Бас жаңалықтар
Балқаш, Қарқаралы және Ұлытау туристерді күтеді
24 Маусым 2021, 09:15 13192

Балқаш, Қарқаралы және Ұлытау туристерді күтеді

Қарағанды облысы, BAQ.KZ тілшісі. Өңірдегі туризм салысын дамыту үш бағыт бойынша жүзеге асырылуда. Демалыс сүйгіш саяхатшылар Балқаш, Қарқаралы және Ұлытау туристік аймақтарында жазғы демалыстарын өткізе алады. Облыстық кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Татьяна Аблаева өңірдегі туристік демалыс аймақтарына шолу жасаған болатын. 

Қарағанды облысы эпидемиологиялық жағдай бойынша «сары» аймақта. Осыған байланысты еліміздің бас санитарының қаулысына сәйкес аймақтағы барлық туристік нысандар, қонақ үйлер, демалыс орындары мен курорттық-сауықтыру аймақтары 80 пайыз толымдылықпен жұмыс істеуде. 

Балаларды сауықтыру мекемелері 50%-дан аспайтын толымдылықпен жұмыс істей алады. Қазіргі уақытта облыста 12 лагерь жұмыс істеп тұр. Оның жетеуі мемлекеттік, қалған бесеуі жекеменшік. Демалыс нысандарына КВИ жұқтырған және вирус жұқтырғандармен байланыста болғандарды анықтауға арналған «Ashyq» қосымшасын енгізу бойынша жұмыстар жасалып жатыр. Қазірдің өзінде бірнеше туристік нысан өздерінің бастамасымен аталған қосымша бойынша келушілерді қабылдауда. Жалпы алғанда аймақтағы туризмді дамыту үш бағыт бойынша жүзеге асырылуда. Туристер Балқаш, Қарқаралы және Ұлытау өңірлеріне сапар шеге алады. Бұл аймақтардың әрқайсысы өздігінше ерекше және туристер үшін қызықты. Аталған өңірлерде эко, этно, рекреациялық және басқа да туризм түрлері ұсынылады, - дейді Татьяна Аблаевна. 

Балқаш туристік аймағында жағажай және экологиялық туризм қарқын алып келеді. Бүгінде Балқаш, Приозерск қалаларының, Ақтоғай ауданының аумағында 58 демалыс нысаны, 100-ге тарта шағын қонақ үйлер саяхатшыларға қызмет көрсетуде. Тұрғындар арасында «Жемчужина», «Досжан», «Балқаш», «Голубая лагуна», «Лазурный берег», «Балхаш» және «Сказка» демалыс орындары танымал.

Басқарма басшысының айтуынша, Балқашта демалу үшін бір адамға күніне орташа есеппен 10 мың теңге көлемінде қаржы қажет. Бұл сомаға жатын орын мен тамақтану кіреді. Балқашқа автокөлікпен, пойызбен және Нұр-Cұлтан, Алматы қалаларынан ұшақпен жетуге болады. «Қарағанды-Балқаш» бағытындағы пойыз күнделікті қатынайды. Билет құны 3-6 мың теңге аралығында. Сондай-ақ, Алматы мен Нұр-Сұлтаннан ұшатын ұшақ билеттерін «Южное небо» компаниясынан сатып алуға болады. Билет құны 9-14 мың теңге шамасында.

Туристер арасында танымалдылыққа ие бағыттың бірі – Қарқаралы. Бұл аймақта өнеркәсіп орындары жоқ, барлық инфрақұрылым туристік саланы дамытуға бағытталған. Туроператорлар табиғи көрнекі орындарға апаратын әртүрлі деңгейдегі маршруттарды дайындаған. Бұл өңірде спорттық және экотуризмді дамытуға мүмкінік тудырып отыр. Қазіргі уақытта Қарқаралы ұлттық паркінің аумағында 11 ресми туристік маршрут бар. Оның ішінде «Шайтанкөл», «Бассейн» көлдеріне, алғашқы адамдардың  тұрағы болған «Үш үңгір» мен «Үлкен палата» жерлеріне, Сақ дәуіріне тиесілі алтын адам жерленген жерге, Кент тауларындағы буддалық храмға, «Комисаровка» шатқалындағы «Орманшы үйіне» апаратын маршруттар кеңінен танымал, - дейді Татьяна Аблаева. 

Қарқаралы аумағында «Аққайың», «Шахтер», «Берлога», «Жолжақсы», «Жемчуина», «Қарқаралы кемпинг», «Медеу» және басқа да демалыс үйлері келушілерді қабылдауға дайын. Демалыс үйлеріндегі баға қолайлылығына қарай бір адамға 4-18 мың аралығында болады. Сондай-ақ, демалыс аймақтарындағы атпен серуендеуге, велосипедті жалға алуға болады. 

Соңғы жылдары саяхатшылар арасында сұранысқа ие туристік бағыттардың қатарын Ұлытау өңірі толықтыруда. Туристерді мавзолейлер, жартастағы суреттері бар Теректі әулие үңгірлері, Басқамыр, Аяққамыр ежелгі қалаларының орындары, Әулиетау тауы, тарих және мәдениет ескерткіштері болып табылатын Жошы хан, Алаша хан мазарлары қызықтырады. 

Қазіргі уақытта Ұлытау өңірінде 6 қонақ үй, 2 этноауыл туристерге қызмет көрсетуде. Ауданда республикалық маңызға ие «Ұлытау» музей-қорығы,және Жезді ауылында тау және мыс балқыту ісінің тарихы мұражайы жұмыс істеп тұр. Заманауи инфрақұрылымды дамыту мақсатында республикалық бюджет есебінен туристердің қолайлылығы үшін визит-орталық салынды. Мұнда келушілер өңірдің көрнекті жерлері жайлы ақпарат алып, 5 басты туристік маршрут бойынша саяхаттай алады. Орталық жанында жайлы қонақ үй бар. Сондай-ақ биыл Ұлытауда «Жошы хан» тарихи-мәдени кешенінің құрылыс аяқталады деп жоспарлануда. Кешенде Жошының ұрпақтарына, Ұлық Ұлыс, Алтынорда, Қазақ хандығына арналған экспозициялық зал, Жошының ескерткіші, келушілерге арналған жатын бөлмелер, тамақтану орындары, киіз үйлерден тұратын этноауыл салынады, - деді басқарма басшысы. 

Басқарма басшысы қарағандылықтар мен қонақтарды аймақтың көрнекті жерлерін аралап, ерекше табиғатын тамашалап, ішкі туризмді дамытуға үлес қосуға шақырды.


Фото: дереккөз
Загрузка...