Балаева азаматтық қоғамды дамыту бағытында атқарып жатқан жұмыстары жөнінде есеп берді

20 Сәуір 2021, 17:47
1548
Бөлісу:
Балаева азаматтық қоғамды дамыту бағытында атқарып жатқан жұмыстары жөнінде есеп берді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Президент Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваны қабылдады.

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Мемлекет басшысына министрліктің ақпараттық саясат пен азаматтық қоғамды дамыту бағытында атқарып жатқан жұмыстары жайында баяндалды.

Атап айтқанда, Қасым-Жомарт Тоқаевқа мемлекеттік саясаттың өзекті мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына, оның ішінде, волонтерлік қозғалысты және экологиялық ағарту шараларын одан әрі дамытуға, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында атқарылатын іс-шараларды жүзеге асыруға қатысты бұған дейін берген тапсырмалардың орындалу барысы туралы ақпарат берілді, - делінген хабарламада.

Президентке «Қоғамдық кеңестер туралы» және «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заңнамаларға енгізілген жаңа түзетулердің жүзеге асырылу барысы туралы айтылды.

Сондай-ақ министр Мемлекет басшысының қоғамдық бақылау, волонтерлік және қайырымдылық қызмет туралы жаңа заң жобаларын әзірлеу жөніндегі тапсырмаларының орындалуы жайында баяндады.

Кездесу соңында Президент министрлікке бірқатар нақты міндет жүктеді.


Өзгелердің жаңалығы