БҚО-да 16 мың литрден астам заңсыз алкоголь өнімі тәркіленді

13 Желтоқсан 2019, 02:40
2003
Бөлісу:
БҚО-да 16 мың литрден астам заңсыз алкоголь өнімі тәркіленді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ведомстводан хабарлағандай, 26 қарашада Қазақстан-Ресей шекарасында "Ақсай" өткізу пунктінде Қазақстаннан Ресейдің Орынбор қаласына бара жатқан жүк көлігі тексерілді. Ресей азаматының атына тіркелген көліктен Бөрлі ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының қызметкерлері ілеспе жүк құжаты жоқ 16 200 литр (324 кег) алкоголь өнімін тапты.

Жүк тасымалында "Этил спирті мен алкоголь өнімінің өндірілуін және айналымын мемлекеттік реттеу туралы" ҚР №429-І Заңының 9-бабы 5-тармағының талаптары бұзылған. Кірістер басқармасының қызметкерлері тексеру актісін жасап, жүк көлігін айып тұрағына жеткізді. Құны 2,6 млн теңге болатын 16 200 литр алкоголь өнімі тәркіленді.
РФ азаматына қатысты ҚР ӘҚБТК-нің 282-бабының 7-тармағы 3-тармақшасы бойынша жасалған әкімшілік материал Бөрлі аудандық сотына берілді. Бөрлі аудандық сотының 10 желтоқсандағы қаулысына сәйкес, РФ азаматы 50 АЕК (126 250 теңге) айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды және барлық алкоголь өнімі тәркіленді, - делінген хабарламада.

Өзгелердің жаңалығы