Балаеваға - 5!

28 Маусым 2020, 14:51
2199
Бөлісу:
Балаеваға - 5!

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Белгілі спорт журналисті, ақын Аман Сейітханов Facebook-тегі парақшасында Журналистер күніне орай пікір қалдырып, қазіргі Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Ғалымқызының қызметі барысында қолға алған бірнеше ісін атап өтіп, төл мерекесімен құттықтады.

Оның айтуынша, журналистика саласында отыз жылдан бері еңбек ету барысында талай шендіні жолықтырған. Оның ішінде үмітті ақтағандары болды, ісі көңілге жақпағандары да болған көрінеді. 
Біреуге баға беру бізге жат қылық. Әсіресе, мемлекеттік қызметтегі кісінің ісіне үңілуге аса құмар емеспіз. Күні бүгінге дейін шенеунік атаулыға сырттай да, іштей де еміреніп көрмеппіз. Тізгін ұстағандарға барынша салқын қарадық. Өйткені біздің көзқараста бір физикалық тепе-теңдік орнауы жөн еді. Көбі мақтайды, кейбіреулері даттайды. Ал, бейтарап қарайтын біреудің жүргені жақсы емес пе? Таразы басының не тым жоғары, не болмаса төмен тартып кетпеуін қадағалайтын. Яғни, бейтараппыз. "Жақсы да болса, қарағым, жаман да болса қарағым". Шен алғанға қол соғу, сүрінгенге сойыл ала жүгіру сүйекке сіңбепті. Ал, енді не күн туды дейсіз бе? Бәлендей бүлінген ештеңе жоқ. Іш жылыған соң, көңіл көншіді.
Бір мәселе бар. Отыз жылдан бері журналистика саласында жүрміз, талай шенді жолықты. Біз барған шығармыз, олар іздеді. Қысқасы қызмет бабымен, ағайындық қарым-қатынас шеңберінде араластық. Сыр ақтарғандары кездесті. Біздің де ақыл айтып жіберген тұстарымыз бар. Пікір қайшылығы, түсінік алшақтығы да орын алды. Өз ретімен сүрілген өмір ол. Талайына тілектес едік. Үмітті ақтағандары болды, Ісі көңілге жақпағандары да жүр. Қазақтың небір атпал азаматтарына іні едік. Ол да бір институт. Керек десеңіз, академия! Өзіміз мойындаған мықтылардан естідік. Темірбек Жүргенов жайында. Ілияс Омаровтың болмысы туралы. Кәркен Ахметовтың қарқынды істерін. Сауық Тәкежановтың саңлақ екенін. Өзге де тұлғалар болған шығар. Студент кезімізде Қонаевқа кіріп барып, кіріп барғанда да жиырма минут уақыт бөлген ақсақалдың қасында тапжылмай үш сағаттай отырып, әңгіме тыңдаған біздің де өз құнымызды білетініміз анық, - деді ол.

Аман Сейітханов кезінде Ақ үйде ішкі саясатта қызмет етіп жүрген Аида ханымға хат жазбақ болғандары туралы айтып өтті.

Балаеваны бағалау дедік қой. Ол не үшін еді? Мәжбүрлік пе? Жоқ! Қажеттілік? Олай деуге де негіз аз. Бізді жекке мүдде, бас пайда мүлде қызықтырмайды. Ендеше, бас бармақты барынша жоғары көтеруге не түрткі? Рас, бүгін БАҚ күні. БАҚ басы ретінде құттықтасақ та, ыңғайы келіп тұрған. Оған бола "5" көтермейміз ғой, енді. Бәйгеден келді ме? Бәйек болуымыздың сыры неде? Себебі бар екен. Басында аңғармаппыз. Мән бермегенбіз, шамасы. Таққа шыққандарға, атқа мінгендерге суық қарайтын қалпымыз осы бір қаршадай қыздың елгезектігін електен өткізбей қойыпты. Ішкі цензурамыз. Бір елдің бағына біткен БАҚ министрін қаршадай қызға балайтын жөніміз бар ма өзі? Ол қызметтік этиканың, адами кодекстің талабына сәйкес пе? Бұл жағы бізге беймәлім. Ал, қазақы қалыпқа, ағалық қисынға сүйенсек, ісіне сүйінген жанды қаршадай қыз деп әспеттетудің еш сөкеттігі жоқ екені анық.
Аида айналайынға хат жазғымыз келген кезіміз де есімізде. Ол кезде Ақ үйде, ішкі саясатта жүрген кезі. Әлгі хаттың мәтіні көкіректе сайрап тұр. Реті келсе, айтып та жібереміз. Әзірге ірке тұрайық, - деді спорт журналисті.

