Бас жаңалықтар
Бақилық болған ақпарат саласының майталмандары
PHOTO
14 Шілде 2020, 11:13 342

Бақилық болған ақпарат саласының майталмандары

Нұр – Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Осыған дейін "Ажал құшқан жаңалық жаршылары" атты материал әзірлеген едік. Бір апта ішінде індеттен көз жұмғандарды тағы бір еске алуды жөн көрдік.

7 шілде күні Қазақстан баспа және полиграфия саласына үлкен үлес қосқан Әлібек Наурызбаев көз жұмды. 

WhatsApp Image 2020-07-13 at 20.44.00.jpeg

Әлібек Наурызбаев 1964 жылдың 29 шілдесінде Жамбыл облысы Шу ауданы Жамбыл совхозында дүниеге келген.  

1981 жылы Жамбыл атындағы орта мектепті бітіргеннен кейін №109 ауылдық кәсіби училищеге түсіп, одан механизатор-техник мамандығын алып шығады.

1983-1985 жылдары Кеңес армиясы қатарында қызмет етеді. Әскер қатарынан оралғаннан кейінгі саналы ғұмырын қазақстандық полиграфия ісіне арнады.

1985-2002 жылдар аралығында Алматы қаласындағы "Кітап" республикалық өндіріс бірлестігінде басушының көмекшісі, цех мастері, цех бастығы, директордың жалпы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары, бас инженер болып жұмыс істеді.

1988 жылы біліктілігін арттыру мақсатында Мәскеу полиграфиялық институтына түсіп, 1994 жылы оны (қазіргі Мәскеу мемлекеттік баспа академиясы) инженер-механик мамандығы бойынша бітіреді.

2002 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде "Қазақ университеті" баспасының директоры қызметіне жарияланған конкурстан өтіп, осы баспаның директоры қызметіне тағайындалады.

Полиграфия туралы 10-нан астам ғылыми мақала мен оқу-әдістемелік жарияланымдардың авторы. Филология ғылымдарының докторы, профессор Э.Д. Сүлейменованың жетекшілігімен "Подъязык полиграфии: проблемы двухязычной лексикографии" тақырыбына арналған кандидаттық диссертация қорғау үшін зерттеулер жүргізген.

Қазақстан баспа жəне полиграфия саласы қайғыдан қара жамылды. Ұлт тарихын тасқа жазып қалдырудың шебері, еліміздің беделді баспаларында ізі қалған, "Қазақ университеті", "Экономика", "Ұлағат" секілді баспалардың бас директоры қызметін атқарған, кітап ісіндегі еңбегі ұшан-теңіз Əлібек Наурызбаев келместің кемесімен кетті. Жан баласына жамандығы жоқ абзал досым, адал бауырым, кеше ғана күліп "Алаңдама!" деп едің-ау, Арысым! Жалғаннан көштің жарқылдап, жасындай жүрекке от салып... Бақұл бол, Əлібегім..! - деп жазды Дәрмен Смайыл.
Көп жылдар бойы "Егемен Қазақстан" газетінде қызмет еткен журналист Сырымбет Кәрімұлы да бақилық болды.
Сырым, жан адамға жазығың жоқ, інім-ай. Тәуір боп қалды деп еді. Әлгінде телефон соғып едім, біреу өшіріп тастады. Қолы тимей жатыр ма десем...Осындай болыпты...Бақұл бол, бауырым, - деп жазды Заманбек Әбдешев.
Сондай-ақ, "Алматы Ақшамы" газеті мен "Зерде" журналында көп жыл бойы еңбек еткен қаламы қарымды журналист Әшірбек Амангелді де дүниеден өтті.

WhatsApp Image 2020-07-13 at 20.44.01 (1).jpeg

Белгілі журналист, "Зерде" журналын бірнеше жыл басқарған редактор, ғалым, әкемнің курстас досы Әшірбек Амангелді ағам дүниеден озыпты... Жаны жәнаттан болғай, - деп жазды Төребек Байтасов.

Нәшір Амангелдиев журналистің осы уақытқа дейін ауырмағанын жазды.

