Бас жаңалықтар
Азия чемпионаты аясында ерекше сайыс өтті
21 Сәуiр 2019, 10:34 899

Азия чемпионаты аясында ерекше сайыс өтті

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматыда өтіп жатқан Жастар арасындағы тұңғыш Азия чемпионаты өтіп жатқан «Байсерке» ипподромында ат әбзелдерін жасайтын шебер чемпионатқа қатысқан спортшылар арасында ерекше сайыс өткізді.

Айдос Садықов ат әбзелдерін, көкпарға керек құрал-жабдықтарды жасап сатумен айналысады. Оның қолынан шыққан арқан-жіп, көкпар етігі, қамшы, көкпар ері, тіпті көкпаршыларға арнап тігілген қолғаптармен бөріктер жоғары сұранысқа ие.

«Бүгінгі таңда елімізде ұлттық спортты қызықтайтын, сонымен айналысуға құштар жастардың саны артып келеді. Соған орай ат әбзелдеріне деген сұраныс та көбейді. Бұрын жабдықтың барлығын Ресейден, Қырғызстаннан таситын едік. Енді өзіміз жасай бастадық. Көшпелі өмірі салтын сақтаған еліміз үшін ер-тұрман жасау таңсық емес. Дегенмен, қазіргі заман талабына бейімделген, ауылдан гөрі қаладағы қайнаған өмірге көбірек бүйрегі бұрып тұратын жастардан неге тері илеп, таспа тіліп, қаптал шауып, етік ұлтарып осында жүр деп ұстап отыра алмайсыз ғой» - дейді Айбек.

Сонымен Айдос жігіттер арасында арқан тартудан сайыс өткізді. Моңғолия құрамасы, Өзбекстан құрамасы және Қазақстан құрамасы арасында өткен тартыста жерлестеріміз дес бермеді. Өзбекстан жігіттері екінші орын алса, моңғолиялық құрама үшінші орынды місе тұтты.

Жеңімпаздарға берілген сыйлықтар да ерекше болды.

Қазақстан құрамасын тартысқа жұмылдырған танымал көкпаршы, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы, ҚР Ұлттық құрама командасының бас бапкері Қуан Құрамаевтың қуанышында шек жоқ.

Бірінші орын алған қазақстандық жеңімпаздар бір-бір қамшыға ие болды.

Екінші орын алған өзбекстандық жеңімпаздарға көкпарға киетін бас киім – бөрік сыйлады.

Үшінші орынға ие болған Баян-Өлгийден келген жігіттер көкпаршы қолғабын алды.

Айдостың жомарттығы жиналған спортшыларды тәнтті етті.

«Бұл атымды шығарып, баршылығымды көрсету үшін жасалған дүние емес. Осында жүрген жігіттердің көңілін көтеріп, ынталандыру, екіншіден ұлттық бұйымдарымызды насихаттау мақсатында жасалып отыр. Бұған дейін де осындай жиындарда жиі өткізіп тұрамын. Сонымен қатар, ұлттық спортымызға керек бұйымдарды шетелден келген спортшыларға таныстырып, сол жақта да дәріптеу» - дейді Айдос Садықов.

Айдостың ұйымдастыратын келесі сайысы серке (муляж) көтеру. Бұл сайысқа да қызығушылар көп. 

Жастар арасында 800 рет көтергендер де бар екен. 


Мұнда берілетін жүлде - бірінші орынға (муляж), екінші орынға - ер, үшінші орынға - жүген.

Оның айтуына қарағанда, ұлттық спортқа керек бұйымдарды жасаумен айналысқанына 5 жылдан асқан. Оның қолынан шығатын бұйымның барлығы отандық өнім, яғни отандық өндірушілердің материалдарынан жасайды. Мысалы, былғары мен матаны Шымкенттен алса, қайыс, ағаш, темір қатарлы заттар жергілікті жердің өнімі.


"Қарамағымда 6 адам жұміс істейді. Олардың барлығыда жастар. Алдағы уақытта қамшы өру, таспа тілу, бөрік тігуден мастер-класстар өткізу жоспарда бар. Елбасымыздың өзі 2019 жылды Жастар жылы деп жариялады. Бұл жастарға беріліп отырған үлкен мүмкіндік. Сонымен қатар Нұрсұлтан Әбішұлы "Ұлы даланың жеті қыры" мақаласында ұлттық руханиятымызды, атқа міну мәдениетін дамытуды тапсырды. Тұңғыш президентіміздің айтқанын біз орындамағанда, басқа елдің адамы жасап бермесі анық қой. Сондықтан, ұлттық құндылықтармызды, дәстүрімізді дәріптеу бізге қай кезде де керек" - дейді ол.

Естеріңізге сала кетейік, Алматы облысы, Талғар ауданы, Панфилов ауылындағы "Байсерке" атшабарында ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының ұйымдастыруымен Жастар арасындағы тұңғыш Азия чемпионаты өтіп жатыр. Бүгін чемпионаттың салтанатты рәсімі өтеді. 


Фото: автордан

Сізден жаңалық