Балалары батуттан құлаған ана ажалмен қалай арпалысқандарын айтты

21 Қаңтар 2019, 18:45
2888
Бөлісу:
Балалары батуттан құлаған ана ажалмен қалай арпалысқандарын айтты

Астана, baq.kz тілшісі. Былтыр 4 мамыр күні Астанада ұйытқып соққан жел салдарынан «Жаннұр» сауда үйінің маңындағы батут аударылып, 5 бала ауыр жарақат алған болатын. Оқыс оқиға болған жерде Орынбековтер отбасының екі немересі де болған еді. Өлімнен аман қалған екі баланың анасы – Гүлайым дәрігерлер ажалмен қалай арпалысқандары туралы айтты.

Бүгін bestdoktor.kz медициналық ақпараттық порталы Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен «Ауру тарихы» атты жаңа телевизиялық жобаны іске қосты. Астанада жобаның пилоттық нұсқасы көрсетілді.

Әлеуметтік жобаның басты мақсаты – қазақстандық дәрігерлердің атқарып жатқан қызметіне қолдау көрсету. Бағдарлама кейіпкерлері – дәрігерлер мен дәрігерлер көмегіне жүгінген науқастар және олардың ауру тарихы. Жобаның пилоттық нұсқасында былтыр мамыр айында батут аударылғанда зардап шеккен балалардың ауру тарихы көрсетілді.

«Аударылып қалған батутты көрген кезде есімнен танып қалдым»

«2018 жылы 4 мамыр күні аталары балаларым Заида мен Нәбижанның тісін емдетіп, үйге автобуспен қайтып келе жатқан. Жолда «Жаннұр» сауда үйінің маңындағы тұрған батутты көрген балалар аталарына ойнағылары келгенін айтқан. Кешкі бестер шамасында қатты жел соғып, бабутты ұшырып әкетеді. Балаларымның атасы «Тез арада кел!» деп қоңырау шалды. Не болғанын түсініп үлгергенім жоқ, арада екі минуттай уақыт өткенде қайтадан хабарласып, «Тез кел! Батут аударылып, балаларға қиын болды» деді. Ол жер біздің үйге жақын еді. Дереу далаға шығып, жүгірген күйде оқиға орнына жеттім», - дейді зардап шеккен екі баланың анасы.

Оқиға орнына келген кезде батуттың жарылып, аударылып жатқанын көрген келіншек есінен танып қалған.

«Есімді жиған кезде қызымды жедел жәрдем көлігі алып кетіп бара жатқанын көрдім. Ұлым атасының қолында еді, сол себепті орнымнан тұрып, қызымның артынан жүгіре жөнелдім», - дейді ол.

«Қызымның жүйке жүйесінің 98 проценті зақымданды»

Куәгерлердің айтуынша, жедел жәрдем оқиға орнына жеті минутта жеткен. Бес бала да Астана қаласының №2 балалар ауруханасына жеткізілген. Рентген, компьютерлік томаграфияға түсіргеннен кейін балаларға «Жабық бас ми жарақаты, мидың шайқалуы, оң жақ самай сүйегінің гематомасы, оң жақ білек тізбектерінің сіңір созылуы, сол жақ жіліншік жарақаты» диагнозы қойылған. Балалардың, әсіресе Заиданың жағдайы тым ауыр еді.

«Дәрігерлер «Қандай жағдай болса да дайын болыңыздар» деді. Қызымның жүйке жүйесінің 98 проценті зақымданғанын айтты», - дейді Гүлайым.

Бұл кезде дәрігерлер балалардың өмірі үшін күресіп, қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр еді. 10-15 минут ішінде шұғыл шешім қабылдап, ота жасауға кіріскен. Ота сәтті аяқталғанмен, Заида есін жимаған.

«Жүрегімді кеудемнен суырып алғандай сезімде болдым»

«Дәрігерлер «Қолдан келгеннің бәрін жасап жатырмыз. Енді бір Алладан жәрдем тілеңіз, одан кейін бізге сенім артыңыз» деді. Қандай күйде болғанымды сөзбен жеткізу мүмкін емес. Әлдекім жүрегімді суырып алғандай сезімде болдым», - дейді ол.

Ол кезде Заидамен бірге інісі және тағы екі бала комада жатқан. Он күнге жуық уақыт бойы дәрігерлер медициналық жоғары оқу орындарының профессорларымен, ұлттық орталық дәрігерлерімен, тіпті Ресей, Израильдегі мамандармен балаларды қалай аман алып қалу туралы кеңескен.

Бес бала да аман қалды

Дәрігерлер демалысқа қарамай балалардың жағдайын бақылап, жауапкершілікпен қараған. Алты күннен кейін Нәбижан, сегіз күннен кейін Заида есін жиды. Бес бала да аман қалған.

«Балаларымның аман қалуы алдымен Алла тағаланың, одан кейін дәрігерлердің арқасы. Денсаулықтың қадірін басқа түскен кезде ғана білесің екен. Дәрігерлердің алдына суық тию, тұмаурату сияқты жеңіл-желпі жағдайлармен барғанмен, мұндай ауыр жағдайда бірінші рет барып тұрмыз. Олардың жұмысы қаншалықты ауыр екенін енді ғана түсіндік», - дейді екі баланың анасы.

Қазіргі уақытта Нәбижанның да, Заиданың да денсаулық жағдайы жақсы. Бұл оқиға көрген жаман түстей өтіп кетті.

«Қазіргі уақытта балаларымның он екі мүшесі сау. Құдайға шүкір, ойнап-күліп жүр. Бұл жағдай бекерден бекер орын алмаған шығар деп ойлаймын. Балаларымның көрер жарығы болса – өмір жолында өтейтін борыштары бар шығар. Дәрігерлер осы уақытқа дейін бізбен хабарласып, қал-жағдайымызды сұрап тұрады. Бір емес, екі баламнан айырылып қала жаздағандықтан, күйзеліске түсіп кеттім. Менімен психолог, психиатр мамандар жұмыс істеп, есімді жиғызды. Сол үшін де дәрігерлерге рақмет айтам», - дейді ол.

«Дәрігерлердің жоғалтып алған абыройын қайтаруымыз керек»

Жоба авторы, терапевт дәрігер, медицина ғылымының кандидаты Айнұр Тажинаның айтуынша, әлеуметтік желілерде дәрігерлерді қаралайтындар көп.

«Өкінішке қарай, әлеуметтік желі қолданушылары дәрігерлер туралы теріс пікір қалыптастырып, өз міндеттерін дұрыс атқармайтыны туралы жазады. Тіпті, сол үшін өз жұмыстарын тастап, басқа салаға ауысып кетіп жатқан дәрігерлер бар. Ал олар қаншама адамның өмірін аман алып қалғанын неге ешкім жазбайды? Дәрігерлердің жоғалтып алған абыройын қайтарып, олардың қоғамдағы орны қандай екенін көрсету үшін осындай жобаны қолға алдық», - дейді жоба авторы.

Зарина Әбілмәжінова

Өзгелердің жаңалығы