Бас жаңалықтар
Балалардың суға кетуі ата-аналардың салғырттығынан болады – маман
Мақала
04 Мамыр 2021, 09:47 151

Балалардың суға кетуі ата-аналардың салғырттығынан болады – маман

Жамбыл облысы. BAQ.KZ тілшісі. Жамбыл облысы аумағында 100-ден аса өзен бар. Оның ішінде ең ірілері ретінде Шу, Талас, Аса өзендерін атауға болады. Сонымен қатар Ақкөл, Билікөл, Балқаш көлінің бір бөлігі орын тепкен.

Мұны аймақ бойынша Төтенше жағдайлар департаменті Төтенше жағдайларды жою басқармасының басшысы Омар Такеев мәлімдеді. Оның сөзінше, өңірде, сондай-ақ ірі Тасөткел, Теріс-Ащыбұлақ, Ынталы, Қарақоңыз, Қақпатас су қоймалары мен 112 тоған бар. Өткен жылғы мәліметке сәйкес, облыс аумағында жазғы шомылу маусымында арнайы жабдықталған 3 жағажай – Тараз қаласындағы «Зербұлақ» көлі, Қаратау қаласындағы «Жартас», Жаңатас қаласындағы жағажай және 50-ден аса жеке бассейін есепке алынған.          

Былтыр Жамбыл облысының су айдындарында 16 суға бату оқиғасы тіркеліп, одан 17 адам қаза тапқан болатын. Оның 9-ы жасөспірімдер. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінен болар, алдыңғы жылмен салыстырғанда суға кету оқиғасы 6-ауға, ал қаза болған адамдар саны 8-ге төмендеген. Көз жұмған балалардың саны 4 балаға кеміген. Жалпы су айдындарындағы төтенше оқиғалардың дені Байзақ ауданында, содан соң Шуда, Тараз қаласы мен Жамбыл, Мойынқұм, Жуалы, Меркі аудандарында орын алған. Бұл тізімнің соңында Сарысу мен Т.Рысқұлов аудандары да бар. Қордай мен Талас аудандарында мүлде оқыс оқиға болмаған, - деді басқарма басшысы.             

Жауапты маманның сөзінше, шомылу кезінде балалардың мерт болу оқиғаларының барлығы ата-аналарының қараусыз қалдыруының салдарынан болған. 2 қайғылы жағдай шомылуға арналған орында болған. Атап айтқанда, Жуалы ауданындағы Теріс-Ашыбұлақ су қоймасының «Этно-Виладж» демалыс орнында және Сарысу ауданының орталығы – Жаңатас қаласындағы жағажайда, ал қалғандары шомылуға тыйым салынған орындардағы су айдындарында тіркелген.          

Су объектілерінде жазғы шомылу маусымында тұрғындардың жаппай шомылатын орындарын белгілеу және онда қоғамдық құтқарушылардың кезекшілігін қарастыру мақсатында арнайы қаулы қабылданды. Осы құжат аясында облыс аумағында жаппай шомылатын 15 орын нақтыланды. Олардың 4-уі Қордай ауданында болса, Т.Рысқұлов, Жамбыл, Жуалы аудандарының әрқайсысында 2 орыннан бар. Тараз қаласы мен Сарысу, Шу, Талас, Байзақ аудандарында 1 орыннан белгіленді, - деп атап өтті Такеев.          

Ал өткен жылы су айдындарында қайғылы оқиғалар орын алғанына қарамастан, Шу, Мойынқұм, және Меркі аудандары арнайы шомылу орындары мен жағажайларды белгілемеген. Ал қаулы дайындалар алдында барлық аудан әкіміне сұраныс хат жолданыпты. Бірақ бұл аудандар халық жаппай шомылатын орындардың тізімін бермеген. Енді биыл мұндай олқылықтарға жол берілмеуі тиіс. Яғни, құжат аясында бекітілген жаппай шомылатын 15 орында мынау іс-шараларды жүзеге асыру қажет. Алғашқысы, арнайы белгілермен бөлінген, тереңдігі 1, 2 метрден аспайтын балаларға және жүзу білмейтіндерге арналған орынмен жабдықтау. Екінші, сүңгуірлермен су астын арнайы тексеріп, қауіпсіз бөлігін арнайы белгілермен бөлу. Бұл орайда төтенше жағдайлар департаментінің сүңгуірлері тегін беріледі. Үшінші, құтқарушылармен және суда құтқару құралдарымен жабдықталған құтқару бекетін орналастыру. Төртінші, алғашқы дәрігерлік көмек көрсетуге арналған медициналық пункт құру немесе жергілікті медицина қызметкерлерінің кезекшілігін ұйымдастыру. Соңғысы, суда шомылуға арналған қауіпсіздік ережесі, су, ауаның температурасы, ағыс жылдамдығы, полиция және құтқару қызметінің телефон нөмірі көрсетілген стенд орнату.

Жалпы қазіргі уақыттағы бағамен жүргізілген есепке сәйкес бір шомылатын орынды қауіпсіздік талаптарына сай келтіру үшін шамамен 3 млн теңгедей қаржы қарастыру қажет. Бұл қаржының бөлінуі су айдындарында адамдардың өмірін сақтап қалумен тікелей байланысты. Қазіргі таңда судағы қауіпсіздік мәселелерін кеңінен насихаттау жұмысына ерекше назар аудару керек. Осы мақсатта жазғы шомылу маусымында өңірдегі су айдындарында төтенше жағдайларды, адам өлімін болдырмау және алдын алу іс-шараларының бірлескен жоспары бекітіліп, қала мен аудан әкімдеріне, осыған қатысты мекеме басшыларына орындауға жіберілді, - деді басқарма басшысы.

Ол бүгінде Жамбыл облыстық ТЖД жедел құтқару жасағының күштері мен құралдары аймақтағы су айдындары оқиғаларына жедел кірісу үшін дайындыққа келтірілгенін айтты. Онда 17 бірлік техника, 12 жүзу құралы, яғни резеңке, металл қайықтар және 27 құтқару жабдығы әзірленген.

Жыл басынан бері елді мекендерде 50-ден астам рейдтік іс-шара өткізіліп, халыққа түсіндіру жұмыстарына арналған 25 жиын ұйымдастырылған. Онда тұрғындарға су айдындарындағы негізгі қауіпсіздік шаралары жеткізілген, сондай-ақ жасанды және далалық су арналарында қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты шаралар қабылдау бойынша ұсыныстар тыңдалған.                            

Қазіргі таңда Жамбыл облыстық білім басқармасымен бірлесіп, білім беру ұйымдарында жазғы шомылу маусымы кезінде судағы қауіпсіздік шаралары жөнінде кеңінен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар мамыр айында оқу орындарында ата-аналар жиналысын өткізу жоспарланып отыр. Жиын барысында балалардың суда қаза болу себептері мен су айдындарының жанында балаларды қараусыз қалдырмау және қауіпсіздік ережелерін бұзғаны үшін ата-аналардың жауапкершілікке тартылатындығы ескертілетін болады, - деді департамент өкілі.

Омар Такеевтің сөзінше, әлеуметтік желілерде де судағы қауіпсіздікті сақтау мәселелері бойынша профилактикалық жұмыстар барынша атқарылуда. 

Сондай-ақ қауіпті су айдындарында жергілікті атқарушы органдармен суға түсуге тыйым салынған орындар белгіленіп, ескерту сипатындағы ақпараттық тақталар орнатылып жатыр. Бұл бағыттағы шаруалар әлі де жалғаса беретін болады.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...