Бас жаңалықтар
Балқашта жағажай туризмі дамуда
18 Маусым 2019, 09:39 229

Балқашта жағажай туризмі дамуда

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Балқаш көлі аумағы жөнінен Каспий, Арал теңіздерінен кейінгі еліміздегі ең ірі су айдыны. Балқаш Қазақстанның оңтүстік-шығысына қарай Қарағанды, Алматы және Жамбыл облыстарының аумағында, географиялық тұрғыдан демалушылар үшін қолайлы жерде орналасқан.

Көлдің суы ерекше көгілдір түсте болғандықтан ел арасында «көк теңіз» деп те аталады. Табиғаттың ерекше туындысы саналатын су айдынының тағы бір ерекшелігі көлдің шығыс жақ бөлігінің суы тұщы болса, батыс бөлігі ащы сулы. Балқаш жағажай туризмін ұнататындар үшін таптырмас орын. Мұнда жазғы демалу кезеңі маусым айында басталып қыркүйекке дейін созылады. Жаз бойы ауа температурасы 28-30 градус шамасында болады. Міне, осы критерийлер жаз шықса Балқашқа ағылатындардың қатарын көбейтуде. Соңғы жылдары Балқаштың суына шомылып, жағалауында күнге қыздырынғысы келетін саяхатшылардың қатары еселенуде. Алайда, көлдің маңындағы демалыс орындары жазғы маусымда саяхатшылардың барлығын сыйғыза алмайды. Шілденің шіліңгір ыстығында Балқаш жағалауынан ине шаншар жер, демалыс үйлерінен жатын орын болмай қалады. Сондықтан көлдің игерілмеген жағалауларына демалыс орындарын салып, туристерге жағдай жасау бағытында шаралар атқарылуда.

ТОП-10. Балқаш еліміздің негізгі туристік нысандарының қатарында

Балқаш демалыс аймағы еліміздегі туристік картаның таңдаулы ондығына кіреді. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі мен «McKinsey & Company» халықаралық консалтингтік компаниясы әзірлеген 2019-2023 жылдарға арналған еліміздің туризм саласын дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында Балқаш көлінің жағалауын дамыту қолға алынуда. Аталған бағдарламасы аясында Балқаш көлі маңында жаңа нысандар бой көтеріп, жолдар саланып, демалыс орындарына коммуникациялар тартылатын болады.

«Балқаш көлінің жағасындағы 40-тан астам демалыс орындары мен пансионаттарда жыл сайын отыз мыңнан астам турист демалады. Мұндағы туристік маусым мамыр айының соңында басталып, қыркүйекке дейін созылады. Балқаш көлі демалушыларына жайлы жағажай, қолайлы ауа-райы, тартымды бағалар мен қолжетімді қызмет түрлерін ұсынады. Елімізде әлемдік экономиканың құлдырауды білмейтін саласы – туризмді оның ішінде ішкі туризмді дамыту бастамасымен Балқаш жағалауындағы туризм инфрақұрылымын дамытуға айрықша назар аударылуда. 2023 жылға дейін жалғасатын стратегиялық құжат бойынша ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен «McKinsey & Company» компаниясы бірлесе Балқаш туристік кластерін дамытуды қолға алмақ. Қазіргі уақытта Балқашта 60 га бос жер учаскесі туризмді дамыту үшін бөлініп отыр. Алдағы үш жылда республикалық және жергілікті бюджеттен туризм нысандарына инженерлік инфрақұрылым тарту үшін 3,5 млрд теңге қаржы бөлу жоспарлануда. Бұл қаржыға электр желілері жаңғыртылып, жолдар салынады және Бертіс шығанағына кәріз жүйесі мен су құбыры тартылады», - дейді Балқаш қалалық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Байзақ Әлмағанбетов.

Балқаштың туристік әлеуетін артыру мақсатында іске асырылатын кешенді шаралар қатарында Балқаш әуежайын қайта қалпына келтіру жұмыстары да бар. Сонымен қатар, биыл «Қарағанды-Балқаш» автобанының құрылысы басталады. Төрт жолақты тас жол 360 шақырымды құрайды.

