Балқаш маңында күн электр стансасы салынып жатыр

31 Мамыр 2021, 13:49
2369
Бөлісу:
Балқаш маңында күн электр стансасы салынып жатыр

Қарағанды облысы, BAQ.KZ тілшісі. Балқаш қаласының жанындағы Қоңырат елдімекеніне жақын жерде күн электр стансасының құрылысы жүргізілуде. Жобаның жалпы құны 39 миллиард 51 миллион тенге. Күн электр стансасы 140 гектар аумақта орналасатын болады. Қоңырат елдімекенін электр қуатымен қамтитын энергия көзі 2022 жылы пайдаланылуға беріледі деп жоспарлануда.

Аймақтағы жаңартылатын энергия көздері нысандарының құрылысы қалай жүріп жатқандығы жайлы Қарағанды облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы айтқан болатын. Бүгінде облыстың Жезқазған, Саран, Ақадыр және Балқаш қалаларының маңында күн электр стансалары жұмыс істеп тұр.

Балқаш маңындағы қуаттылығы 100 МВт-ты құрайтын күн электр стансасы «Kaz Grenn Energy» ЖШС-мен бірлесіп салынуда. Сондай-ақ, аталған компания Жезқазған қаласы Кеңгір елді мекеніндегі күн электр стансасының қуаттылығын арттыруды көздеп отыр, - дейді Қарағанды облысы Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ұлантай Үсенов.

«Kaz Grenn Energy» компаниясы Кеңгір ауылындағы күн электр стансасының қуаттылығын арттырып ғана қоймай, Жезқазған қаласында қуаттылығы 5 МВт болатын биоэлектрстансасының құрылысын бастауды жоспарлауда. Жобаның жалпы құны 11 млрд тенгені құрайды. Биоэлектрстансасы 2022 жылы пайдаланылуға берілмек. Басқарма басшысының айтуынша, «ГорКомТранс» ЖШС-і Қарағанды қаласында қуаттылығы 4 МВт болатын биоэлектростанса салуды көздеп отыр. 2022 жылдың желтоқсан айында пайдаланылуға берілетін жобаның құны 5 млрд 197 млн тенге.

Саран қаласында «Sonnenenergie» АҚ-ы гибридті күн электр стансасын салуды жоспарлайды. Чехиялық инвестордың қаржыландырылуымен салынатын күн электр стансасының қуаттылығы 100 МВт және одан да жоғары болмақ. Құны 59 млрд 959 млн тенге болатын жоба 2022 жылы басталып, 2023 жылы аяқталады, - дейді Ұ.Үсенов.




Өзгелердің жаңалығы