Балаларды соққыға жыққан тәрбиешінің ісі немен аяқталғаны белгілі болды

8 Мамыр 2019, 10:08
1752
Бөлісу:
Балаларды соққыға жыққан тәрбиешінің ісі немен аяқталғаны белгілі болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл оқиға 2 мамыр күні Алматы қаласындағы №37 балабақшада орын алған. Аталған қылмыс бойынша ПД тергеу амалдарын жүргізді, іс сотқа жіберілді. Балаларды жәбірлеген Гүлжан Әкімбаеваға қатысты сот үкімі шықты, деп жазды Almaty.tv. 

Кәмелетке толмағандар ісі бойынша мамандандырылған ауданаралық сотта балаларды ұрған балабақша тәрбиешісі Гүлжан Әкімбаеваға қатысты үкім шығарылды. Соттың үкімімен әйел ҚР ҚК 140-бабы 2-бөлігі «Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi орындамау» бойынша кінәлі деп танылып, 60 АЕК көлемінде айыппұл салынды және үш жылға дейін кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге тыйым салынды. Сондай-ақ, сот айыпталушыны Зардап шегушілердің өтемақы қорына 5 АЕК төлеуге және 100 000 теңге көлемінде моральдық залал өтеуге міндеттеді. 

Сарапшының қорытындысына сәйкес, Гүлжан Әкімбаева балалардың денесін жеңіл жарақаттаған. Әйел өзінің кінәсін толықтай мойындап, істеген ісіне өкінетінін айтты. Сот үкімді шығарарда оның кінәсінің мойындауы мен өкінуін, сотталушының кәмелетке толмаған екі баласының барын есепке алды. 

Оқиға 2 мамырда Алматы қаласындағы №37 балабақшада болған. Балабақша ішінде түсірілген видео әлеуметтік желілерде тарап кеткен. Кадрда әйелдің кереуетте жатқан балаға барып, оны төсектен жұлқып тұрғызып, басқа бөлмеге алып кеткені анық көрінген. Кейін ол бұл әрекетін басқа балаға да жасайды. Ол ойнайтын бөлмеде балаларды бірнеше рет ұрып-соғады. Кейінірек Полиция департаментінде тәрбиешінің қылмыстық жауапқа тартылғаны хабарланды. 

Бұған дейін қалалық Білім беру басқармасы балабақшада болған оқиғаның мән-жайы туралы толық баяндап берген болатын. Кейіннен белгілі болғандай, балабақша меңгерушісі қызметінен кеткен. Үкім заңды күшіне енген жоқ. 

Өзгелердің жаңалығы