«Балалар Омбудсменге» бейне конференциясы өтті

1 Маусым 2019, 16:48
1986
Бөлісу:
«Балалар Омбудсменге» бейне конференциясы өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында Нұр-Сұлтан қаласында Сенат депутаты, Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Сәуле Айтпаева «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы және «Бақытты бала» қоғамдық қорымен бірлесе отырып «Балалар-омбудсменге» бейне конференциясын өткізді.

БҰҰ Бала құқықтары жөніндегі комитетінің ұсынымдарына сәйкес балалар өздерінің мүдделеріне қатысты барлық мәселелер бойынша өз көзқарастарын еркін білдіруге, жеткізуге хақы бар.

«Балалар Омбудсменге» бейне конференциясы өтті

Бұл шараның негізгі мақсаты – балалар мен жастардың аймақтарда әзірленген үздік әлеуметтік жобаларын жария ету. Мұндай қызмет Балалар мен жасөспірімдерді оқытуға мүмкіндік береді, олардың түрлі саладағы сауатын арттырып, болашақ мамандығын айқындауға көмектеседі, сондай-ақ олардың азаматтық жауапкершілігін қалыптастырады.

Бейне конференцияны Парламент Сенатының депутаты, уәкіл С.Айтпаева жүргізді. Уәкіл республикада балалардың қабілеттерін ашу және әлеуметтік пайдалы істерде өзін-өзі таныту мүмкіндіктерін мейлінше пайдалану үшін жағдай жасау жөніндегі дәйекті түрде әрі жүйелі жұмыстар атқарылып келе жатқанын атап өтті.

БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) Қазақстандағы өкілі Ю.В.Оксамитный конференцияға қатысушылар алдында құттықтау сөз сөйлеп, Қазақстандағы Балалар қоры 1992 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқанын әрі Үкіметпен және балалардың жағдайын жақсарту жөніндегі қоғамдық ұйымдармен тығыз байланыста екенін айтты. Ю.В.Оксамитный Қазақстан тәуелсіздік жылдары балалардың бақытты, жайлы, қауіпсіз өмірін қамтамасыз етуде елеулі табыстарға қол жеткізгенін атап өтті.

Еліміздің Білім және ғылым министрлігі Балалар құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Ержан Ерсайынов балалардың құқықтарын қорғау саласындағы өзекті мәселелер туралы әңгімеледі. Сондай-ақ, ішкі істер министрлігінің өкілі Әсет Оспанов балалардың жазғы демалысы қауіпсіз болуын ұйымдастыру жөніндегі ішкі істер органдары қабылдайтын шаралар туралы хабардар етті.

Бейнеконференция жұмысына Қазақстанның барлық өңірлерінен 248 бала қатысты, олардың ішінде ғылыми, әлеуметтік, шығармашылық жобалар бәйгелерінің жеңімпаздары, аула клубтарының өкілдері, жас музыканттар, спортшылар, қалалық, аудандық және ауылдық мектептердің суретшілері болды.

Сәуле Мұханбедианқызы бейне конференцияны қорытындылады және жобалармен жұмыс істейтін балалардың қызметі республикамыздың барлық балалары үшін үлгі болуы керектігін атап өтті. 

Өзгелердің жаңалығы