Ажал құшқан жаңалық жаршылары

6 Шілде 2020, 17:46
9656
Бөлісу:
Ажал құшқан жаңалық жаршылары

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Соңғы уақытта дерттен көз жұмған адамдардың саны артты. Әлеуметтік желі көңіл айту мен қаралы хабарды естіртуден босамай қалды. Өкінішке қарай, мезгілсіз қайтыс болғандардың арасында журналистика саласына үлес қосқан, қаламы қарымды ақпарат саласының майталмандары да аз емес.

Спортшылар арасында "қазақ боксының Левитаны" атанып кеткен Аман Әжібаев ағамыз бүгін бақилық болды. Әжібаев талай халықаралық және отандық турнирлердің анонсері болған.

1 тамызда Балқашқа турнирге барамын, ана сенің ағаң хабарласып, шақырып қойды" деп алдағы жарыс жоспарлармен бөлісіп еді. Бірақ ол күндерге жете алмай қалыпты ғой. Амал қанша... Алла алдыңыздан жарылқасын, жақсы аға! Отбасыңызға, туған-туыстарыңызға, әріптес жолдастарыңызға көңіл айтамыз, - деп жазды QAZSPORT телеарнасының редакторы Бейбітгүл Әбдіғаппарқызы.

Бүгіндікке тағы бір қаралы хабар. Журналист Жолдасбек Дуанабай да өмірден өткен. Көп жылдар бойы "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген журналистика майталманы туралы желіде естелік жазбалар аз емес.

Сексенінші жылдардың соңына қарай Алматының стадиондарында бағалы сыйлықтар ойнатыла бастады. Бір күні бесінші жатақхана гуілдеп қоя берді. "Жолдасбек көгалдағы хоккей ойынына барып, мыңдаған жанкүйердің арасынан жалғыз өзі қымбат спорт костюмін ұтып алыпты", - десті. "Тәйірі сол да жаңалық болып па!" - дедік те қойдық. Арада ай өтпей сол жатақхана тағы гуілдеп қоя берсін. Жолдасбек бұл жолы "Қайраттың" ойынына барып, отыз мың адамның ішінен өзі ғана су жаңа мәшине ұтыпты. Төменге жүгіріп түсіп, көріп жатырмыз. Журфактың жатақханасының алдында көк "Москвич" тұр. Жөкең онша менсініп тұрған жоқ. "Ауылдан ағам келіп алып кетеді. Соған сыйладым. Өзім тағы да ұтам ғой", - деп жымияды. Қайран, Жөкем! Өткенде ғана "Жолы болғыш Жолдасбек" деп тақырыбын қойып, өзің жайлы бірдеңе жазғым келген. Қайдан білейін, "қаранақұрыстан" жолың болмайтынын...Әлі сене алмай отырмын. Топырағың торқа болсын, бауырым! Бақұл бол, қазақ журналистикасының тағы бір талантты ұлы, - деп жазды Арман Сқабылұлы.

 WhatsApp Image 2020-07-06 at 15.57.34.jpeg

Томпаңдап жүріп қазақ журналистикасының бар ауыртпалығын көтерген Жөкем, иманды болыңыз... Жақында ғана "Берекетте" түстеніп отырғанымызда жарқырап амандасып: "Жігіттер, қол беріп амандасуға болмай тұр. Қалайсыңдар?" - деп жайдары сөйлеп, кеудесін ие ишарат жасап еді... Ажалға қол беріп қойғаныңыз қалай?.. Сіздегі өмір нұры телегей-теңіз еді ғой. Журналистикадағы жанкешті едіңіз. Алла алдыңыздан жарылқасын, аға-оу..., - деп жазды Есей Жеңісұлы.

Сондай-ақ, Қамбар Ахметов те жан тебірентерлік жазба қалдырды.

