Балалардың рухани және физикалық дамуына назар аудару керек – Қасымбек

20 Ақпан 2020, 09:08
1862
Бөлісу:
Балалардың рухани және физикалық дамуына назар аудару керек – Қасымбек

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Қарағанды облысындағы апатты, апат алдындағы және үш ауысымда білім беретін мектептер мәселесі жақын уақыттары шешіледі. Білім саласындағы басқа да өзгерістер мен жоспарлар жайлы облыс әкімі халыққа есеп беруінде баяндады.

Бүгінде аймақта 3 мектеп апатты, 8 білім мекемесі апат алдындағы жағдайда болса, тағы 3 мектеп үш ауысымда білім беруде. Аталған мәселелерді шешу үшін алдағы екі жылда облыста 6 жаңа білім ордасын салу көзделіп отыр.

Осы жылдың соңына дейін барлық мектептер бейнебақылаумен қамтамасыз етіледі. 118 мектеп ғимаратаның ішінде жайлы санитарлы тораптар салынады. Балалардың рухани, адамгершілік және физикалық дамуына үлкен назар аудару қажет. Биылғы жылы облыс орталығында балалар мен жасөспірімдер сарайы және Сәтбаев қаласында оқушылар сарайының құрылысы аяқталады, - деп атап өтті облыс басшысы.

Сонымен қатар, Ақтоғай, Қарқаралы және Ұлытау аудандарында жас туристер мен натуралистер станциясы, Бұқар Жырау және Осакаровка аудандарында технопарктер, Жаңаарқа ауданында оқушылар үйін ашу жоспарлануда.

Мектеп оқушылары мен ата-аналардың көңілінен шыққан жаңалықтың бірі—қыркүйек айынан бастап отбасылардың материалдық жағдайына қарамастан 1-4 сынып оқушылары тегін ыстық тамақпен қамтылатындығы. Жаңашылдық сатылап жүзеге асырылады.

Облыстық мәслихат депутаттарының қолдауымен биылғы жылдың қыркүйегінен бастап 1 және 2 сынып оқушыларын, 2021 жылдың қыркүйегінен 3 сыныптың, 2022 жылдан 4 сыныптың оқушыларын тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етуді шештік. Бұл үшін облыстық, аудандық бюджеттен жыл сайын 10-12 млрд теңге бөлінетін болады, - дейді Жеңіс Қасымбек.

Бір айта кетерлігі, мектепке дейінгі білім мекемелері балабақшалардағы кезектің автоматтандырылуы өз нәтижесін беруде. Бүгінде облыстағы балабақшалардың 66 пайызында кезек автоматтандырылған. Бұл сыбайлас жемқорлықты толығымен жоюға мүмкіндік беруде.

Өзгелердің жаңалығы