"Әжетхана күзетпеген" мұғалімді ұстап әкеткен полицей қызметінен шеттетілді

15 Желтоқсан 2019, 10:41
9464
Бөлісу:
"Әжетхана күзетпеген" мұғалімді ұстап әкеткен полицей қызметінен шеттетілді
PHOTO VIDEO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістандағы №15 мектептің мұғалімін әжетхана күзетпегені үшін ұстап әкеткен қалалық полиция бөлімінің бастығы қызметінен шеттетілді. 

Бұл туралы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. 

13 желтоқсан күні Түркістан қаласындағы орта мектеп мұғалімін полиция бөліміне жеткізу фактісі бойынша ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың бұйрығымен қалалық полиция бөлімінің басшылығына қатысты қызметтік тексеру жүріп жатыр. Тергеу кезінде ішкі істер органдары қызметкерлерінің мұғалімге қатысты іс-әрекетінің қаншалықты заңдылығына баға беріледі. Сондай-ақ, Түркістан қаласы ішкі істер басқармасы бастығының лауазымын асыра пайдалану фактісінің бар-жоғы анықталады, - делінген ресми хабарламада.

Осылайша, облыстық полиция департаменті басшысының бұйрығымен Түркістан қалалық полиция басқармасы бастығы Данияр Мейірхан қызметтік тексеру аяқталғанға дейін қызметінен шеттетілді. 

WhatsApp Image 2019-12-15 at 10.11.32.jpeg

Еске сала кетейік, Түркістанда Мағжан Жұмабаев атындағы №15 орта мектептің мұғалімі Бақыт Кеукенов "әжетхана күзетпегені үшін" жазықты болған еді. 

31 жылдық өтілі бар ұстазды қалалық ішкі істер бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Данияр Мейірхан бастаған бір топ полицей ұстап әкеткен. Мектеп директоры К. Әбдіқадырованың жазуынша, мұғалім аяқ киімінен су өткен соң соны ауыстыру үшін мектеп ғимаратына кірген. Алайда, полицейлер қарсылық көрсеткеніне қарамастан ұстаздың қолын қайырып, бөлімшеге әкетіп қалған. 

Кейін бұл жағдайды естіген білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мұғалімге араша түскен болатын. 

Түркістан қаласындағы №15 мектептің мұғаліміне қатысты орын алған оқиғаға ұқсас жағдайларға мүлдем жол берілмеуі тиіс. Білім және ғылым министрлігі тарапынан бұл мұғалімді қорғау бойынша барлық қажетті шаралар қабылданатын болады. Сондай-ақ, аталған оқиғаға қатысы бар адамдарды жауапкершілікке тартуды талап ететін боламыз. Оның ішінде, мектеп әкімшілігі мен білім бөліміне де қатысты. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету - ыңғайлы және қауіпсіз жағдай жасау арқылы жүзеге асырылуы тиіс деп санаймын. Егер осындай фактілер қайталанатын болса, қатаң шаралар қолданылатын болады. Орын алған жағдайдың себептерін жан-жақты түсіну үшін мұғаліммен телефон арқылы сөйлестім. Жағдай менің жеке бақылауымда, - деп жазды Аймағамбетов өзінің Facebook-тегі парақшасында.

Мектеп мұғалімін "әжетхана күзетпегені үшін" ұстап әкеткен қалалық полиция бөлімінің бастығы Данияр Мейірхан ұстаздан кешірім сұрады. 

Өзгелердің жаңалығы