Әшірбек ағамыздың бірге жұмыс істеген, қызметтес, әріптес болған, курстастарына Әшірбек ағамыздың отбасына көңіл айтқандарыңызға рахмет. Осы уақытқа дейін бірде-бір рет ауырмаған, тамырдан ешқандай укол салдырмаған, тісін де алдырмаған. Құдайдың істеген тірлігіне бас июден басқа амал жоқ. Барлық ағайын, туысқандарға жанашыр болып жүретін. Ағамыздың жаны жәннатта болсын, - деп жазды ол.

Пандемия кезінде пневмониядан "Кәсіпкер" журналының бас редакторы Гүлжиян Сүлейменова да қайтыс болды.

WhatsApp Image 2020-07-13 at 20.44.02.jpeg

Гүлжиян Сүлейменова 1953 жылдың 1 мамырында  Павлодар облысы Цюрупин ауданының Үлгілі ауылында туған.

Ол Қыздар педагогикалық институтының тарих және педагогика факультетін (1975) тарих және қоғамтану мұғалімі, әдіскер мамандығы бойынша; ҚМЭБИ (1993) саясаттанушы мамандығы бойынша бітірген.

Қазақ және орыс тілдерін білген. Nur Otan партиясының мүшесі.

Әлемді дүрліктіріп, біздің елімізді де алаңдатып отырған індет санаулы күннің ішінде қаншама елге танымал, жаны жайсаң жандарды ортамыздан алып кетті. Күн сайын суық хабар. Бүгін де қабырғамызды қайыстырған қайғылы жағдай болып отыр. Жетісу жеріне танымал, бойжеткен шағынан құрметті демалысқа шыққанға дейін, тіпті, одан кейін де туған жерінің өркендеуі жолында аянбай еңбек еткен аяулы жан Гүлжиян Мағданқызы Сүлейменова өмірден өтті... Ұзақ жылғы еңбегінің өтеуіне кеудесіне "Құрмет" орденін тақты, өзі еңбек еткен аудандардың да құрметіне бөленді және Алматы облысының Құрметті азаматы атанды. Осындай аяулы жанды өткен шақпен еске ала отырып, марқұмның отбасына, туған-туыстары мен әріптес-замандастарына қайғырып, көңіл айтамын, — деп Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Сүлейменованың отбасына көңіл айтты.

Қазақстанның құрметті журналисі (Ақтөбе) Айдос Шөкіш те о дүниеге аттанды.

WhatsApp Image 2020-07-13 at 20.44.01.jpeg

Айдос Шөкіш ағамыз өмірден өтіпті. "Керек info-ны" ашқанда мына суреттегі жастарға ұстаз болып, газет шығарудың қыр-сырын үйреткен еді. "Жаңалық балам, қызметтес болған редакторларымның ішіндегі ең жасы да, демократияшылы да сенсің" дейтін. Иманы саламат, қазаның арты қайырлы болсын! Иманды болсын, - деп жазды желіде Жаңалық Ахаш.

Сонымен қатар, саналы ғұмырын журналистика саласына арнаған жамбылдық журналист Есенгелді Төреқұл да бақилық болды.

Жамбыл журналистикасының жампозы, газет, радио, телеарнаны қатар тізгіндеген, саналы ғұмырын БАҚ саласына арнаған ақсақалымыз, талай шәкірт тәрбиелеген ұстазымыз, үлкенге де, кішіге де Есаға атанған Есенгелді Төреқұл бақилық болды. Қош, көке! Алла алдыңнан жарылқасын, - деп жазды Жасұлан Әбдіхалық.

1960 жылдың 14 қарашасында дүниеге келген "Оңтүстік Қазақстан" газетінің журналисі Үмітхан Алтаева да бақилық болды. Әріптестері оны жайдарлы әрі кәсіби маман ретінде еске алып, қимастық танытты.

