Қазір өзара айып тағу мен есеп айырысатын уақыт емес – Қарин

14 Шілде 2020, 12:50
2206
Бөлісу:
Қазір өзара айып тағу мен есеп айырысатын уақыт емес – Қарин

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Президент кеңесшісі Ерлан Қарин Instagram парақшасында бұл індет бір ұлттың ғана емес, бүкіл адамзаттың көңілін құлазытып отырғанын айтып, халықты бірлікке шақырды. 

Әр елдің тарихында қуанышты да, өкінішке қарай, қайғылы да сәттер болады. Бүгінгі күні біз де мемлекетіміздің тарихында қиындыққа толы, бірлігіміз бен рухымызды сынайтын сын сағатты бастан кешудеміз. Кеше Ұлттық аза тұту күні өтті. Мемлекет басшысы Ақорда төбесіндегі төмен түсірілген көк байрағымыздың алдында әлемді жайлаған коронавирустан мезгілсіз қаза болған азаматтарымызды құрметпен бір минут еске алды. Індет кесірінен арамыздан ерте кеткен отандастарымыздың отбасыларына, туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты, - дейді Ерлан Қарин.

Ол қазіргі күрделі кезеңде бірлік пен ынтымақ ауадай қажет екенін айтты.
Кешегі қаралы күні еліміздің түпкір-түпкірінде қаза болғандардың рухтарына тағзым етіліп, қарапайым азаматтарымыз үйлерінде жеті шелпек пісіріп, иіс шығарды. Мешіттерде имамдарымыз құран бағыштап, Алладан мейірім сұрады. Бірақ күрес әлі жалғасып жатыр. Сондықтан баршамыз еңсемізді көтеріп, күреске қайтадан бір жұдырықтай болып, жұмылуымыз керек. Әйтпесе, бұл індет бізді жұта береді. Осы сын сағатта бәріміз үшін бірлік пен ынтымақ ауадай қажет, - деді кеңесші.

Ол атап өткендей, қазір өзара айып тағу мен бір-бірімізбен есеп айырысатын кез емес.
Білемін, биліктің өкілі бірлікке шақырса, үгіт насихат сияқты көрінеді. Бірақ, бұл сөздер бәрібір де айтылуы тиіс. Өйткені, қазір өзара айып тағу мен бір-бірімізбен есеп айырысатын, дауласып, айтысып отыратын уақыт емес. Керісінше, өзара түрлі дау, ренішті тоқтатып, бірігетін кез. Бір-бірімізге қолдау көрсетіп, тірек болатын кез. Әсіресе, осы індетпен күрестің алғы шебінде жүрген отандастарымызға қолдау көрсетейік. Жағдайдың күрделілігіне қарамастан қаншама адам емделіп шығып жатыр. Медицина, полиция қызметкерлері төрт ай күндіз-түні, демалыссыз жұмыс істеуде. Сондықтан бәрі күйреді деп асыра сілтеуге тағы болмайды. Жоғын да, барын да бірге айтайық. Қазір өзімізге өзіміз жігер бермесек болмайды. Осы күні жай ғана бір ауыз жылы сөздің өзі – үлкен қолдау, - деді ол. 

Қарин бұл ауру өкпе мен жүрекке ғана емес, сонымен бірге, адамның рухына да соққы беретінін айтты.
Осы індетпен күресіп шыққан, қазір де өмір үшін күрес жүргізіп жатқан көптеген танысымның хал-жағдайын біліп хабарласқанымда, бір байқағаным – бұл ауру өкпе мен жүрекке ғана емес, сонымен бірге, адамның рухына да соққы беріп, көңілін құлазытып, еңсесін түсіріп, езіп жіберетін сырқат екен. Ал енді бұл індет бір ұлттың ғана емес, бүкіл адамзаттың көңілін құлазытып отыр. Сондықтан еңсемізді көтерейік! Біз бірге болсақ қана бұл жауды жеңе аламыз, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы