Балаға жаттауды емес, ойлануды үйретеміз – Шәмшидинова

12 Сәуір 2019, 09:45
17053
Бөлісу:
Балаға жаттауды емес, ойлануды үйретеміз – Шәмшидинова
Фото: автордан

Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстанда салынған 1672 мектептің 521 Оңтүстік өңірінде, яғни қазіргі Шымкент қаласы және Түркістан облысында ашылған. Енді тағы 190 мектеп салу жоспарланып отыр. 

Бұған қоса мектептің жаңартылған бағдарламасы баланы жаттауға емес, ойлануға үйретеді. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова Шымкент тұрғындарымен кездесуінде айтты. Министрдің кездесуі ҚР Премьер-министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова бастаған жұмыс тобының Шымкентке сапары аясында өтті.

«Алдағы үш жылда 190 мектеп саламыз» 

Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова шымкенттіктермен кездесуінде министрліктің алдында тұрған басты тапсырма – үш ауысымда оқытатын мектептерді, апатты мектептерді және оқушы саны шамадан артық мектептерді реттеу болып отырғанына тоқталды.

«Тәуелсіздік алған жылдардан бастап елімізде 1672 мектеп салынды. Осы 1672 мектептің 521 Оңтүстік өңірінде салынды. Мұндай көрсеткіш басқа бір өңірде жоқ. 100 мектеп, 100 аурухана бағдарламасы аясында 34 мектеп Оңтүстік Қазақстанда салынды. Неліктен, өйткені, Оңтүстік өңірінде туу көрсеткіші жоғары. Қазақстан демографиясына үлес қосып отырған көпбалалы аналарымыз бар. Үлкен үлкен отбасылар бар. Сол отбасылардың жақсы білім алып, өмірден өз жолын табуына жағдай жасаймыз. Алдағы үш жыл ішінде 190 мектеп саламыз. Оның 89 үш ауысымда оқытатын мектептердің мәселесін, 13 апатты жағдайдағы, 72 мектептегі орын тапшылығы мәселесін шешеді. Тағы 16 мектеп жер сілкінісіне байланысты ғимараттарын реттеу үшін салынады. Осы салынатын мектептер қатарында Оңтүстік өңірі бар», - деді министр. 

Мектеп, колледж, университет мұғалімдері қайта даярлаудан өтеді 

Оның сөзінше, Елбасының тапсырмасына сәйкес, білім саласындағы аз мөлшерде жалақы алатындардың жалақысы, ең алдымен техникалық мамандықтарда жүрген, сантехник, еден жуушылардың айлығы 30%-ға дейін көтеріледі. Бұған қоса мұғалімдер қайта даярлаудан өтеді.

«Қазіргі таңда аттестациялау қайта басталды. Осыған байланысты мұғалімдердің біліктілігін арттыру арқылы кәсіптік шеберлігін дәлелдесе, айлық жалақысы 30%-дан 50%-ға дейін көбейеді. Жалпы мектептің сапасы, балаларымыздың сапалы білім алуы ең алдымен ұстаздарға байланысты. Сондықтан Білім және ғылым министрлігі алдағы үш жылда ұстаздардың біліктілігін арттыруда бағытталған жұмыстарды атқарады. 3 жыл ішінде 144 мыңнан астам ұстаз қайта даярлаудан өтеді. Қазір бір-бірімен қарым-қатынасын жасауын да үйрететін жағдайға жетіп отырмыз. Ұстаздарға да, ата-анаға да, оқушыға да психологиялық көмек көрсетуіміз қажет. Осыған байланысты барлық мектептегі сынып жетекшілер 2019-2020 жылдары қайта даярлау курстарынан өтеді. Мектеп мұғалімдерімен қатар, колледжде жұмыс істейтін 15 мыңға жуық мамандар қайта даярлауға қатысады. Қазір жаңартылған мамандықтар керек. Студент еңбек нарығына шыққанда жұмыс істей алуы тиіс. Жоғары оқу орындары, негізінен педагогикалық мамандықтарды оқытатын 2400-ден астам оқытушылар біліктілік курстарынан өтеді»,- дейді Күләш Шәмшидинова. 

Колледждерге жылына 8 млрд теңге бөлінеді

Ендігі бір мәселе – еліміздегі колледждердің жайы. Бүгінгі таңда колледждер балалардың мектептен кейінгі алғашқы мамандық алатын мекемесіне айналды. Сондықтан да екі жылдан бері кез келген адам бірінші мамандығын ақы төлемей, мемлекет есебінен колледжде оқитын болды.

