Бас жаңалықтар
Бақтияр Мәкен: Мерейтойларды тиісті деңгейде атап өтеміз
09 Ақпан 2021, 23:54 467

Бақтияр Мәкен: Мерейтойларды тиісті деңгейде атап өтеміз

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елорда әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен қаладағы зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, Тәуелсіздіктің отыз жылдығы мен көрнекті тұлғалардың айтулы мерейтойлары және бас шаһардың руханияты мен мәдениетін дамытудағы өзекті мәселелерді талқылап, өз ойымен бөлісті.

Жиын тізгінін ұстаған елорда әкімінің орынбасары егемендік туралы терең ой толғай келіп, Нұр-Сұлтан қаласы – Тәуелсіздіктің 30 жылдығында тек саяси-әлеуметтік, қаржылық-экономикалық мінберлердің емес, мәдениет пен әдебиеттің, өнер мен руханияттың да мәртебелі тұғырына айналғандығын атап өтті.

Қоғамды рухани жаңғыртып, кемелдендіруде мәдениет пен әдебиеттің, өнер мен руханияттың ықпалы зор екені анық. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында өткен отыз жылдың әр он жылында атқарылған істерге жеке-жеке тоқталып, «Алдағы төртінші онжылдықтың бізге жүктейтін міндеті – қуатты елдің иесі және кемел халық болу. Бұл жолда саяси-экономикалық реформаларды және сананы жаңғырту үдерісін жалғастырып, заман талабына бейімделген ұлттың жаңа болмысын қалыптастыруымыз қажет» деген болатын. Мемлекет басшысы өз мақаласында қазақ тілін дамыту, ұлттық құндылықтарымызды түлету, кино өнерін өркендету, саяси реформалар, білім мен ғылым саласын дамыту, адам капиталының сапасын арттыру сияқты аса маңызды мәселелерге тоқталды. Бұл Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының бастамасымен дүниеге келген «Мәдени мұра», «Рухани жаңғыру» бағдарламаларының жалғасы деп бағалауға болады, – деді Бақтияр Мәкен.

Кейінгі жылдары елордада мәдениет саласында біраз жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, қаламыздың бірқатар мектептері мен көшелеріне ұлы тұлғалардың есімдері берілді. Мұндай игі жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса бермек.

Былтыр Қалибек Қуанышбаев театры жаңа зәулім ғимаратқа көшті. Оның орнында жасөспірімдерге арналған жаңа театр пайда болды. Жақында ғана Nomad театрына Халық каһарманы Әзірбайжан Мәмбетовтың есімі берілді. Биыл жыр алыбы Жамбыл бабамыздың 175 жылдығы. Соған орай Қалибек Қуанышбаев театрында көрнекті тұлғаның мерейтойының ашылу салтанаты өтеді. Сонымен бірге бүгін ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туғанына тоқсан жыл толып отыр. Осы жылы әйгілі балуан Қажымұқан атамыздың 150 жылдығы, заңгер Салық Зимановтың 100 жылдығы және өзге мерейтойлар бар. Оларды да тиісті деңгейде атап өтеміз деп жоспарлап отырмыз, – деді Б.Мәкен.

Одан кейін белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлы, тарихшы Бүркіт Аяған, филология ғылымдарының докторы Серік Негимов, ақын Серікзат Дүйсенғазин, Қазақстан Жазушылар Одағының Нұр-Сұлтан қалалық филиалының директоры, ақын Дәулеткерей Кәпұлы, дәстүрлі әнші Ерлан Рысқали секілді бірқатар азаматтар сөз алып, қаланың рухани-мәдени өмірін көркейтуге қатысты ой-пікірлерін айтты. Астана руханиятының дамуына үлес қосқан, қазір өмірде жоқ, елімізге танымал кейбір азаматтардың есіміне көше, мектеп беру туралы сөз қозғалды. Қалалық Ішкі саясат басқармасының басшысы Дәурен Бабамұратов өз саласында атқарылған жұмыстарға тоқталды.

Жиынды қорытқан Бақтияр Мәкен айтылған ұсыныстың бәрі ескерілетінін айта келіп, басқосудың соңында Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай ақиық ақынның бір өлеңін оқып берді.


Фото: дереккөз
Загрузка...