«Бақытты отбасы» орталығы аналарға қандай көмек көрсетіп жатыр?

8 Қыркүйек 2021, 15:31
2934
Бөлісу:
«Бақытты отбасы» орталығы аналарға қандай көмек көрсетіп жатыр?

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматыдағы «Бақытты отбасы» орталығының жетекшісі Зульфия Байсақова брифинг барысында орталық мамандары тұрғындарға қандай көмек көрсетіп жатқанын айтып берді.


Көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға жан-жақты көмек көрсету мақсатында 2019 жылдың тамызынан бастап Алматының әр ауданында «бір терезе» қағидаты бойынша «Бақытты отбасы» орталықтары жұмыс істей бастады.

Пандемияға қарамастан, орталықтар санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды ескере отырып жұмысын жалғастыруда. Мұнда көп балалы және аз қамтылған отбасылар заңгерлерден, әлеуметтік қызметкерлерден және психологтардан тегін кеңес ала алады, - деді З. Байсақова.

Оның айтуынша, орталықтарға күніне 700-ден астам қала тұрғыны келеді.

«Бақытты отбасы» орталықтарында ағылшын тілін үйрену, макияж, массаж, шаштараз, пішу және тігін, гимнастика, аспаздық, тоқу, сөмке тігу бойынша тегін курстар, компьютерлік курстар өткізіледі. Көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балалары арт-терапия, гимнастика, математика мен логика, шахматпен айналысуға, ағылшын тілін үйренуге, тоқу курстарына қатысуға және логопедпен кеңесуге мүмкіндік алады екен.


Орталықта 33 мың адам тіркелген, биыл - 4 643 адам тіркелді. Жыл басынан бері мұқтаж 35 250 адамға ресурстық, әдістемелік және 3 700 өтініш берушіге құқықтық көмек екөрсетілді. 5 694 адам бала тәрбиесі, көшбасшылық, отбасылық құндылықтар бойынша бастапқы дайындықтан өтті, - дейді ол.

Меценаттар «Бақытты отбасы» орталықтарына көмек беріп тұрады екен. Демеушілік қаражатқа азық-түлік себеттері, киім-кешек, жеке гигиена құралдары, 10 мыңнан астам адамға арналған ойыншықтар сатып алынған, 2300-ден астам баланың туристік және мәдени орындарға саяхат ұйымдастырылса, қайырымды жандардың қолдауымен 370 адам тұрақты және уақытша жұмысқа орналасыпты.

Сонымен қатар, қалада «Бастау бизнес» бағдарламасы бойынша аналарға кәсіпкерлік негіздерін үйретуге бағытталған «Іскер Ана» жобасы, сондай-ақ «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша қысқа мерзімді курстар жүзеге асырылуда.

Биыл жоба демеушілерінің арқасында Әуезов ауданында қолдан жасалған тоқыма және азық-түлік өнімдерін сататын 4 сауда нүктесі ашылды. Түрксіб ауданында көп балалы аналардың қолдан жасаған бұйымдарын сату үшін «Іскер Аnа» сауда үйі ашылды. Сауда үйі қазіргі заманғы ұлттық киімдерді, құрақ-көрпе, ұлттық нақыштағы зергерлік бұйымдарды, әйелдерге арналған киімдерді ұсынады, сонымен қатар киімдерді өңдеу мен жөндеу бойынша қызметтер көрсетеді,-деді орталық басшысы.

Сонымен қатар ол «Өз бизнесіңді бастау» бағдарламасы бойынша 506 адам, оның ішінде 290 көпбалалы отбасы және 216 аз қамтылған отбасы мүшелері «Атамекен» ҰКП-ның базасында түрі кәсіп негіздері бойынша білім алғанын атап өтті.

Өзгелердің жаңалығы