Бас жаңалықтар
Бала құқығы басты назарда болу керек
30 Мамыр 2019, 09:49 561

Бала құқығы басты назарда болу керек

Тараз, BAQ.KZ тілшісі. Басқа түскен қиындықтардың əсерінен ерте жастан жұмыс істеуге мəжбүр жасөспірімдердің еңбек құқығы қалай қорғалған? Осы сауал аясында жыл сайын елімізде зерттеулер жүргізіліп, туындаған мəселенің алдын алу мақсатында «Бала еңбегін қанауға қарсы 12 күн» акциясы ұйымдастырылады.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында Жамбыл облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасы ювеналдық полиция бөлімінің аға инспекторы, полиция майоры Нүркен Абдуллин айтты.

1-12 маусым күндері Қазақстанның барлық аймағында өтетін ұлттық ақпараттық науқан биыл «Еңбектен бос балалық шақ» ұранын ту еткен. Сондай-ақ жеткіншектердің еңбегін пайдалануды, оның салдарынан, бұл бағыттағы халықаралық және ұлттық заңнама негіздерінен қоғамды ақпараттандыруды мақсат етеді. Акция аясында «Отбасыда зорлық-зомбылыққа жол жоқ», «Түнгі қаладағы балалар», «Жасөспірім», «Көше» кең ауқымды іс-шаралары ұйымдастырылады.   

«Жасөспірімдердің еңбек құқығын қорғайтын заңнамаға сәйкес, мəжбүрлі еңбекке тыйым салынады. Еңбек кодексі бойынша жеткіншектер 16 жастан бастап қызмет істей алады. Негізгі білімін алған, яғни мектепті тəмамдаған жағдайда балаға 15 жастан, оқу үдерісінде денсаулығына зиян келтірілмесе, 10-14 жастан жұмыс істеуіне рұқсат етіледі», - дейді полиция майоры.

Нүркен Абдуллиннің айтуынша, киномотогрофия, цирк, шығармашылық салада болса, ата-ананың рұқсатымен 10-14 жас шамасынан төмен кезде де табыс табуға болады. Дегенмен, 16 жастан кіші жасөспірімдер еңбек шартына ата-анасы, асыраушысы немесе қамқоршысымен бірге қол қояды.

Мамандар Денсаулық сақтау жəне Əлеуметтік даму министрліктерінің заңнамасы бойынша 18 жасқа толмаған жасөспірімдердің еңбегін пайдалануға тыйым салынатын 35 өндірістің, 68 кəсіптің түрі белгіленгенін айтады. Аталған азаматтардың жалақысын реттеу барысында жұмыс берушілер Еңбек кодексінің 103-бабын басшылыққа ала отырып, айқындалған жұмыстың нормасы мен еңбек міндеттемесін толық орындаған жұмыскерге Қаржы заңында белгіленген айлық мөлшерін төлеу керек.

«Жастар еңбегін қамтамасыз ету барысында бала құқығы бұзылған  жағдайда полиция басқармасының қатаң бақылауына алынады», – дейді  полиция бөлімінің аға инспекторы Н.Абдуллин.

Айта кетейік, негізінде Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 86-бабына сəйкес, кəмелетке толмаған азаматтарды заңсыз жұмысқа алған лауазымды тұлғаларға – 50, коммерциялық ұйымдарға – 80, орта кəсіпкерге – 150, ірі кəсіпкерлік субъектісіне 250 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...

Сізден жаңалық