Бас жаңалықтар
Маңғыстауда балалардың жазғы демалысына 429 млн теңге бөлінді
27 Мамыр 2019, 14:50 607

Маңғыстауда балалардың жазғы демалысына 429 млн теңге бөлінді

Маңғыстау облысы, BAQ.KZ тілшісі. Аталған сома аудандық және қалалық әкімдік қазынасынан бөлінеді. Бұл жөнінде облыстық білім басқармасының өкілдері мәлімдеп отыр.

Бүгінгі таңда Маңғыстау облысы бойынша орта білім беру мекемелерінде бірінші және оныншы сынып аралығында жалпы саны 133 мың 317 бала оқиды. Жылдағы дәстүрге сай олар баратын жазғы демалыс-сауықтыру лагерьлері негізінен екі бағытта жұмыс істейді. Алғашқысында оқушылардың жазғы лагерьде демалуына жағдай жасалса, соңғысында балалардың бос уақытын тиімді пайдалануға баса мән беріледі. 

«Жалпы қазіргі уақытта осы аймақта 319 сауықтыру орны бар. Каспий жағалауында төрт лагерь, тағы 89 лагерь орта мектеп жанында және қосымша білім беру ұйымдарында ашылған» - деп отыр жауапты мамандар. 

Әдетте мектепішілік лагерлерде оқушылар таңертеңнен кешке дейінгі аралықта бес мезгіл тамақтанып, танымдық, шығармашылық және спорттық шараларға қатысады. Сондай-ақ балалар үшін тәулігіне 2-3 сағаттық сауықтыру шаралары да ойластырылған. Туристік, танымдық бағыттағы шаралардың аясында жеткіншектер облыстағы сакральды орындарға бір немесе үш күндік саяхаттарға шыға алатын болады. 

«Айта кетейік, біздің амақта аз қамтылған отбасыдан шыққан 11 мың 700 бала бар. Олардың барлығы да жазғы лагерьлерде тегін демалыспен қамтамасыз етіледі. Оның ішінде 40 бала демеуші мекеменің қаржылай қолдауымен келер тамыз айында Италияға жолдама алады. Сонымен қатар балалар үйінің тәрбиеленушілері үшін Алматы және Астана қалаларында демалыс жоспарланған», - дейді Маңғыстау облыстық білім басқармасының басшысы Асқар Сейдалиев. 

Биылғы жылдың тағы бір ерекшелігі, жазғы демалыс-сауықтыру орындарынан бөлек қосымша 102 кәсіптік және 124 туризм, спорт, палаталық бағыттағы лагерлер жұмысын бастайды деп күтілуде. 


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...