Бұл мәселенің шешімі әлі табылмай келеді: Министр Маминнен 1 айда шаруасын реттеп беруді сұрады

14 Шілде 2020, 13:31
1365
Бөлісу:
Бұл мәселенің шешімі әлі табылмай келеді: Министр Маминнен 1 айда шаруасын реттеп беруді сұрады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Премьер-министрден әкімдіктерге бір ай ішінде заңсыз қоқыстарды жоюды тапсыруды сұрады.

Қазіргі уақытта еліміздегі үш мыңнан астам полигонда 125 млн тоннадан аса қатты тұрмыстық қалдықтар жиналған. Жыл сайын 5 млн тонна көлемінде қосымша қалдық қалыптасады. Тұрмыстық қалдықтарды өңдеу үлесі 2018 жылы 11,5%-дан 2019 жылдың қорытындысы бойынша 14,9%-ға дейін өсті. Қайта өңдеудің жоғары үлесі Маңғыстау, Алматы облыстарында және Шымкент қаласында тіркелді. Ал төмен көрсеткіштер Ақмола, Шығыс және Батыс Қазақстан облыстарында байқалды. Еліміздегі қоқыс полигондардың сыйымдылығы негізі толатын шегіне жетіп қойған. Оған қоса 3300 полигонның 82% экологиялық және санитарлық нормаларға сәйкес келмейді, - деді Мағзұм Мырзағалиев Үкімет отырысында.
Оның айтуынша, жылдар бойы заңсыз қоқыс орындары көбеюде. 
Шыны керек, бұл мәселенің шешімі әлі табылмай келеді. "Қазақстан ғарыш сапары" компаниясының ғарыштық мониторингі аясында 11 шілдедегі жағдай бойынша осындай 7,5 мыңнан астам қоқыс орны анықталды. Біз әкімдіктермен бірлесіп, оларды жою жоспарын әзірледік. Құрметті Асқар Ұзақбайұлы, әкімдіктерге бір ай ішінде заңсыз қоқыстарды жоюды тапсыруды сұраймын, - деді министр. 
Ол жаңа заңсыз қоқыс орындарының пайда болуына барынша жол бермеу қажеттігін атап өтті. Сол үшін қоғамдық рейд өткізіп, анықталған фактілерді жұртқа жария ету керек деп отыр.

Осы мәселені жүйелі түрде шешу үшін жаңа Экология кодексінде қоқыс шығаратын көліктерге GPS датчиктерді міндетті түрде орнату шаралары көзделген. Қоқыстан энергия өндіру. Айтуынша, қоқыс шығару тарифінің төмен болуына байланысты қоқыс өңдеу саласы инвесторлардың қызығушылығын тудыра қоймайды.  
Осыған орай мемлекет басшысының "Waste to Energy" технологиясын енгізу мақсатында заңға тиісті өзгерістер енгізілуде. Мәжіліс түзетулерді мақұлдады, заң жобасын күзде сенат қарайды, - деп атап өтті Мағзұм Мырзағалиев.


Өзгелердің жаңалығы