WhatsApp Image 2020-07-13 at 20.44.03 (1).jpeg

Жаным-ау... Редакциямыздағы жастармен әзілі жарасқан, қыздардың апасы боп жүрген ақылшымыз еді ғой....Үміт апа, «Умка апа» деп еркелеуші едік. "Редакция көшсе, Түркістанға барамын... жаңа ғимарат жаңа шабыт береді..." деуші едіңіз. Ағайын-туысқа қамқор, жанашыр бола жүріп, біреудің қайғысы десе жанұшыра жетіп, білекті сыбанып, мәселесін шешуге кірісіп кетуші едіңіз.... Сіз "Дәру", мен "Зәру" қосымшасын шығарған, бір кабинетте отырған кездерді жиі еске алып күлетін едік. Жұмысқа соншалықты берілгеніңіз... бірде компьютеріңізден түтін шығып, екеуміз сыртқа атып шықтық. Компьютер жөндейтін жігіт "техниканы зорықтырып жібергенсіңдер" десе, "жоғи, 5 минут демалдырып тұрамыз ғой" деп елді қыран-топан күлкіге қалдырып едік... Аңғалдығыңыздан неше түрлі жайттарға тап болушы едіңіз... Артынан соның бәрін еске алып күліп отырушы едік. Бәрін көтеретін, редакцияның қара нары едіңіз ғой... бар ауыртпалықты сабырмен үндемей жеңуші едіңіз ғой. Ауырып жатқанда да сіз бұл дертті жеңеді деп үміттеніп едік. Арманыңыз көп еді. Ханшайым қызыңыздың ұзатуында билейміз деуші едік қой. Алла алдыңыздан жарылқасын. Иманыңыз серік болсын, - деп жазды әріптесі Жәмила Мамырәлі.
11 шілдеде 52 жасында "Голос Экибастуза" газетінің бас редакторы Николай Гостищев өмірден озды.
Ауыр сырқаттың салдарынан жақын адам, дос және тәлімгер – "Голос Экибастуза" қалалық газетінің редакторы Николай Николаевич Гостищев көз жұмды. Бұл қайғыны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес... Біз туған-туыстары және достарымен бірге орны толмас қайғыға ортақтасамыз, - делінген газет ұжымының хабарламасында.

WhatsApp Image 2020-07-13 at 20.44.03.jpeg

Өңірдегі өзге әріптестері де Николай Гостищевтің жақсы маман екенін айтып, еске алды.

Әріптесіміз, "Голос Экибастуза" газетінің редакторы Николай Гостищев кездейсоқ келген індеттен көз жұмды. Николай Николаевич өте білімді маман еді. Ұжымына қадірлі, әріптестеріне қамқор бола білді. Жұмысқа жан-тәнімен беріліп, оқырман мүддесіне адал болды. Журналистің жазған материалына тақырып қоюдың шебері еді. Қалжыңдаса да білетін.⠀Николай Николевич жақсы перзент тәрбиеледі. Мұндай әріптестен айырылу біз үшін өкініш, Екібастұздың медиа саласы үшін орны толмас қаза.
Бақұл болыңыз, ардақты әріптес, - деп жазды  Екібастұздың "Отарқа" газеті.

Сондай-ақ, ақын, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, Қазақстанның Құрметті журналисі, Қызылорда қаласының, Сырдария ауданының Құрметті азаматы Әскербек Рахымбекұлы ағамыз 78 жасында бақилық болды.

WhatsApp Image 2020-07-13 at 20.44.00 (1).jpeg

Әскербек Рахымбекұлы Қызылорда облысы Сырдария ауданы Қоғалыкөл ауылында 1942 жылдың 22 наурызында дүниеге келеді. 1965 жылы Қызылорда педагогикалық институтын бітірген.

1965-1969 жылдар аралығында "Сырдария" газетінде қызмет атқарған.1970 жылдан облыстық "Ленин жолы" (қазіргі "Сыр бойы") газетінде, Қызылорда облыстық теларадио комитетінде, облыстық партия комитетінде жауапты қызмет атқарды.

Ә.Рахымбекұлы әр жылдары облыстық "Сыр бойы" (бұрынғы "Ленин жолы") газетінің бас редакторы, осы газетте редактордың орынбасары, кеңесші болып жұмыс істеген.