"Айқын" газетінде жүргенде күн сайын қоңырау соғатын. "Қалай жағдайың, бауырым?" деп бастайтын. Саңқылдап сөйлейтін еді. Үнемі көңілді жүретін. Алдымен әзіл айтып, көңіліңді көтеріп алатын. Тапсырмаға содан кейін көшетін. Сонау Алматыда отырып, Қарағандыдағы мәселелерді бізден бұрын біліп отыратын еді. Ылғи бір тың тақырыптарды тауып беріп жүруші еді. Мақала шыққан соң ерінбей тағы хабарласып, пікірін, ақыл-кеңесін айтатын. Сәл жетістігімізге бола мақтап, қанаттандырып отыратын. Қарыздармыз. Өзі де көп журналистің ойына түспейтін ерекше дүниелерді бұрқыратып жазып жататын. "Айқын аптадағы" ең қызықты мақалаларды Жолдасбек Дуанабай аға жазушы еді. Көңіл құлазып қалды. Жаман індет жақсыларымызға жаудай тиді ғой. Қош болыңыз, аға, - деп жазды ол.

Бұл қатарды, өкінішке қарай, бүгін Зиядин Саябек толықтырды.

WhatsApp Image 2020-07-06 at 15.57.35.jpeg

Ол 2000-2016 жылдар аралығында Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті "Қаржы" кафедрасының аға оқытушысы, доцент. Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетінің "Қаржы және есеп" кафедрасының меңгерушісі, факультет деканы қызметтерін атқарған.

2016-2017 жылдар аралығында Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университеті Экономика факультетінің деканы;

2017-2019 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Экономикалық зерттеу орталығының директоры;

2019-2020 жылдар аралығында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Бизнес технологиялар кафедрасы меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарды.

2020 жылдың мамыр айынан Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры қызметін атқарды.

Айналасына күлкі-қуаныш сыйлап, жүрген жерін мейірімге бөлеп жүретін, кең пейілді, жомарт жан еді. Ғалым, ұлағатты ұстаз, кәсіпкер, телережиссер, газет редакторы, әртүрлі жоба жетекшісі болған ағамыздың бойында жігітке жетерлік өнердің бәрі бар еді. Үйінен қонақ үзілмейтін. Қазақтың дәстүрлі өнерінің, әнші, жыршы, термеші қауымның нағыз жанашыры еді. Құран жаттаған жас балаларды да жұма сайын үйіне шақырып, оларға да қолғабыс беріп отыратын. Сәкеңмен олимпиада, теннис, мәнерлеп сырғанау, биатлон сияқты спорт түрлерін бірге отырып тамашалау да бір ғанибет балатын. Экранның ар жағында отырып-ақ тікелей эфирде өнер көрсетіп жатқан біздің спортшыларымызды демеп, құран-дұға оқып, үшкіріп отырғанын тамашалаудың өзі бір ерекше көрініс еді, - деп жазды Гүлмира Сұлтан.

Ол досының Семей қаласының бұқаралық ақпарат саласын дамытудағы орны да ерекше екенін атады.

Семей телерадио кешенінде Сәкеңнің режиссерлығымен дүниеге келген талай туынды бар. 15 жыл бұрын түсірілген "Шәкәрім тағылымы" документалды сериалы да әлі күнге өз маңыздылығын жойған жоқ. Өзінің 42 жылдық аз ғана ғұмырында талай белестерді бағындырған нар тұлға еді. Экономика ғылымдарының докторы, профессор, жүздеген әлемдік деңгейдегі ғылыми мақаланың, бірнеше монографияның авторы болды. Ағамыздың жұбайы Кенже апайымызға, артында қалған төрт балапанға, туған-туыстарына қайғыра көңіл айтамын! Қош, жан аға, Қош! Алла оң жақ алдыңнан жарылқасын, - деп күйінгенін жеткізді ол.

Күні кеше спорт журналисі Диас Омаров та о дүниеге кете барды.

