Баласына екпе салдырмаған ата-ананы қандай жауапкершілік күтіп тұр: Біртановтың жауабы

17 Қазан 2019, 13:40
4143
Бөлісу:
Баласына екпе салдырмаған ата-ананы қандай жауапкершілік күтіп тұр: Біртановтың жауабы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Мәжілісте ҚР денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодекс жобасының жаңа редакциясын таныстырды.

Отырыста депутаттар министрден балаларын егуден бас тартқан ата-аналар үшін қандай жауапкершілік қарастырылғанын сұрады. Өйткені заң жобасында мектепке дейінгі ұйымдарға екпе салынбаған балаларды жіберуді шектеу туралы норма бар.

"Көп жылдан бері талқылап келе жатырмыз. Өзекті мәселе. Әсіресе, соңғы екі жылдың ішінде халықпен көп талқылау болды. Сондықтан кодекстің жаңа жобасына осындай ұсыныс енгізіп отырмыз. Әлбетте, мәселе тек осы нормамен шешілмейді. Себебі екпеден бас тартқан ата-аналардың саны көбейіп тұр. Қазіргі уақытта халықтың денсаулығына, экологияға байланысты медициналық қарсы көрсетілім саны артып келеді", - дейді Елжан Біртанов.

Оның айтуынша, екпе салмаудың салдарынан балалардың инфекциялық ауруларды жұқтыру фактілері көбейген. Оның бәрі жалпы ұлт денсаулығына теріс әсерін тигізіп отыр деген пікірде. Бірақ балаларын егуден бас тартқан ата-аналар үшін ешқандай жауапкершілік қарастырылмаған.

"Әкімшілік жауапкершілік бойынша норма енгізілген жоқ. Әріптестердің көбі қарсы болғандықтан, оны кіргізген жоқпыз. Бірақ міндетті екені көрсетілген. Бұл тәжірибе тек біздің елде ғана емес, басқа елдерде де бар", - дейді министр.
Өзгелердің жаңалығы