Балқашта 20-дан аса демалыс орны салынады

5 Маусым 2020, 09:14
2026
Бөлісу:
Балқашта 20-дан аса демалыс орны салынады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Балқаш көлінің аумағы Қазақстанда туризмді дамыту бағдарламасына енді. Бұл таяу жылдары курорттық аймақты барлық ықтимал тәсілдермен жақсарта түседі, деп хабарлады облыс әкімдігінің сайты.

Жағалауда 20-дан астам демалыс аймағын салу, инженерлік желілер жүргізу, Қарағанды-Балқаш трассасын жөндеу жұмыстарын аяқтау және еліміздің басқа өңірлерінен үлкен ұшақтар қабылдау үшін қалалық әуежайды қайта жаңарту жоспарда бар. Жағалауды абаттандыру қалай жүріп жатқаны туралы Балқаш қаласының әкімі Ораз Тәуірбеков мәлімдеді.
Қазір біз үшін экономикалық өсімнің негізгі нүктесі - Шұбар-Түбек және Торанғылық кенттері. Демалыс үйлерін салуға болатын 20,5 шақырым бос жағалау бар. Біз үшін негізгі міндет - кенттерде сумен жабдықтау, су бұру, электр секілді инженерлік желілерді жүргізу болып табылады. Жоба дайын, біз маусым айында мемлекеттік сараптама шешімін күтеміз. Сол кезде мердігерді анықтап, жұмысқа кірісе аламыз, - дейді Балқаш әкімі.


Оның айтуынша, бұл шаралар кәсіпкерлерге инвестициялық тартымдылықты арттырады және бірден бірнеше мәселені шешеді.Олардың бірі - курорттық аймақтарда демалудың жоғары бағасы және сервис деңгейінің төмендігі.

Бұл кенттерде кәріз де, орталықтандырылған су құбыры да болған жоқ. Әрине, ол жерде демалыс аймағын ашу үшін кәсіпкер бәрін өзі қамтамасыз етуі тиіс еді. Бұл оның қызметтерінің қымбаттауына алып келді. Сондай-ақ, бағаға электроэнергияға ауылдық тариф әсер етті, ол қаладағыға қарағанда жоғары. Сондай-ақ қоқыс шығару құны да бар, себебі кенттердің жанында полигондар жоқ. Қазір біз бұл мәселені шешеміз. Шубар-түбек және Торанғылық кенттерін Балқаш қаласына қосу процесі басталды. Тек Үкіметтің мақұлдауын күтеміз, - деді Ораз Таурбеков.

Осындай біріктірілгеннен кейін осы елді мекендерде коммуналдық қызметтерге тарифтер төмендеуі тиіс. Жер аукциондарын өткізу де оңай болады. Олардың біріншісі осы айда өтеді.

Балқаш қаласында жол құрылысы және жөндеумен белсенді айналысады. Туристердің негізгі ағыны курорттық аймаққа жер үсті көліктерімен келеді, сондықтан мұнда жақсы жол инфрақұрылымын құру басымдыққа ие.

Жол жөндеу жұмыстары екі кезеңде жүріп жатыр. Қазір Шұбар-түбек ауылының жол желісі жөнделуде. Мұнда ішкі кенттік жолды орташа жөндеу жүргізіледі. Онда негізгі жұмыстар аяқталды. "Риф" демалыс аймағына 300 метр асфальт салу, жаяу жүргіншілер өткелдері мен жасанды тегіс емес жолдар салу қалды. Содан кейін Торанғалықта жолдарды жөндеуге кірісеміз. Онда республикалық трассадан бастап кентішілік жолға дейін 8 шақырым жолды жөндейміз. Маусым айының соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз, - дейді Балқаш әкімі.
Еліміздің басқа өңірлерінен туристер ағынын тарту үшін әуе қатынасын да дамыту жоспарланып отыр. Қазір Балқаш әуежайы Як-40 сияқты шағын ұшақтарды қабылдай алады. Курорт қаласында Боингтер қонуы үшін әуе айлағы күрделі жөндеуден өтуі қажет. Алдын ала есептеу бойынша, бұл 2,5 млрд теңгеге түседі.

Жағалаудағы аумақты абаттандыру, инженерлік желілер құрылысы, жолдарды жөндеу және әуежайды қайта жаңарту жұмыстары 2023 жылы аяқталады. Алдын ала болжам бойынша, бұл Балқаштағы туристер ағынын 5 есеге арттыруға мүмкіндік береді. Қазір курорт жылына 80 мың адамды қабылдайды. Қайта жаңғыртудан кейін демалушылар саны 400-500 мыңға дейін өсуі мүмкін. 



Өзгелердің жаңалығы