WhatsApp Image 2020-07-06 at 15.58.34.jpeg

Диас Омаров 1940 жылдың 20 қазанында дүниеге келген. Қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология факультетінің журналистика бөлімшесінде білім алған. 1966 жылдан Қазтелерадионың спорт комментаторы болған. Ал 1998 жылдан "Хабар" телеарнасында спорт комментаторы ретінде жұмыс істеген.

Диас Омаров "Қайрат" командасында ойнаған. Қазақ журналистика академиясының академигі. "Советский спорт", "Труд" басылымдарында, республикалық басылымдарда жарияланған көптеген мақаланың авторы.

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева Диас ағамыз туралы жазба қалдырды.

Бүгін қазақ журналистикасы тағы бір жарық жұлдызынан айырылды. Сексенге қараған шағында елге әйгілі спортшы, атақты футбол комментаторы Омаров Диас Ілиясұлы дүниеден өтті. Бүкіл саналы ғұмырын спортқа арнап, спорт журналистикасының өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан Диас Ілиясұлының өнегелі өмірі барша журналистер қауымына үлгі болып қалады. Бұл дүниеде мәңгілік ештеңе жоқ. Алайда, дана халқымыз "Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді деп айтады, - деді Аида Балаева.

Сондай-ақ, 1 шілде күні "Казахстанская правда" республикалық газетінде 20 жыл қызмет еткен Вадим Махин өмірден озды.

Вадим Махин 78 жасында Алматыда қайтыс болды.

Ол 1941 жылы 8 қыркүйекте қазіргі Семей қаласында дүниеге келген. Үйленген, екі баласы бар.

1959-1964 жылдар аралығында Алматыдағы Қазақ мемелекеттік университетінің журналистика факультетінде оқыған. 

1966-1975 жылдар аралығында Алматыда бұқаралық ақпарат құралдары саласында жұмыс істеді.

1995 жылы "Казахстанская правда" газетіне қызметке орналасты. Махин бұл редакцияда 20 жыл жұмыс істеді.

Сондай-ақ, 2 шілде "Астана" радиосының негізін қалаған білікті маман, "Алтын дауыс" иесі, қазақ тіліндегі диджейлер командасын жасақтаған ардагер журналист Жанат Қабылдаұлы да мәңгілік сапарға аттанды.

Жанат Халықов 1967 жылы Алматы облысында туған.

WhatsApp Image 2020-07-06 at 15.58.03.jpeg

1998 жылы Алматыдан елордаға қоныс аударған. "Астана" радиосының негізін қалаушылардың бірі.

Радиоға дейін "Хабар" және "Шаһар" телеарнасында қызмет еткен. Қазақ телевизисында 1993-1998 жылдары диктор болған.

Оған дейін "Шахар" телеарнасында жұмыс істеген. “Сақшы”, “На страже” газеттері алғаш елордаға қоныс аударғанда директор болып, салалық басылымдардың өркендеуіне үлес қосқан. Саналы ғұмырын телеарна мен радио ісіне арнаған. Қазақ диджейлерін тәрбиелеген ұстаз.

90-жылдардың соңы. Алматыда жекеменшік радиода Бағдат Қожахметов, Айдос Аманбай, Досымбек Өтеғалиев, Жанат Қалықов, бәріміз бір ұжымда жұмыс істедік. Үйленгені бар, үйленбегені бар, күнде бірге шай ішеміз, әңгіме-дүкен құрамыз, қонаққа барамыз, қызық еді өмір. Сонда ақшамыз да жоқ қыдыратын. Көңіл-ниетіміз таза, барымызбен бөлісетінбіз. Бүгін Жанаттың бақилық болғанын естіп, есеңгіреп қалдым, еш қабылдай алар емеспін. Жас қой, жас әлі. Неге жастарымыз кетіп жатыр? Неге құтқара алмай жатырмыз? Неге көмектесе алмаймыз? Не болып кетті? Неге ел сандалып кетті? Енді өзіміз диагноз қойып, өзіміз укол салуды үйрену ғана қалды. Жанаттың отбасына, туған туыстарына көңіл айтамын, - деп жазды танымал тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы.

