Бас жаңалықтар
Балалар күні. Шымкентте ҚХА мүшелері бүлдіршіндерге сый жасады
01 Маусым 2019, 16:26 1630

Балалар күні. Шымкентте ҚХА мүшелері бүлдіршіндерге сый жасады

Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Шымкентте 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне қалалық Қазақстан халқы ассамблеясының ұйымдастыруымен «Бірге күліп, шатанайық!» мерекелік іс-шарасы өтті. «Достық үйі» ауласында өткен мерекеде ассамблея мүшелері балдырғандарға концерт қойып, сый-сияпат жасады.

Мерекелік шараға қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығы, «Қоғамдық келісім» КММ қызметкерлері, қаладағы этномәдени бірлестіктердің төрағалары және мүшелері, көп балалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан 150-ден астам бала қатысты.

Салтанатты жиында қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов мерекенің маңызына тоқталып, балаларға ыстық лебізін білдіреді.

«Кез келген ел келешегін өскелең ұрпағымен байланыстырады. Біз қолдан келгеннің бәрін сендер үшін жасаудамыз. Ал болашақта сендердің Қазақстанның игілігі үшін аянбай еңбек етеді деп сенеміз. Жас буынға қамқорлық жасау дәл осы мереке қарсаңында ескерілетін шаруа емес, ол барлық уақытта қоғамның назарында болатын маңызды міндет. Осы орайда, балаларды қолдауға әрдайым қол ұшын созып жүрген қалалық ассамблея мүшелеріне алғысымды білдіремін», - деді М.Қалмұратов.


Арнайы мерекелік дастархан жайылып, барша балаларға сыйлықтар мен балмұздақтар таратылды. Қалалық Оқушылар сарайының өнерпаздары бүлдіршіндердің назарына ертегілер желісімен дайындалған қызықты сахналық қойылымдар және көңілді ойындар ұсынды.

Сондай-ақ, славян, әзербайжан этномәдени бірлестіктері Шымкент қаласындағы №11 емханада тіркеуде тұрған мүмкіндігі шектеулі балалар мен қалалық №3 балалар үйіне арнайы барды. Сонда ассамблея мүшелері 148 балаға сыйлықтар үлестіріп, бүлдіршіндерге мерекелік көңіл-күй сыйлады.


Фото: автордан

Сізден жаңалық