Бас жаңалықтар
Шенеуніктер БАҚ редакторларына қысым жасамауы тиіс – Назарбаев
21 Тамыз 2019, 14:56 327

Шенеуніктер БАҚ редакторларына қысым жасамауы тиіс – Назарбаев

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордада Елбасы, Nur Otan партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен партия саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Жиында Елбасы бұқаралық ақпарат құралдарына қатысты бірқатар мәселені көтерді.

«Бүгінгі таңда жаңа медиа саласында шындықты бұрмалайтын арналар саны артып келеді. Жайдан-жай қандай да бір сауалнамалар жариялай салады. Ол шындық па, шындық емес пе, өздерің анықтап алыңдар. Ал телеарналары, газеттері бар бір үлкен топ, партияның медиатобы үндемей отыр. Біздің орталық ақпараттық арналар да үндемейді. Өй, қорқамыз. Бұрын мен керісінше «маған ақша төле, әйтпесе мен қазір сен туралы жаман мақала жариялаймын» деп келетін редакторларды жазалайтынмын. Ал әкімдер оларға төлейтін. Қазір телефон арқылы редакторларды қорқытып-үркіту кең тараған. «Егер сен осылай істесең, мен басқа біреулер арқылы жұмысыңнан шығарамын» дейді. Біз бұны білеміз. Бұл қалай болғаны?! Керісінше, қазір кез келген жергілікті кішкентай проблемалар республикалық масштабқа жетеді. Бір жақсысы, бұған интернет көмектеседі», - деді Назарбаев.

Елбасының айтуынша, партия жалған ақпарат таратқаны үшін жазаны күшейту туралы заңның қабылдануына бастама жасауы тиіс. 

«Бізде жасалып жатқан істерді жоққа шығаруға ешкімнің құқығы жоқ. Дәстүрлі БАҚ позициясынан айырылуда. Дәурен Абаев (ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрі - автор ескерт.) осы туралы жақсылап ойланып, айналысуы тиіс. Және телефонмен қорқыту болмауы керек. Шенеуніктер редакторларға қысым жасайды, сынды түрлі жолдармен бұғаттайды. Сондықтан қоғамдық санада басқа шындық қалыптасады. Nur Otan өз старетегияларын түбегейлі түрде қайта қарауы қажет. Барлығы мемлекеттің қолындағы мәселе. Партияның өзінің масс-медиасы, барлығы бар. Тиімді жұмыс істеу керек, әйтпесе ешкім сыйламайды. Олар басыңа лай құя береді. Сен сүртіп қойып, оларға ештеңе айтпайсың. Бұлай болмайды. Сондықтан Nur Otan өз ақпараттық стратегиясын толығымен қайта қарауы тиіс», - деді Елбасы.

Тұңғыш президенттің айтуынша, партиялық БАҚ шынайы, жедел ақпараттың көзіне айналып, адамдардың сеніміне ие болуы керек. 

«Ешкімнен қорықпай, озық жұмыс ұйымдастыра білулері қажет. Сондай-ақ, интернетте, әлеуметтік желілерде белсенді жұмыс істеуі тиіс. Біз кімнен кембіз? Ең талантты адамдарды шақырып, оларға тиісті жалақысын төлеу керек. Жұмыс істесін», - деп түйіндеді Нұрсұлтан Назарбаев.

Бұған дейін Елбасы бүгінгі күні бүкіл әлемде саяси партиялар жаңа міндеттерге тап болып отырғанын және Парламент сайлауы қашан өтетінін айтты айтты. Сондай-ақ, Назарбаев шенеуніктерге халықпен кездесіп, оларды тыңдаңыздар деді. Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарға мемлекетке қол жаймай, жұмыс істеу керек екенін айтып, жоғары оқу орнындағы сыбайлас жемқорлық фактілерін сынады. 


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...

Сізден жаңалық