«Сондықтан да бүгінде еңбек нарығына әжептәуір білімге әжептәуір мамандар шығып жатыр. Қазір республика бойынша 180 колледж анықталды. Осы 180 колледж республикаға қажет салалар бойынша барлық маманды дайындайтын орталыққа айналады. Осы мақсатта биыл республикалық бюджеттен 8 млрд теңге бөлініп отыр. Бұл қаржы ең алдымен осы колледжердің материалдық-техникалық жағдайын жақсартады. Екіншіден, осы колледждердегі бағдарламаларды қайта қарап, нарыққа қажет мамандықтарды дайындауға үлес қосады. Жыл сайын осы мақсатта 8-9 млрд теңге қаржы бөлінеді», - деді министр. 

«Балаларымызбен қазақша сөйлесу – бірге туған міндетіміз»

Қазір көптің көкейінде жүрген тағы бір мәселе – үштілді оқыту. Соны қалай оқытатыны күн тәртібінен түспей отыр. Министрдің сөзінше, қазіргі таңда балалардың үш тілді меңгеруі ата-анаға да бізге де, бәрімізге де қажет нәрсе. Әйткенмен, асығудың қажеті жоқ.

«Міне, осыған байланысты жоғары сыныптарда химия, биология, информатика пәндерін ағылшын тілінде оқыту кезең-кезеңімен, мектеп пен мұғалім дайын болғанда, сіздермен ақылдаса отырып, көшеміз. Артымыздан қуып келе жатқан ешкім жоқ», - деді министр. 

Сонымен қатар, қазақ тілі мәселесі де маңызды. Бұл үшін ата-ананың да жауапкершілігі үлкен.

«Қазақ тілін мектепте оқытамыз. Ал ата-аналар, баларыңызды қолынан жетектеп қазақ драма театрына апарыңыз, қазақша газетке жазылып, қазақша кітап алыңыздар, балаларыңызбен қазақша сөйлесіңіздер. Себебі, баламыздың қазақ тілінде сөйлеуі – біздің, қазақтардың бізбен бірге туған міндетіміз. Әрқайсымыз өле-өлгенше қазақ тілін дамытуға үлесімізді қосуымыз керек. Мұнда мектептің де жауапкершілігі үлкен. Ұстаздармен бірге осы міндетімізді жүзеге асырамыз. Бірақ, балаларға ағылшын және орыс тілінде білім бермей қоюға болмайды. Себебі, заман өзгеріп жатыр. Балаларымыз кез келген жерде, өз елімізде, кез келген мемлекетте өз орнын ойып тұрып алып, мығым отырып, жақсы қызмет ететіндей, еліне қызмет ететіндей, отбасын асырайтындай, өзін бақытты ететіндей, балаларын, айналасындағы адамдарын бақытты ететіндей білім беруіміз керек. Тілін де дамытуымыз керек. Сондықтан да осыған асықпай кірісіп, бірте-бірте бірге жұмыс істейміз», - деді министр. 

«Бала алған білімін пайдалана білуі қажет»

Оқу бағдарламаларына қатысты да өзгерістер енгізу заман талабына айналды. Бұған дейінгі буын кеңес мектебінен өтіп, өмірдегі орнын тапты. Бірақ, заман талабы өзгеруіне байланысты сол білім жүйесін өзгерту де қажет.

«Балаңыз өмірде жолын тапсын десеңіз, оларды өзіңіз оқыған бағдарламамен оқытпаңыз» деп айтады. Себебі, ол бағдарлама өз міндетін атқарды. Заман өзгеріп тұрған жағдайда балаға қосымша дағды, қосымша білім беруіміз керек. Тек біліп қана қоймай, алған білімін пайдалана білуі қажет. Адам қиын жағдайға тап болғанда ең алдымен не істейтінін ойлап, түсіну керек. Баланы дайын ойға емес, ойлануға үйреу маңызды. Білім бағдарламасында біз оқыған Ньютон заңдары да, математикадағы көбейту кестесі де, қазақ тіліндегі зат есім мен етістік те ешқайда кетпеді. Бәрі орнында. Бірақ, күтілетін нәтиже өзгерді. Енді бала тек білгеніне жауап беріп 5 алмайды. Білгенін пайдалана алуы керек. Білгенін пайдалана алу үшін бүгінгі ұстаздарымыз балаға сұрақ қойып, жауап алып, балалармен бірге тапсырманы орындап, есепті шығарып, жаңа материалды түсінуге алып келу керек. Міне, сондықтан да қазіргі таңда жаңартылған білім бағдарламасы енгізіледі. Жаңа білім емес, жаңартылған білім. Мектептегі жақсы дүниені сақтай отырып, бар дүниені сақтай отырып, оның үстіне заманға сай оқыту технологиясын әкеп отырмыз», - деді министр. 

Өзгелердің жаңалығы