Қостанайда балалар кинофестивалі өтіп жатыр

7 Маусым 2019, 16:57
2363
Бөлісу:
Қостанайда балалар кинофестивалі өтіп жатыр
Фото: автордан

Қостанай облысы, BAQ.KZ тілшісі. Қостанайда «Қазақстан балалары шексіз әлемде!» атты республикалық фестиваль өтіп жатыр. Жеткіншектердің кино өнеріне әуестігін арттыруды мақсат тұтқан байқауға әр аймақтан келген 134 оқушы қатысып, 9 номинация бойынша бақ сынауда.

Республика деңгейінде бірінші рет ұйымдастырылып отырған фестивальге қатысушылар бұған дейінгі екі кезеңде (аудандық/қалалық және облыстық) іріктеуден өткен үздіктер.

«Балалар кинофестивалі ҚР Білім және ғылым министрлігінің тапсырысына сәйкес өтіп жатыр. «Мәңгілік ел» ұлттық идеясын басты ұстын етіп алдық. Үміткерлер деректі, ойынды, анимациялық фильмдер, әлеуметтік бейнебаяндар және тағы басқа да номинациялары бойынша жасаған жұмыстарын көрсетеді. Негізгі мақсатымыз – оқушылардың осы өнерге қызығушылығы арттыру және дарындыларды анықтау», – деді Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының өкілі Әсемгүл Нұрланова іс-шараның ашылуында.

Қостанайда балалар кинофестивалі өтіп жатыр

Екі күнге созылатын байқау қорытындысында 1, 2, 3 орынға ие болған  жеңімпаздар марапатталып, бағалы сыйлықтар табысталады. Жалпы командалық есепте үздік шыққандар, жүлдегерлерді дайындаған жетекшілер де назардан тыс қалмайды.

«Елу жылдық еңбек өтілі бар мен секілді педагог үшін бұл байқау шынымен де маңызды көрініп тұр. Өйткені, жан-жақтан жиналған дарындылар бас қосып, бір-бірімен сөйлеседі, тәжірибе алмасады. Бір жағынан олар өздеріне ұнайтын іспен айналысып, айналадағы кейбір жағымсыздықтардан бойларын аулақ ұстаса, екіншіден, өнердегі шеберліктерін шыңдайды. Біз Алматы облысынан 8 оқушы алып келдік. Олар жүлде алар-алмас, осы фестивальге келуінің өзі бірталай жетістік деп санаймын», - дейді Мүслима Үсенбаева.
Өзгелердің жаңалығы