Baiterek Development тұлғалары пара бергені үшін 1,9 млрд теңге айыппұл төлейді

28 Наурыз 2019, 14:21
1680
Бөлісу:
Baiterek Development тұлғалары пара бергені үшін 1,9 млрд теңге айыппұл төлейді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қоғаммен бйланыс департаментінің директоры Арман Бердалин сыбайлас жемқорлық үшін еселенген айыппұл түріндегі жазамен сотталғандарға қатысты ақпарат берді. 

«Аса ауыр қылмыстар бойынша 5 тұлға жалпы сомасы 1,9 млрд теңгеге сотталды.  Мысалы, Астана қаласының қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен «Бәйтерек девелопмент» АҚ лауазымды тұлғаларына 627 млн теңгеден астам аса ірі көлемде пара беруде жеке кәсіпорындардың басшыларын коммерциялық ұйымдарда басшы лауазымдарын атқару құқығынан өмір бойы айыра отырып, жалпы сомасы 1,9 млрд теңге айыппұлға сотталды», - деп айтты агенттік өкілі. 

Ол алынған параның аса ірі сомасы кінәлі тұлғаның бас бостандығынан айырудың жалғыз негізі болмайтынын, бұл жағдайда сот сотталушының жеке басын, оның қаржылық мүмкіндіктері мен басқа да жағдайларды ескере отырып, еселенген айыппұл тағайындай алатынын атап өтті. Қылмыстық заң оған рұқсат береді. 

«2016 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін сыбайлас жемқорлық саласындағы қылмыстық істер бойынша 1561 тұлға 13,4 млрд  теңгеден астам айыппұл түріндегі жазамен сотталды. Бұл барлық құқық қорғау органдарымен тергелген қылмыстық істерге қатысты. Ал сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының тергеу материалдары бойынша 2016 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары үшін 1315 тұлға 9 млрд 642 млн теңгеден астам сомада еселенген айыппұлмен сотталды», - дейді Бердалин.
Өзгелердің жаңалығы