Ақын жақында қайтыс болған Бейсен Құранбекті еске алды. Бейсен қайтыс болған күні жақында ғана тағайындалған БАҚ-тың жаңа министрі алғашқылардың бірі болып қазаққа көңіл айтқанын алға тартты.

Балаеваны бағалауға Бейсенжан себеп болды. Қырық күн бұрын қыршынынан қиылған бауырым, өзі де, ісі де ірі інім. Бейсенжанның анасы да бақилық болыпты. Алла тағала алдынан жарылқасын. "Көзіме жас бер, жылайын. Шыдам бер, сабыр қылайын", - деп жазғанда Құнанбайұлы Абай қандай күйде болды екен? Қырық күн бұрын ұлынан айырылған, үш күннің алдында қамшысы сынған Жанысбектің Абайы, Абай ағам Құранбектің күйін сеземіз... Алладан сабыр тілейміз! Құдыретті Жаратушының өзіне аманат! Бейсенжан қайтыс болған күні әлгінде ғана тағайындалған БАҚ-тың жаңа министрі алғашқылардың бірі болып қазаққа көңіл айтты. Қазаққа дейтініміз, әлеуметтік желіге жазды. Бейсенжанның әулетіне де жолдаған болар. Рас, сала басшысының қабырғалы тілшінің қазасына байланысты көңіл білдіруі алдымен ісінің жөні, адамгершілік қасиеті. Рас, саясат жолы, кәсіби этикетке де шарты толады. Біз кезінде мән бермеген, бірақ бүгін баға көтеруге түрткі болған жобаға да Аида министр сол күндері тәуекел етіпті. Әлде өзінің жеке көзқарасы, бәлкім ақылдаса келген шешім, анығы - Аида Балаева басқаратын министрлік Бейсен Құранбек атындағы байқау жариялайтынын хабарлап үлгерді. Біздің түсінікте, бұл шаруа келесі жылдың еншісіндегі іс болса керек-ті. Себебі, енді ғана тізгін ұстаған Балаева ұйымдастыру жұмысын, оны өткізудің ретін белгілеп, қаржысын шешіп, Бейсенжанның жылдық асына шекті атқаруға міндеттеме алса ше, уақыт та, байқауға қатысатындар да, тіпті қоғам да құптайтын еді. Жоқ, ол бірден іске кірісті. "Жігер" деп ат қойып, сыйлық тағайындап, жігерлі жастарды тез арада өз жұмыстарын қазылар алқасына тапсыруға шақырды. Қырқына үлгеруді ойлағанын да білдік. Және "Жігер" қандай дұрыс таңдау!. Бейсенжанды бірнеше кісі жақсы білсе, соның бірі біз едік. Бозбала кезінен көз алдымызда. Сол кезден оның бойынан ерік-жігер байқалды. Ат жалын тартып мінгелі бері жұрттың бәрін жігерлендірумен жүрді. Мынау жалғаннан озғанша, жігері мұқалған жоқ. Демек, егер Бейсенжан атында қандай да бір байқау өтетін болса, оның "Жігер" аталуы жарасымды еді, - деді Сейітханов.

Ол пандемияға қарамастан Аида Ғалымқызының "Жігер" байқауының өткізілуіне атсалысқанына тәнті болғанын жасырмады.

Республикаға сауын айтып, байқау жариялау оңай да шығар. Оны өткізу дәл қазір табандылықты қажет еткенін де анық ұғамыз. Пандемия жоқ заманда кез келген іс өз өзінен дөңгеленіп сала беретін. Енді мұндай тәуекелге екінің бірі бара бермесі анық. Балаева мінезді қыз екен, жанын салды. Жүрегімен кірісті. Енді келдім демеді. Ентік басатынын алға салмады. Қыз балаға тән бауырмалдылықпен білек сыбанды. Осы бір істің мәнін түсініп кірісті. Жанында жүрген жоқпыз. Тіпті өмірде жүзін көрмеген адамымыз. Бір айдың көлемінде бүкіл шаруаның қисынын келтіріп, бас-аяғын жып-жинақы етіп алып шыққаны көңілімізге қонды. Көп ештеңеге елп етпейтін біздің жүректі жылытқан министрдің адамгершілігі еді. Рахмет, Алла тағала қолдасын!, - деп атап өтті ол.

