Баландин жаңа әлемдік турнирде бақ сынайды

8 Сәуір 2019, 11:14
1894
Бөлісу:
Баландин жаңа әлемдік турнирде бақ сынайды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сәуір айының соңында жүзуден жаңа әлемдік турнирдің бірінші кезеңі өтеді. Champions Swim Series шоуына Қазақстаннан тек қана Дмитрий Баландин шақырту алды. Бұл туралы Қазақстан ҰОК баспасөз қызметі мәлім етті.

Халықаралық су спорты түрлері федерациясы (FINA) ақпан айында жаңа турнирдің таныстырылымын ұсынған болатын. Жарысқа кез-келген спортшы қатыса алмайды. Тек ұйымдастырушылардың шақыртуын алған үздіктер ғана бақ сынайды. Яғни, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан мықтылар ғана өзара кім мықтыны анықтамақ. 

Әлемдік турнир қатысушыларының арасында Олимпиада чемпиондары, әлем біріншілігінің жеңімпаздары, рекордшылар мен FINA рейтингісінің былтырғы көшбасшылары бар. Элиталы топ қатарына 2016 жылғы Рио Олимпиадасының чемпионы Дмитрий Баландин де кірді. 

«Қазіргі таңда FINA ұйымдастыруымен Қытай, Венгрия және АҚШ-та өтетін үш жарысқа дайындық үстіндемін. Бұл жүзу спортындағы жаңа турнир, жаңа формат. Сондықтан, мұндай айтулы додада Қазақстан атынан сынға түсу мен үшін үлкен мәртебе. Жаңа маусымға деген дайындығым ойдағыдай. Биыл өтетін жарыстар тізбегі де мол. Мықтылар арасында сынға түсіп, жылдың ең маңызды бәсекелеріне дайындығымды шыңдаймын», - деді Баландин. 

Әлемдік федерация ұсынған турнир форматы олимпиадалық сыннан өзгеше. Нақтылап айтатын болсақ, әрбір қашықтықта спортшылар бір рет жүзу мүмкіндігін алады. Жеңіске бар болғаны төрт спортшы ғана үміткер болмақ. Жарыста спортшылар 14 қашықтық бойынша бақ сынайды. 

Бүгінде әлемдегі 109 спортшы Champions Swim Series додасына қатысуға келісім берді. Дмитрий Баландин өзі Олимпиада чемпионы атанған 200 метрге брасс әдісімен жүзуден сынға түседі. Оның қарсыластары қатарында Олимпиаданың қола жүлдегері, ресейлік Антон Чупков, 2017 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері әрі осы қашықтықтағы рекорд иесі, жапониялық Иппэй Ватанабэ және қысқа қашықтықта 2018 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанған қытайлық Цин Хайян бар. 

Жарыс үш кезеңнен тұрады. Алғашқы бәсеке 27 сәуір күні Қытайдың Гуанчжоу қаласында өтпекші. Турнирде 2019 жылы өтетін әлем чемпионаты мен 2020 жылғы Олимпиада ойындарына қатысу мүмкіндігін беретін лицензия ойнатылады. 

Турнирдің екінші кезеңі 11-12 мамыр күндері Будапештте, соңғы кезеңі 31 мамыр мен 1 маусым аралығында Индианаполисте ұйымдастырылады. 

Жеңіске жеткен спортшы 10 мың, күміс жүлдегер 8 мың, қола жүлдегері 6 мың доллар көлемінде сыйақы алады. 


Өзгелердің жаңалығы