Алдағы бес жылда туристердің қатары төрт есеге артпақ

«Балқаштың ерекше табиғаты, бай тарихи-мәдени мұрасы, салт-дәстүрі, қонақжайлылығы туристерді тартудың бірден-бір құралы. Біздің аймақтағы туризмнің экономикаға тигізер әсері үлкен емес, дегенменде жыл сайын бұл көрсеткіш артып келеді. 2018 жылы шағын және орта бизнес объектілері 34 мыңнан астап туристке қызмет көрсетіп, 320 млннан астам пайда әкелген. Қазіргі уақытта Балқашта қонақ үй, мотел, пансионат, бір қабатты бунгало, коттедж типіндегі 40-тан астап нысан саяхатшыларға қызмет көрсетеді. Қалаға іргелес жатқан жағалауда 9 демалыс орны жұмыс істеп тұр. Аталған жобаларды жүзеге асыру үшін 980 млн теңге көлемінде инвестиция тартылған, 65 жаңа жұмыс орны ашылды. Тағы 7 жобаны іске асыру жоспарда бар. Аталған жобалардың жалпы инвестиция көлемі 584 млн теңге, 27 жаңа жұмыс орны ашылмақ», - дейді Байзақ Әлмағанбетов.

Ведомосто мәліметінше, Балқаш көлінде туристік кластерді дамыту және туризмнің тиімділігін арттыру бағытында 93 га аумақты қамтитын Бертіс шығанағының жағалауын туризім орнына айналдыру тұжырымдамасы жасалған.

«Аталған жобалар табысты іске асса Балқашқа келетін туристер саны 4 есе артпақ, сәйкесінше туризм саласында еңбек ететіндердің де қатары төрт есеге ұлғаймақ. Аталған салада еңбек ететіндердің саны өсіп ғана қоймай, сапалық жағынан да өсу күтіледі. Біз сонымен қатар, қаланың іргесіндегі Қоңырад руднигіне, Бектауата шатқалына және қала ішілік туристік экскурсиялар ұйымдастыруды қолға алмақпыз», - деді бөлім басшысы.

Туристерге көмек. Балқаштың демалыс аймақтарына шолу

Балқаш көлінің Қарағанды облысының аумағындағы жағалауы шартты түрде үш аймаққа бөлінеді. Оның алғашқысы, қаланың іргесіндегі жағалау. Мұнда «Самал», «Фламинго», «Барковское», «Аква», «Оазис», «ИРС», «Рыбачий берег» демалыс орындары, «Жемчужина» қонақ үй кешені, «Нұр-Бахыт» денешынықтыру-сауықтыру кешені орналасқан. Демалыс аймақтарындағы демалу құны бір адамға шаққанда орташа баға 6000 теңге. Бұл тек жатын орынға төленетін ақша, ас-ауқат пен қосымша қызметтерге жеке төлейсіз. Демалушылардың пікірінше, бұл аймақтағы демалыс орындары жаңа болғанымен, көл жағалауы тастақ болып келеді, жағалауда арнайы аяқ-киіммен жүрген дұрыс.

Тораңғылық елді мекені қаладан оңтүстікке қарай 16 шақырым қашықтықта орналасқан. Бұл жерде «Тұлпар», «Сказка», «Айгерим», «Релакс», «Найзатас», «Океан» және тағы да басқа демалыс орындары бар. Бір адамға шаққандағы демалыс құны – 6000-7000 теңге көлемінде. Бұл эконом класты нөмірлер. Егер жартылай люкс, немесе люкс бөлмелер алғыңыз келсе 1 күнге 9000-10000 мың теңге. Демалыс орындары әкімшілігінің айтуынша, 1 адамға шаққанда үш мезгіл тамақ шамамен 3500 теңге көлемінде. Бір ескеретін жайт мұнда да көлдің жағалауы тасты болып келеді. Демалушылардың айтуынша кейбір демалыс орындарының жағалауы құмды.

Қаладан 30 шақырым қашықтықтағы Шұбартүбек демалыс аймағы халық арасында сұранысқа ие. Себебі мұнда көл жағалауы ұсақ құмды әрі көл суы тұнық болады. Бұл жерде «Голубая лагуна», «Аквамарин», «Досжан», «Гольфстрим», «Балқаш» демалыс аймақтарымен қатар жекеменшік кішігірім үйлер де туристерге қызмет көрсетеді. Мұндағы демалыс орындарындағы қызмет кұны 8000-1000 шамасында. Бұл бағаға жатын орынмен бірге таңғы ас ұсынылады. 



Фото: ашық дереккөз

Сізден жаңалық