Оның "Тұсаукесер", "Сырдария әуендері", "Тұлпар туралы дастан", "Ғашық жүрек", "Айдынынан айырылған Аралым-ай", "Алтын Арай", "Тұлпарлар тағдыры", басқа да жыр кітаптары шықты.

Марқұм "Сырдария" кітапханасы атты 200 томдық кітаптар сериясы редакторының бірі. Екі мәрте "Жалын" баспасы жариялаған жабық бәйгенің жүлдегері.

Қаламы қуатты қаламгер Ә.Рахымбекұлы руханияттың алып бəйтерегі, айналасына жыр-шуақ шашқан, Сырдың сырбаз мінезіндей сыралғы, ойы терең, сөзі сұңғыла ақын көркем əдебиеттің де көрнекті өкілі еді. Аймақ мəдениетінің дамуына да айрықша атсалысты. Əсіресе, айтысты дамытуға, əн жанрына қосқан сүбелі үлесі ел жадында сақталатын болады. Бір ғана келіндерге арнап жазған өлеңі өнер əлемінде əлі де шарықтап келеді. Расында, ол әділеттің ақ жолынан айнымай, шығармашылық мұратының шыңына шыққан жан. Әскербек Рахымбекұлы "Сыр медиа" серіктестігінің ардагерлер кеңесінің төрағасы болып, ізінен ерген рухтас іні-қарындастарының ғана емес, Қызылорда облысындағы ақын-жазушылардың ақылшы ұстазы болды. Амал нешік, ардақты ақын, асыл ағамыз келместің кемесіне мініп кете барды. Қаламгердің отбасына, жақындарына және Сыр жұртшылығына, руханият жанашырларына қайғысына ортақтасып, көңіл айтамыз. Оның жарқын бейнесі, құнды мұрасы ұрпақ жадында мәңгі сақталады. Ағамыздың алды жарық, иманы жолдасы болсын, - деп жазды "Сыр медиа" ЖШС ұжымы.

Сондай-ақ, қаралы күнде тағы бір қаралы хабар белгілі болды. Алматыда 53 жасында қазақстандық танымал журналист Мира Мұстафина көз жұмды.

Мира Мұстафина 10 жылдан астам уақыт бойы "Литер" газетінде жұмыс істеді.

WhatsApp Image 2020-07-13 at 20.44.02 (1).jpeg

Бүгін Ұлттық аза тұту күні "Литер" газетінің тамаша журналисі Мира Құдабаева-Мұстафина қайтыс болды. Әріптесіміз бірегей еді. Оны мәңгі есте сақтау үшін онымен бір күнді өткізу жеткілікті болды. Мира газеттің символы болды, ол оны Африкаға да, кездесулерге және дөңгелек үстелдерге де алып жүрді. Шын мәнінде өзінің туған басылымын жақсы көрді. Мира бірінші күннен бастап сайттың дамуына да өз үлесін қосты. Бұл барлық адамдар үшін күтпеген жағдай болды. Мира жақында жазылып шығатынын айтқан еді, ал бүгін оның көз жұмғанын естідік. Біз сені ұмытпаймыз, - деді Liter.kz сайтының бас редакторы Кирилл Жданов.

Сондай-ақ, әріптесі туралы танымал тележүргізуші Альбина Әшім де жазды.

Аза тұту күні... Тағы бір қаралы хабар. Сене алмай отырмын. Біз Мира апаймен екі жыл бұрын Түркияға баспасөз-турмен барғанда таныстық. Бірден бауырына басып, "қызым менің" деп кетті. Сондай-ақ жарқын, аузын ашса, жүрегі көрініп тұратын. Қызы мен немересі, Иракта қайтыс болған інісі жайлы көп айтатын. Кейін Астанада інісі Қайрат Құдабаев пен бітімгерлер құрметіне көрме ұйымдастырды. Шақыртуын қабыл алып, барғанымда қалай қуанды, - деп жазды ол.

BAQ.KZ ақпарат агенттігінің ұжымы мезгілсіз қайтыс болған жандардың жақындары мен әріптестеріне қайғырып, көңіл айтады. Жандары жәннаттық болсын!




Фото: дереккөз
Загрузка...