Баланы қағып кеткен қазақстандық өз еркімен Оңтүстік Кореяға оралды

14 Қазан 2019, 11:14
2630
Бөлісу:
Баланы қағып кеткен қазақстандық өз еркімен Оңтүстік Кореяға оралды
VIDEO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жеті жасар баланы қағып кеткен қазақстандық өз еркімен Оңтүстік Кореяға оралды. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігі хабарлады. 

"14 қазанда баланы қағып кетіп соңынан Оңтүстік Кореядан кетіп қалған Қазақстан азаматы тергеу іс-шараларына қатысу үшін Сеул қаласына өз еркімен ұшып келді. Ер адам Инчхон әуежайына сағат 7:50-де ұшақпен келіп қонған. Қазақстан Республикасы азаматының келу барысы Елшілік қызметкерлерінің бақылауында өтті. Дипломаттар жеке сұхбат барысында оның құқықтарын түсіндіріп, тергеу жұмыстарын жүргізу кезіндегі ұстаным бағыты туралы кеңес берді", - деп хабарлады министрлікте.

Қазіргі уақытта отандасымыз Чангвон қаласының тергеу изоляторында. Елшілік бұл мәселені үнемі бақылауда ұстауда.

Бұған дейін белгілі болғандай, Қазақстаннан кеткен жиырма жасар еңбек мигранты Оңтүстік Кореяда кішкентай баланы көлікпен қағып, оқиға орнынан қашып кеткені туралы хабарланған болатын. Кейін айыптының елден қашып кеткені де анықталды. Жеті жасар бала жан сақтау бөліміне түскен. Оның 18 жері сынған және басынан жарақат алған. Жәбірленушінің әкесі апаттан кейін баласының адамдармен сөйлесуге қорқатынын айтты. Зардап шеккен бүлдіршінге күрделі ота жасалды.


Жол апатына кінәлі жігіт Павлодардағы үйінен табылды. Аталмыш оқиғадан кейін Оңтүстік Корея заңсыз шетелдік азаматтардың елден кету ережелерін қатаңдату туралы шешім қабылдады. Енді олар елден кету ниеті туралы алдын ала 3-15 жұмыс күнінде хабарлауы керек.

Өзгелердің жаңалығы