Бала дауысы – Атырауда

19 Сәуір 2019, 21:15
2955
Бөлісу:
Бала дауысы – Атырауда
Фото: автордан

Атырау, BAQ.KZ тілшісі. Атырауда республикалық «Бала дауысы» ұлттық ән байқауына іріктеу өтті. Бұған дейін Алматы, Шымкент қалалары мен Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарының мықтыларын анықтаған ұйымдастырушылар енді мұнайлы астанадан болашақ жұлдызды іздемек.

«Төрт айдың ішінде он шақты конкурсқа қатысып, жүлделі орын алып жүрмін. «Бала дауысын» әлеуметтік желіден көріп, өзімді сынауға келдім. Барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін», - деді байқауға қатысушы Шырайлым Аралбай.

Іріктеу кезеңіне облыс бойынша 8 және 12 жас аралығындағы 100-ден аса қатысушы бақ сынады. Еліміздегі ең ауқымды балалар фестивалі осымен төртінші рет өтуде. Әр өңірден үздік деп танылған 17 өнерпазды кәсіби музыканттар, хореографтар мен стилистер Алматы қаласында өтетін ақтық сынға дайындайды.

Бала дауысы – Атырауда

«Барлығы әділ, ашық, балалармен бірге ата-аналар тыңдалымда отырып, тамашалай алады. Биылғы байқауымыздың іріктелуінің ерекшелігі осында. Атырау облысының балалары дайын әртістер екеніне сенімдіміз. Өйткені алдыңғы жылғы финалистер бізді өнерлерімен тамсандырды», - дейді ұйымдастырушы Толғанай Хасен.

Еліміздің түкпір-түкпіріндегі талантты балаларды іріктеу байқауы 22 мамырға дейін жалғаспақ. Ал олардың арасынан ең үздік деп тек 17 бала танылатын болады. Жеңімпаз республикадағы таңдаулы музыкалық білім ордасының оқу гранты мен Диснейлендке саяхаттауға мүмкіндік беретін жолдамаға ие болады.

Өзгелердің жаңалығы