын азаматтар, соның ішінде көпбалалы аналар, аз қамтылған азаматтар мен мүмкіндігі шектеулі адамдар тұр. Бақыт Сұлтанов қосымша қаражат есебінен шамамен 1800-1900 пәтер беру жоспарланып жатқандығын мәлімдеді.

«Бұл көлемді алдағы жылдары екі есеге арттыруға тырысамыз. Бірақ барлығы тұрғын үй заңнамасының талаптарына сай болуы қажет. Біз аз қамтылған және көмекке аса мұқтаж отбасыларды, соның ішінде көпбалалы отбасыларды муниципалдық тұрғын үймен қамтамасыз етуге тиіспіз», – деді ол.

Бақыт Сұлтановтың айтуынша, қиындыққа тап болған әрбір отбасы «Жұмыспен қамтудың жол картасы», «Бизнестің жол картасы» бағдарламалары мен атаулы әлеуметтік көмек аясында қолдауға ие болады.   Сондай-ақ, азаматтарды жұмысқа орналастыру мәселелері де шешіледі.

«Біз азаматтарды қайта оқытуға немесе біліктілігін арттыруға көмектесеміз», – деп атап өтті Бақыт Сұлтанов.

Көпбалалы аналар айтқан барлық өтініштер жедел түрде жүйеленіп, талданады. Әр өтініш бойынша түсініктеме беріледі.

Өзгелердің жаңалығы