Қазығұрттық бағбан 50 мың гүлді сатылымға шығармақ

3 Наурыз 2019, 15:25
1989
Бөлісу:
Қазығұрттық бағбан 50 мың гүлді сатылымға шығармақ

Астана, BAQ.KZ. Түркістан облысы Қазығұрт ауданында тұратын кәсіпкер 8 - наурыз Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында 50 мың дана раушан гүлін сатылымға шығармақ.

«Гул Мансур» ЖШС-нің 1,5 гектар жылыжайында бүгінде «Черная магия» тұқымды раушан гүлі күтіп, бапталуда, деп мәлімдейді Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Гүл өсірумен айналысатын шаруа қожалық 2013 жылы екі жанұяның бірігуімен құрылған. Жобаның кұны 15 млн теңгені құрайды. Қазіргі таңда серіктестіктің меншігінде 2,5 гектар егістік жер бар. Оның 1,5 гектары жылыжай. Онда «Черная магия» тұқымды раушан гүлі өсіріледі. Қожалық иесі гүлдерге сұраныс жыл өткен сайын артып келе жатқанын айтады.

«Гүлді алғаш рет 2013 жылы 0,40 гектарға егіп көрген болатынбыз. Нәтижесінде гүлге деген сұранысты байқап, жылыжай көлемін 1,5 гектарға дейін ұлғайттық. 2018 жылы 45 мың дана гүл дайындалып, ауыл, аудан және облыс көлемінде сатылымға шығарып, табысқа кенелдік. Биыл түсім одан да жақсы болады деген үміттеміз», – дейді қожалық иесі.

Қожалық бүгінде 4 адамды жұмыспен қамтып отыр. Маусым кезінде мұндағы жұмысшылар саны 25-ке жетеді. Әрбір қызметкерге 70 мың теңге көлемінде еңбекақы төленеді.

Өзгелердің жаңалығы