Азаттықтың отыз жылдығына орай 30 млн теңгеге саябақ салынуда

14 Наурыз 2021, 09:30
1038
Бөлісу:
Азаттықтың отыз жылдығына орай 30 млн теңгеге саябақ салынуда

Жамбыл облысы. BAQ.KZ тілшісі. Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында туған жерге туыңды тігіп, ауылдарды гүлдендіру туралы мәні айрықша бастама көтерген. Осыған орай Жамбыл облысындағы Шу ауданының тумасы Болат Тілеужанов Ақсу ауылылына саябақ салу үстінде.

Болат Бақытжанұлының бұл игілікті жұмысқа 30 миллион теңге шамасында қаражат бөлуімен бүгінгі таңда қызу еңбек басталып кеткен. Айталық, қазір саябақтың сыртқы шекарасы қоршалып жатыр. Сонымен қатар көгалдандыру мақсатында тал-дарақтар отырғызылуда. 

Алдағы уақытта саябақтың ортасынан арнайы сахна мен көрермендерге ыңғайлы орындықтар, кіреберісіне көз тартатын аркасы, күзетшіге арналған бөлмесі, балалар ойнайтын алаңша сынды нысандар тұрғызылмақ. 

Сондай-ақ саябақтың ішінен Ақсу ауылының белгілі тұлғалары мен еңбек ерлерінің есімдері қашалып жазылған ескерткіш тақта бой көтереді. Ал мұның ауылдың жастарына беретін тәлімі мен тағылымы айрықша, - дейді меценат азаматтың әкесі Бақытжан Тілеужанов. 

Айта кетерлігі, ол да ауылдық аймаққа сыйлы, көпшіліктің ахуалына үнемі назар аударып жүретін, мәселелеріне қолғабыс ететін қария. Мәселен, елдімекендегі кедір-бұдыры көп көшені жеке қаражатымен тегістеп, көп шаруаға маңдай терін сіңірген қадірлі ақсақал. 

Ал Болат Бақытжанұлының өзі туған жеріңді өркендетуге үлес қосу – әрбір ер азаматтың парызы екенін айтады. Сол себептен де ол бұл ісіне білек сыбана кіріскен. 

Биылдан қалмай ақсулықтардың игілігіне берілетін саябақ аумағына 600 түп декоративтік талдардың көшеттерін отырғызатын боламыз. Қазірдің өзінде соның 400-ден астамын егіп үлгердік. Бұл сауапты шаруаға ауылдың тұрғындары, жергілікті әкімдіктің өкілдері, өзімнің жақындарым мен туыстарымның да белсене атсалысып жатқаны қуантады. Мысалы,Шу ауданының әкімі Нұржан Календеровтің өзі келіп, ағаш көшетін отырғызып, саябақтың сәні артуына тілеулестігін білдіріп кетті, - дейді кәсіпкер. 

«Қолы ашықтың – жолы ашық» деген халқымыздың жақсы сөзін есіне алған Б.Тілеужанов Әулиеата топырағында туған өлкесінің түлеп-түрленуіне қол ұшын созатын атымтай жомарт азаматтар жетерлік екенін де айтты. Оның сөзінше, ел мақтаған жанның есімі көл-көсір байлығымен емес, елге шапағаты тиетін еңбегімен қалады. 

Жоспарлаған жұмыстарымыз толық аяқталатын болса, дербестігіміздің 30 жылдық мерейтойына орай саябақ нысанын ауыл әкімдігінің меншігіне тарту етуді ойлап отырмын. Бұл қомақты жұмысымыз өзге де замандастарыма үлгі болады деген үміттемін. Әрқайсымыз ауылымыздың, аймағымыздың бір жыртығын жамап беретін болсақ, еліміз де өркендей беретін еді. Мұны Елбасымыз да, марқұм, даңқты жерлесіміз Жақсылық Үшкемпіров ағамыз да жеріне жеткізіп айтқан. Тек соны ұғына алсақ, игі, – дейді шулық меценат.
Өзгелердің жаңалығы