Балалардың жолдағы қауіпсіздігі қалай сақталады?

1 Қыркүйек 2021, 09:49
9288
Бөлісу:
Балалардың жолдағы қауіпсіздігі қалай сақталады?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР ӘПК төрағасының орынбасары полиция полковнигі Жандос Мұраталиев балалардың жолдағы қауіпсіздігі туралы айтып берді. 

- Жандос Дүйсебайұлы, жол-көлік оқиғасы - қай кезде болмасын басты назардағы мәселе. Осы орайда жыл басынан бері қанша адам зардап шекті?
 
- Биылғы жылдың 7 айында республиканың жолдарында 7 180 ЖКО тіркелді, салдарынан 1017 адам қайтыс болып, 9 533 адам әр түрлі дене жарақатын алған. 
 
​- Ішкі істер министрлігі ЖКО болдырмау мақсатында  қандай шаралар қабылдап жатыр?

- Ішкі істер органдарымен жол-көлік оқиғаларының санын азайту бойынша тұрақты түрде шаралар қабылданады. Мәселен, автоматтандырылған жол жүрісін қадағалау жүйесін енгізу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта республиканың жолдарында жол жүрісі қағидаларын бұзуды автоматты түрде тіркеуге арналған 13 мыңнан астам камера бар, олардың көмегімен биылғы жылдың 7 айында 2,5 миллионға жуық құқықбұзушылық анықталды.
Жалпы мұндай жүйелерді пайдалану жол жүрісін байланыссыз басқаруға көшуге және ЖКО азайтуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар елдегі жол инфрақұрылымына көп көңіл бөлінеді.

Осылайша, 2021 жылдың 7 айында ІІМ-мен 360 мыңнан астам шақырымды қамтитын жолдар мен көше-жол желісіне 19 мыңға жуық тексеру жүргізілді. Нәтижесінде 40 мыңға жуық жол ақауы анықталды, кемшіліктерді жою бойынша 19 мыңға жуық ұйғарым жолданған, оның ішінде 195-і жол қауіпсіздігіне қауіп төндіретін жол жұмыстарына тыйым салу туралы.

Сондай-ақ 2 мыңнан астам жолдарды күтіп ұстауға жауапты лауазымды және заңды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

ЖЖҚ бұзудың алдын алу мақсатында тұрғындар арасында кең ауқымды құқықтық түсіндіру жұмыстары тұрақты негізде жүргізіліп келеді. Республика көлеміндегі азаматтық қоғам институттарының қатысуымен профилактикалық шаралар, атап айтқанда, «Жолда қабылдау!», «Автобус», «Қауіпсіз жол», «Назар аударыңыз – жаяу жүргіншілер!», «Назар аударыңыз - балалар!» сияқты іс-шаралар жүргізіліп жатыр.

Халықтың ЖЖҚ бұзушыларға деген теріс көзқарасын қалыптастыру бойынша жұмыстардың тиімділігін арттыру, сондай-ақ тұрғындар мен ішкі істер органдарының өзара іс-қимылының серіктестік моделін құру үшін заманауи цифрлық технологиялар қолданылады.

Атап айтқанда, биылғы жылы «102» мобильді қосымшасы іске қосылды, ол арқылы аудио немесе бейне қоңырау арқылы азаматтар ЖЖҚ бұзу фактілері бойынша полицияның кезекші бөліміне хабарласа алады.

Азаматтар жолда тұрақты бұзушыларды анықтауға белсенді қатысатынын атап кеткен жөн. Сондай-ақ ұялы телефондарды пайдалану азаматтарға бейнелерді нақты уақыт режимінде жолдауға мүмкіндік береді. Бұл ішкі істер органдарына жедел шешім қабылдауды, қылмыс болған жерге нарядтар мен патрульдерді жіберуді, сондай-ақ барлық қажетті дәлелдердің болуын қамтамасыз етеді.

Осылайша, қазіргі уақытта осы институттың көмегімен қоғамда ЖЖҚ бұзудың кез келгеніне төзбеушілік қағидаты қалыптасып келеді.

