Министр: Бізде әйгілі Жібек жолының цифрлық нұсқасын жасау мүмкіндігі бар

2 Қыркүйек 2021, 18:22
1405
Бөлісу:
Министр: Бізде әйгілі Жібек жолының цифрлық нұсқасын жасау мүмкіндігі бар

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. COVID-19 пандемиясы жағдайында Қазақстанның Азия мен Еуропа арасындағы орталықазиялық цифрлық хабқа айналу перспективасы бар. 

Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар жәна аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Мемлекет басшысы Жолдауында берілген тапсырмаларды орындауға арналған Үкімет отырысында мәлімдеді.

Қазіргі заманда платформалар сервистерді өңдеу, сақтау және ұсыну орындарының клиенттерге барынша жақын және ыңғайлы болғанын қалайды. Сондықтан біздің Еуразия кіндігіндегі цифрлық хабқа айналу қауқарымыз жетерлік. Осы орайда арнайы тұжырымдама мен жоспар жасап, Мемлекет басшысының назарына ұсынамыз, - деді Бағдат Мусин.

Министрлік баспасөз қызметінің хабарлауынша, ЦДИАӨМ Қазақстанның қолда бар артықшылықтарын, соның ішінде «британдық құқықты» қолдана отырып, операторлармен бірге Азия және Еуропа арасында жаңа желілер өткізу мәселесін пысықтайды.

Сондай-ақ ЦДИАӨМ басшысы Қазақстанның ІТ секторындағы кадр тапшылығы экономикалық бәсекелестікке айтарлықтай кедергі келтіріп отырғанын айтты.

Президент Қ.Тоқаев өз Жолдауында отандық ІТ-секторды жетілдіріп, ұлғайту маңыздылығына тоқталды. Елімізге жас, сауатты және ынталы мамандар керек. Қазір бұл нарықтағы кадр тапшылығы экономикалық әлеуетімізге бірталай нұқсан келтіруде, - деді министр.

Ол жоғары білікті 100 мың ІТ-маманды дайындауға қатысты Президент тапсырмасын орындауға бағытталған бірқатар іс-шараға тоқталды:

  • жекеменшік ІТ-мектептерде оқу үшін жыл сайын ІТ-ваучерлер бөлінеді. Осылайша үкімет жеке ІТ-мектептер нарығына қолдау көрсетіп, 2025 жылға дейін 20 мың ІТ-ваучер береді, ал қазақстандықтар мықты ІТ-мектептерде ІТ-мамандығын игеруге мүмкіндік алады.
  • Білім және ғылым министрлігімен бірге ІТ-мамандар дайындау бойынша оқу бағдарламаларын жетілдіру мәселесі қаралып жатыр.
  • ІТ дағдылары бар салалық мамандарды дайындау үшін университеттер негізгі мамандықтармен бірге ІТ бағытында да білім беру жұмысын жүргізіп жатыр.

Сондай-ақ мекеме басшысы сатып алу үрдісі кезінде ұлттық компаниялардың назарын отандық тізілімге аударту үшін отандық бағдарламалық жасақтама реестріне және отандық БЖ-ға жіті көңіл бөлінетінін айтты. Бұл Президент тапсырғандай, ұлттық компаниялар мен ІТ-нарықтың ынтымақтастығын күшейтуге мүмкіндік береді.

Мусин мемлекеттік басқаруды цифрландыру жайына да тоқталды. 

Цифрлық трансформация орталығы (ЦТО) үдерістерді жөндеп, жетілдіруге жол ашты. Реинжинирингтен өткен процестер платформалық нұсқада автоматтандырылады, - деді ол.

Қазіргі таңда елімізде 400 ақпараттық жүйе бар. Мемлекеттік қызметтерді толығымен электрондық кеңістікке шығару үшін осы жүйелер мен базалардың барлығын оңтайландыру қажет. Нәтижесінде платформалық модельге көшу арқылы data-drivengovernment қағидатын іске асырып, мемлекеттік қызметтердің барлығын, яғни 100 пайызын смартфон арқылы әп-сәтте қолжетімді етуге болады.

Өзгелердің жаңалығы