Азия чемпионаты. Бүгін – финал

21 Сәуір 2019, 11:29
1848
Бөлісу:
Азия чемпионаты. Бүгін – финал
Фото: автордан

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Азия құрлығының төсіндегі айтулы оқиға – Ұлттық ат спорты түрлерінен Жастар арасындағы тұңғыш Азия чемпионатының шешуші кезеңі. Нақтырақ айтсақ, Қазақстан мен Моңғолия көкпаршылары арасындағы финалдық кездесу.

А тобында дүбірлі доданың көркін қыздырған жерлестеріміз әуелгі кездесуде өзбестандық көкпаршыларды 13:2 есебімен ойсырата ұтқан болатын. Топтық кезеңнің екінші кездесуінде ел құрамасы есепті 10:3-ке жеткізіп, өз тобындағы екі қарсыласты да айқын басымдықпен тізе бүктірген еді.

Ал Б тобында көш бастаған моңғолиялық палуандар чемпионат басталған күні-ақ алғашқы ойынын жеңіспен бастады. Алғашқы қарсыласы – Тәжікстан жігіттерін 4:2-мен жеңсе, келесі қарсыласы – Қытай құрамасын 5:3 есебімен есеңгіреткен еді. Топтағы тағы бір білікті қарсылас – ресейлік өрендерді 5:3-пен тізе бүктіріп, финалға жолдама алған болатын.

Екі құрама да осал емес. Дегенмен жерлестеріміздің жеңіске деген мүмкіндігі жоғары екенін де айта кеткен абзал.

Сонымен қатар, бүгін Қытай мен Өзбекстан құрамалары арасында үшінші орын үшін кездесу өтеді.

Ал финалдық кездесулердің соңы Жастар арасындағы алғашқы Азия чемпионатының жеңімпаздарын марапаттау рәсімемен жалғасады.

Өзгелердің жаңалығы