Назарбаев Азия мен Еуропаның екі ірі ұйымының потеницалын біріктіруді ұсынды

12 Қараша 2019, 10:56
1968
Бөлісу:
Назарбаев Азия мен Еуропаның екі ірі ұйымының потеницалын біріктіруді ұсынды
Фото: Артём Чурсинов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстанның Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес пен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) потенциалын біріктіруді ұсынды.

2020 жылы ЕҚЫҰ-ның Астана декларациясының қабылданғанына 10 жыл толады. Осы ретте Нұрсұлтан Назарбаев Еуроатлантикалық және Еуразиялық қауіпсіздіктің біртұтас қоғамдастығын қалыптастыру маңыздылығын атап өтті. 

Бұл мәселелерді Азия құрлығының 27 мемлекетінің басын қосқан Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) пен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) әлеуетін біріктіру арқылы тиімді шешуге болады. Сол арқылы біз Еуразияның жаһандық қауіпсіздігін қамтамасыз ете аламыз, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Ол сарапшылардың 65%-ы құрылымдарды біріктіру Еуразияның негізгі мәселелерін тиімді шешеді деп санайтынын айтты.

Елбасы Астана клубының алаңын жоғары деңгейдегі келіссөздерге дайындықтың бастапқы кезеңі ретінде пайдалануды ұсынды.

Айта кетейік, "Astana club" саяси форумының биылғы отырысы халықаралық пікірталас алаңының құрылғанына бес жыл толуына орай өтіп жатыр. Елордада әлемнің түкпір-түкпірінен келген маңдайалды сарапшылар Еуразия құрлығы үшін 2020 жылдағы 10 басты сын-қатердің тізімін жариялады. ҚР Тұңғыш президенті – Елбасы қоры мен әлемдік экономика және саясат институты ұйымдастырған жобаға жаһанның 50-ден астам беделді саясаткерлері бас қосты. Тақырып: "Үлкен Еуразияны құру: серіктестіктің жаңа үлгісі". Спикерлер арасында бұрынғы мемлекет және үкімет басшылары, министрлер мен Нобель сыйлығының лауреаттары бар.

Өзгелердің жаңалығы