1984 жылы өмірге келген журналист Хайратбек Зұлхажав та көз жұмды. Қарағанды Теміртау қалаларында көп жыл бойы тележүргізуші және тілші болып жұмыс істеген. Кейін елордаға қоныс аударып, еңбек жолын осы жақта жалғастырған. Марқұмның артында үш қызы қалды.

WhatsApp Image 2020-07-06 at 15.58.13.jpeg

Зұлхажавпен жұмыс істеген әріптестері оның көңіл-күйі үнемі көтеріңкі болатынын айтады.

Аузын ашса, жүрегі көрінетін ақкөңіл жігіт еді. Тым ерте кетті. Амал не? Жаны жәннатта болсын, - дейді әріптестері.

Қуандық Шамахайұлы 23 маусымда COVID-19 жұқтырды деген күдікпен жедел жәрдем қызметі арқылы Нұр-Сұлтан қаласындағы ауруханаға түсіп, сол жерде жан тәсілім етті.

Қуандық Шамахайұлы 1960 жылы Моңғолияда туған. ҚР Мәдениет қайраткері, филология ғылымдарының кандидаты, әдебиеттану доценті. 1993 жылы Мадридтегі Халықаралық журналистер ұйымына мүшелікке өтіп, БҰҰ мен ЮНЕСКО мойындаған халықаралық журналист деген арнайы мәртебеге ие болған.

WhatsApp Image 2020-07-06 at 15.58.23.jpeg

АҚШ, Жапония, Колумбия, Канада, Швейцария, Қытай, Ресей, Моңғолия жазушыларының таңдаулы шығармаларын қазақ тіліне аударды. Альфрейд Нобель атындағы әдебиет сыйлығын әр жылдарда алған жазушылардың таңдаулы әңгімелерінен де арнайы аударып, әдеби басылымдар мен порталдар арқылы оқырманға ұсынды.

"Таскене", "Сексеуіл бүршік жарғанда" романдарының, "Кішкентай адам", "Сағым жыл" әңгімелерінің авторы. 

1994 жылдан бері еліміздің жетекші университеттерінде журналистика, мәдениеттану, қоғаммен байланыс, этика, әдебиет теориясы, аударма ісінің теориясы, әлем әдебиеті салалары бойынша дәріс беріп келген.

Сондай-ақ, тілші-педагог, оқу-ағарту ісінің білікті ұйымдастырушысы Қайрат Мамаділ де дүние салды.

WhatsApp Image 2020-07-07 at 10.43.59.jpeg

Қайрат аға да кетіп қалыпты. Алла панасына алсын. Тілші-педагог, оқу-ағарту ісінің білікті ұйымдастырушысы, Еуразия гуманитарлық институтының деканы, үлкен жүректі азамат Қайрат Мамаділ бізге Абай университетінде дәріс оқыды. Кейін елорда төрінде аға-інідей болып, жақын сыйласып кеттік. Фәни жалғанда ағамыздың жұртқа жасаған жақсылығы, ғибратты ісі, көрсеткен өнегесі көп болды. Отбасына, Маржан жеңгейге, ағайын-туысына қайғыға ортақпыз деп көңіл айтамыз. Қадірлі ұстазымыздың иманы жолдас болсын. Қазаның қайырын берсін, - деп жазды әлеуметтік парақасында Қайырбек Кемеңгер. 

"Дөңгеленген дүние" газетінің бас редакторы, Талғат Орманов та өмірден өтті.

Мезгілсіз жақындарынан айырылғандардың туған-туыс, дос-жарандарына қайғырып көңіл айтамыз. Иманды болсын!

Өзгелердің жаңалығы