Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Павлодар облысының экс-әкімі Болат Бақауовқа байланысты сот отырысында прокурор 3 жыл 6 ай көлемінде бас бостандығын шектеуді сұрады.
Бүгін, 27 мамырда Павлодар қаласының қылмыстық істер бойынша №2 сотында облыстың экс-әкімі Болат Бақауовқа қатысты сот ісі басталды. Ол қылмыстық кодекстің 361-бабы, 4-бөлімінің 3-тармағы бойынша айыпталып жатыр.Мемлекеттік айыптаушы оған өмір бойына мемлекеттік лауазымдарды атқару құқығы мен мемлекеттік наградадарынан айыруды және 3 жыл 6 айға бас бостандығын шектеуді сұрады.
Экс-әкімнің тергеу қорытындысымен келіскендігі , кінәсін мойындағаны, келтірілген зиянның орнын толтырғаны және жас балалары бар екендігі айтылған.
Бақауовтың адвокаты қорғауындағы азаматтың мүлкіне салынған тыйымды алып тастауды сұрады.
Айта кетейік, Ұлттық қауіпсіздік комитеті 2020 жылғы 15 қаңтарында Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовқа қатысты лауазымдық уәкілеттігін асыра пайдалану фактісі бойынша ұстаған еді.
17 қаңтарда Бакауов билікті асыра пайдаланды деген айыппен екі айға қамауға алынды. Ал 21 қаңтарда ол қызметінен босатылды.
Бір айдан кейін яғни, 19 ақпанда, бұрынғы әкім үй қамауына алынды. Бұған себеп оның денсаулығының нашарлауы болды.