Сонымен қатар, Аман Сейітханов Қазақстан Президентінің "Ана тіліне" берген сұхбатында бірнеше мәселе көтерілгенін айтты.

Ал, енді әлгі бір жазылмаған хаттың жай-жапсарын ептеп ескертсек. Қазір өзі заман құбылып барады. Анау Америкадан бастау алған, Францияда жалғасқан, қазір Англияда асқынып тұрған ақ пен қара тартысы адамға ой салады екен. Осы біз бастапқы адами қалпымыздан кетіп бара жатқан жоқпыз ба? Шектен шығудың шекарасын таппай қалған сияқтымыз ба? Ойланатын дүние. Қазақстан Президенті Қ. Тоқаев "Ана тіліне" берген сұхбатында бірнеше мәселені тілге тиек етті. Әркім өзінше жорып алатын кез ғой. Дөйдала тартып кететіндер де кездеседі. Біздің түсінікте, Мемлекет басшысы ұлттық болмысты, қазақы қалыпты іздеген секілді. Іздесе, айып па? Ол тіпті ешқайда кеткен де жоқ. Сіз бен біздің көкірегімізде, кеуде қуысына жабысып қалған. Тек бермен түсіретін құрал керек. Ол құрал тағы да сол Сіз бен біздің қолымызда. Бес саусақты сұғып жіберіп, суырып аламыз ба, жоқ сол кеудеде тұра бере ме, ол да Сіз бен біздің таңдауға байланысты. Қазақ обал мен сауаптың не екенін әлі ұмытқан жоқ. Туыстық түсінік кемшін тартқанымен, тамыр аралап, қанымызбен бірге айналып жүр. "Қазақ тілінің қажеттілігін арттыру, - керек депті Президент. Қандай дұрыс. Сөзіне сүйсініп тұрған жоқпыз. Сол бағытта жұмыс істеуге мүмкіндік бергені үміт ұялатады. Енді біздікі не тұрыс? "Басшыға бағын", - дейді, қолымыздағы келісімшарттар. "Басшыға бағын!", - дейді шариғат. Екі үкімге де бас шұлғитын біздер неге Президенттің тапсырмасына шекеден қарауымыз керек? Қазақты сақтап қалатын, оған абырой әперетін ұлттық салт-дәстүр, әдеп-ғұрпымыз. Әдеп пен мәдениеттілік. Осыны түсініп, елге түсіндіріп алғаннан кейін кез келген ғылыми-техникалық дамуға батыл кірісеміз, - деді журналист.

Белгілі ақын қазақ тілінің мәртебесіне қатысты пікір білдірді.

Тағы бір мәселе. Ендігі жерде қазақ тілін мүсіркеудің керегі жоқ. Ол оған зәру де емес, көнеден келе жатыр. Рас, сәл жұтаң тартқан шығар. Тартқанда өзіміз қағымыздан жерініп жүрген. Сана төмендеп барады. Елгезек министр ең алдымен осыған мән береді деп ойлаймыз. Және сенеміз. "Жігерден" "5" алған Балаеваның өзінде де ерік-жігер жетеді. Оған шүбә келтірмейміз. Таңғы алтыда ел-жұртымен, "Қайырлы таң", - деп амандасатын Аидада ерік-жігердің болмауы мүмкін емес қой! Ел мұңы жүрегіне жетеді. Мемлекет қажеттілігін жүрегінен өткізе алады. Әлгі, "Қазақ тілін үйренейік, оны құрметтейік" ұранынан құтылуымыз керек. Қазақ тілі насихатқа зәру ме? Сөйлемесе, кежегесі кейін кеткендер сөйлемейтін шығар, бірақ жалпы халық ағып тұр ғой. Қызылорданың кәрісі, Павлодардың орысы да сөйлейді. Рас, әртүрлі деңгейде меңгерген. Ол енді басқа мәселе.

