Қарағандыда балалар тағамын және сүт өнімдерін шығаратын зауыт салынады

19 Ақпан 2020, 21:44
2263
Бөлісу:
Қарағандыда балалар тағамын және сүт өнімдерін шығаратын зауыт салынады

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Қарағанды аймағында мал шаруашылығы саласы тұрақты түрде дамып келеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша аграрлық секторда 200 млрд теңгенің өнімі өндірілген. 

Облыс әкімінің айтуынша, биыл да сүт, ет өнімдерін өндіретін фермалар көбеймек.

Қолайсыз ауа-райына қарамастан облыста, астықтың, картоптың және көкөністің жақсы өнімі жиналды. Бұл бізге ішкі қажеттілігімізді толық қамтамасыз етуге және еліміздің астанасына өнімдерді экспорттауға мүмкіндік берді. Мал шаруашылығы саласы тұрақты түрде дамып келеді. Өткен жылы Иранға, Өзбекстан мен Қытайға 1386 тонна сиыр еті экспортқа шығарылды. Жалпы облыс бойынша мал басының өсімі байқалады. Атап айтқанда 2019 жылдың қорытындылары бойынша ірі қара малы 3, жылқы 9, құс 2 пайызға өскен. Қазіргі уақытта облыста 12 мың бас ірі қара малына арналған 52 сүт-тауар фермасы жұмыс істейді. Оның алтауы 2019 жылы жаңадан құрылған. Ал биылғы жылы 2600 мал басына арналған 8 ферманың құрылысы басталмақ,- деді Жеңіс Қасымбек.

Өндіріске цифрлық технологияны енгізу де нәтижелі жүзеге асуда. Бүгінде өңірде 28 шаруашылық сандық технологиямен жұмыс істеуді бастап кеткен.

"Найдоровское" шаруа қожалығы облыс бойынша бірінші болып жоғары еуропалық стандарттар бойынша және экспортқа бағытталған органикалық егіншілікке көшті. Қазір біз үшін ауылшаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу басым бағыттың бірі болып табылады. 2019 жылы облыстың 210 кәсіпорны 110 млрд теңгенің өнімін өндірді, - деп атап өтті әкім.

Аймақ басшысының сөзінше, кәсіпкерлерді қолдау картасы аясында балалар тағамы мен сүт өнімдерін өндіретін зауыт салынуда.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша агроөнеркәсіп кешені инвестициясы 21,0 млрд теңгені құрады, бұл 2018 жылмен салыстырғанда 18,6 пайызға артық. Жалпы агроөнеркәсіп кешені саласында инвестицияларды тарту есебінен жалпы сомасы 32,8 млрд теңге болатын 31 инвестициялық жоба іске асырылды. Оның нәтижесінде бір жарым мыңнан астам жаңа жұмыс орындары пайда болды, - деді Ж. Қасымбек.

Агроөнеркәсіп саласындағы тағы бір ауыз толтырып айтарлық жетістік – өткен жылы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне субсидия төлеу мәселесі толығымен шешімін тапқан. Былтыр фермерлерге 21 млрд теңге көлемінде мемлекеттік қолдау жасалған.

Өзгелердің жаңалығы