Сонымен бірге жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету шеңберінде мемлекеттік реттеудің тиімділігін арттыру мақсатында ІІМ осы саладағы заңнаманы одан әрі жетілдіру мәселесімен тұрақты түрде айналысуда.
 
​- ЖКО бұл тек азаматтардың ғана қатысуымен емес, сонымен қатар мектеп оқушыларының да қатысуымен болады. Бұл мәселе қалай қадағалануда? Оқу жылының басында қандай іс шаралар ұйымдастырылып жатыр?

​- Балалардың жолдағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі қашанда өзекті болып қала береді.
​Өкінішке қарай, республика жолдарында болатын әрбір төртінші жол-көлік оқиғасы кәмелетке толмағандардың қатысуымен болып отыр. Жыл басынан бастап осындай жол-көлік оқиғаларында 90 бала қайтыс болып, 1 860-сы жарақат алды.

​Пандемия мен халықтың әлеуметтік оқшаулануы кезінде мектеп оқушыларының көпшілігі қашықтан оқу форматына көшірілді. Осы уақыт аралығында жасөспірімдер арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу көлемі де төмендеді.

​Осыған орай, Ішкі істер министрлігі балалардың жол-көлік жарақаттарының алдын алу, олардың көшеде және жолдарда қауіпсіз жүріс-тұрыс дағдыларын нығайту мақсатында, биылғы жылдың 23 тамызынан бастап оқу жылының басталуы қарсаңында «Абайлаңыз – балалар!» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізуде.

​Аталған іс-шара 2 кезеңде өткізіледі: дайындық кезеңі (23-31 тамыз) және негізгі кезең (1-10 қыркүйек аралығында). 

​Қазіргі таңда дайындық кезеңі қарқынды түрде жүргізіліп жатып. Бұл кезеңде білім беру мекемелерінің аумағындағы көше-жол тораптарының жұмыс күйін және жол жүрісін ұйымдастырудың техникалық құралдары зерттеліп жатыр.

​Іс-шара барысында жол және коммуналдық қызмет өкілдерімен бірге жолға жақын орналасқан білім беру мекемелерінің аумағына 4 мыңнан астам тексеру жұмыстары жүргізілді.

​Тексеру нәтижелері бойынша анықталған кемшіліктерді жою үшін уәкілетті мекемелерге 2 мыңға жуық нұсқаулық берілді.

​Сонымен қатар білім беру мекемелерінің жанында 2 мыңға жуық жол белгісі ауыстырылып, қайта орнатылды, мыңға жуық жаяу жүргіншілер өткелдері жабдықталды. Сонымен бірге 20 мың метр жаяу жүргіншілер жолдары салынды, 26 мың метр жолдар жасанды жарықтандырумен жабдықталды.

​Іс-шара басталғалы кәмелеттік жасқа толмағандардың қатысуымен болатын ЖКО-ның себептері болатые 18 мыңнан астам жол жүрісі қағидаларын бұзудың жолы кесілді (жол қиылыстарынан, жаяу жүргіншілер өткелдерінен өту ережелерін бұзу, балаларды тасымалдау ережелерін бұзу, оның ішінде балаларға арналған креслоларды қолданбау және т.б.).​ 

Биылдың 1 қыркүйегінен білім беру мекемелерінің жандарында полиция жасақтарының тығыздығы артады.
​Негізгі кезең тікелей балалармен жүргізіледі. «Бірінші сынып оқушыларын жаяу жүргіншілерге арнау», «Біз жол қауіпсіздігі үшін» деген сияқты іс-шаралардың барлық түрін өткізу жоспарланып отыр.
 
- Жол-көлігі оқиғасына азаматтарымыз ең жиі қандай себептермен ұшырайды? Маман ретінде оқырмандарға жолдағы қауіпсіздікті сақтауға қатысты ақыл-кеңесіңізді айта кетсеңіз!

- Жаңа оқу жылының басталуымен еліміздің жолдарында балалардың саны артады. Осы орайда жол жүрісіне қатысушылардың барлығын жол жүрісі қағидаларын қатаң сақтауға және жолда қырағылықты жоғалтпауға шақырамыз.

Біздің болашағымыз - ол балалар. Ендеше балаларды келеңсіз оқиғалардан сақтайық!

Өзгелердің жаңалығы