Екінші, елде тәрбие жұмысын кеңінен насихаттауға маңыз берілсе. Ақыл айтудан, жөн сілтеуден аулақ болуымыз керек. Көрсетейік, ақылдыларды! Сөйлетейік соларды, бірақ қырттарды емес. Ұлтқа шын мәнінде жаны ашитындар кезек алсын. "Тұрсын Жұртбаевтың дәрістері", "Зейнеп апаны тыңдайық", "Академик Асқар айтады..", "Мен де бұрын ел басқарғам" аясында бұрынғы әкім, министрлерді тыңдаса ше? Өнертапқыштар мен ақылды ұрпақтар шықсын ел алдына. Әр саланың ғалымдарын шақырайық. Демек, электронды БАҚ арқылы ағарту ісіне эфир уақытын бөлсін. Ақыры мемлекеттен ақша ала ма, мемлекет саясатын жүргізсін. "Тоқашың тәтті екен. Өзіңді танығым келмейді", - деп келетін қулығына балта шабайық. Әлемдік сериалдар Қазақ көрермендеріне дән риза! Ұлы дала ұл-қыздары телесериалды түп-тұқиянына шейін танып болды. Түн ішінде оятып сұрасаңыз да, кез келген сериясынан үзіндіні жатқа айтады. ҰБТ- ға кіргендерден сұралса бар ғой, шетінен жүздің үстінде балл алатын еді. Бала ғана ма екен, үлкен-кішіні түгел отырғыздық, сериалға. Рахат дүние кержалқауға! Енді жылайтын баланы емізекпен жұбатқандай ғой. Тап сондай болды бұл ТВ. Ол рейтинг әпереді деп өздері мәз, твшылар. Анау күлкі кімнің езуін тіледі, түбінде? Қазақ келіндері мен енелеріне үнді, түрік және кәріс тарихын әбден таныстырдық. Олар да тапжылмай көріп, керегін алып болды. Кез келген әдемі ертегінің де аяқталар сәті болады. Президенттің "ТВ саласында отандық өнімді көбейтіңдер", - деген тапсырмасын орындайық! Енді сериал ұсына берсек, артық секілді. Артық қылатындар тыртыққа барып титықтайды. Күніне тоғыз телесериал көріп, сиыр саууға уақыт таппай жүргендер көп деседі. Желіні сыздаған сиыр-жануарларға тіл бітсе де сұрар еді. "Таңнан түн ауғанша жүретін сериалдарды үзе тұрыңызшы,- деп. БАҚ ақпарат ұсынушы, оқиғаны талдаушы және ағартушы мәртебесін толық қайтарып алса дейміз.

Ағартушылық тынысты ашуға Мемлекет басшысының тағы да сол "Ана тіліне" берген сұхбаты мүмкіндік береді. Тіл құнарлығын іздеген, өнер мен мәдениетті өркендетуді ойлағаннан кейін де Президент дәл сол газетті таңдап отыр. Әйтпесе біздің елде басылым аз ба? Коронавирустан кейін қоғам, қоғам не бүкіл әлем өзгереді деп жатыр. Өзгерсін. Біз бұрынғымызды тауып алайық. Қазақ фольклорға мән берген халық. "Туғанда дүниеге есігін ашады өлең, Өлеңмен жер қойнына кірер денең. Өмірдегі қызығың бәрі өлеңмен, Ойласаңшы бос қақпай елең-селең", - дегенді Абай текке айтты дейсіз бе, - деді ол.
Спорт журналистінің сөзінше, қазіргі БАҚ министрі кешегі қоғам қайреткерлерінің келбетін ашатын фильм жасауға мұрындық болса, ғажап болар еді.
Айналайын, Аида! Алғашқы қадамыңа риза болдық! Кез келген істе елгезектік танытсаңыз, ел де риза болар еді. Қолымыздан келетін шаруа ғой. Ғарышқа ұшудың қажеті жоқ. Илон мырзаға қалдырайық. Біз сол өз халқымызды ағартып алайық. Қалғанын Алла тағала өзі оңдар. Жоғарыда бірнеше министрдің есім-сойын келтірдік. Бәрі де елге еңбегі сіңген, қазаққа қызмет еткен тұлғалар. "Достан дұға", - демекші бүгінгі БАҚ министрі кешегі қоғам қайреткерлерінің келбетін ашатын фильм жасауға мұрындық болса қандай ғажап! Қазақ елі Ілекең деп ілтипат танытқан Ілияс Омаровтың, өзгені былай қойғанда төл валютадағы тиын сөзінің енуіне тікелей ат салысқан Сауық Тәкежановтың, қазақ мәдениетінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан Темірбек Жүргеновтің, қазақ спортының негізін қалаған, жүздеген чемпиондардың шығуына жол ашқан Кәркен Ахметовтің асыл бейнелерін қайта бір тұщынып көрер еді ау. Келесі шешімдеріңізге де "5" қойғым келеді! Әр істе озат шығады деп сенемін. Бүгінгі мерекеңізбен, құрметті Аида Ғалымқызы!, - деп қорытындылады сөзін Сейітханов.

Өзгелердің жаңалығы