Ажырасқан әкелердің 30% баласымен кездесу құқығынан айырылған

11 Қаңтар 2019, 11:22
2043
Бөлісу:
Ажырасқан әкелердің 30% баласымен кездесу құқығынан айырылған

Астана, baq.kz тілшісі. Қазақстанда әрбір үшінші неке ажырасумен аяқталады. Олардың 83 пайызында кәмелеттік жасқа толмаған бала бар. Бұл туралы Астана қаласында "Қазақстан әйелдері Ассосациясы" қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған шарада айтылды. 

Психологтар, заңгерлер, педагогтардың қатысуымен өткен шарада жұбайлардың некесі бұзылғаннан кейінгі кәмелеттік жасқа толмаған балалардың тұратын жерін айқындау мен кездесу тәртібін тағайындауда балалар мен ата-аналарға әлеуметтік-психологиялық және психологиялық-педагогикалық зерттеулер өткізу туралы ережелерді өңдеді.

"Бұл шараға Маңғыстау, Қызылорда облыстары мен Шымкент қаласынан басқа облыстардың бәрінен өкілдер келіп отыр. 2018 жылы "Ажырасудан кейін ата-ана мен балалар арасындағы гендерлік қарым-қатынас  мәдениетін қалыптастыру және сақтап қалу" жобасын қолға алдық. Бізге Астана қаласы әкімі жанындағы әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат комиссиясы пен АҚШ елшілігі қолдау білдірді. Бұл нормативтік құжатты қабылдау үшін жұмыс тобы құрылды", - дейді "Қазақстан әйелдері Ассосациясы" қоғамдық бірлестігінің президенті Гүлнар Аманжолқызы.

Қазіргі уақытта ата-ана ажырасқаннан кейін бала кіммен қалады деген үлкен мәселе туындап отыр.

"Ажырасқан әкелердің 30 проценті сот шешіміне қарамастан балаларымен қарым-қатынас жасау мүмкіндігінен айырылған, сондықтан сотқа қайта жүгінуге мәжбүр. Бұл сұрақтар бойынша ювеналды соттар кәмелетке толмаған балалардың құқығы мен бостандығын қорғауды ескере отырып, психологтардың қатысуымен шешім қабылдайды", - дейді ол.

Автор: Зарина ӘБІЛМӘЖІНОВА

Өзгелердің жаңалығы